Бір жиында жас шамалары құралпылас екі әйелдің әңгімесіне еріксіз құлақ түрдім. Екеуі де ұл-қыздарын үйлендіріп, жеке-дара үй етіпті. Ананы-мынаны әңгіме етісіп отырып, кенет келіндері жайлы әңгімеледі. Не айтады екен дегендей өзге әйелдер де тына қалған. Ененің келін туралы әңгімесі қызық болады ғой негізі.

Әңгімені жасы кішісі бастады. «Төрт қыздың арасында көзімнің ағы мен қарасындай жалғыз ұлым бар, – деді ол кісі. – Әкелері өмірден ерте озды. Қолым көсеу, шашым сыпырғы болып жүріп бесеуін жеткіздім. Қыз баласы жат жұрттық. Қандай жерге барады? Болашақ күйеуі асырайтын боп кезіге ме? Әлде желкесінде масыл боп отыра ма? Білмейміз ғой. Әйтеуір барған жерінде қор болмасын деп қиналсам да қыздарымды оқытып, мамандық әпердім. Құдай абырой беріп, төртеуі де жақсы жерге барды. Күйеубалаларым да жаман емес. Төртеуі де өз мамандықтары бойынша жұмыс істеп жүр. Жаман аттарын естіртпей, бір-бір үйді дөңгелетіп отыр. Ұлымды еркек қой, кетпен шапса да күнін көрер. Әрі үйде, өзімнің жанымда болады. Күнін көре алмай бара жатса, зейнетақымды берермін, үйдегі мал, дүние бәрі осыныкі ғой деп оқытпадым. Төрт қызымды оқытам, жасау-жабдығын түгендеймін деп өзім де шаршаған екенмін. Бұл баланы мектеп бітірісімен қара жұмысқа салдым. Шыны керек, оқығанынан гөрі, жұмыс істеп ақша тапқаны керек еді маған. Құрылыста істейтін қайныларыма қосып, келінге беретін қалыңмалды өзіне жинатып, ертерек үйлендірдім. Келінім де бір үйдің бетіне қараған жалғыз қызы. Оқыған, дипломы бар. Бірақ келін боп түсісімен жылма-жыл көтеріп, төрт балалы болды. Сөйтіп жұмысқа тұра алмады. Оның үстіне ауылды жерде жұмыс та жоқ қой. Осы кіші баласы алты айдан асқанда балабақшада бір орын босады деп естіп, жұмысқа кіргіздім. Ұлым мектепте күзетші, келінім балабақшада тәрбиеші, өзім зейнеткер, үшеуміз төрт баланы тарықтырмай өсіріп жатырмыз жабылып».

Осылай деп тоқтаған апайдың сөзін жанындағы әйел жалғады. «Келіннің жұмыс істегені жақсы, – деді ол. – Табыс табады әрі бір мезгіл қатар-құрбысымен әңгіме-дүкен құрып, көңілі көтеріліп келеді. Менің үш келінім де жұмыс істейді. Қолымдағы келінімді үйге қарайды деп жұмысқа тұрғызбай жүр едім. Жақында кірді». «Сен де мен құсап келін орнына келін боп отырмын десей онда, – деген бірінші сөз бастаған әйел күліп алды. «Жоқ, – деді оған екіншісі.

 – Неге келін болам? Өзі келін. Мен ене боп отырмын сол баяғы. Азанда ерте тұрып, шайымызды беріп, түскі асымызды әзірлеп кетеді. Кешкі асты жұмыстан келіп өзі істейді. Мен ештеңе істемеймін. Теледидар қарап отырамын, қаласам қыдырып кетемін». «Қойшы, қалай шыдап отырасың? Мен өйтіп қол қусырып қарап отыра алмаймын. Азанда ерте тұрып сиыр сауып, сүтімді пісірем. Табаға нан көміп, немерелеріме ыстық нанға сары май жағып, ыстық сүт ішкізіп, азанғы шайларын беремін. Түсте тамағын істеймін. Кешкі тамақты да өзім істеп, дайындап қоям. Келін жұмыстан келіп құйып беріп, ыдыстарын жуады. Кешке дейін бір тынбаймын. Үйге әңгіме айтқысы келіп көрші әйелдер келеді. Уақытым жоқ олармен отыруға. Немерелерімнің бірі тамақ, бірі шай сұрап, бірі үсті-басын былғап, жанымда тұрады. «Бір бала бір кемпірді өлтіріпті» деуші еді, менікі төртеу ғой тағы. Солармен айқасып жүріп, кештің қалай батқанын білмей қалам. Түнде қатып ұйықтайтын болыппын. Бұрынғыдай түн ортасында ұйқым ашылып кетіп, ойлану деген жоқ бүгінде».

Ол кісінің әңгімесін тыңдап отырып, шынымды айтсам аяп кеттім. Жасы алпыстан асқан адамға үй шаруасын дөңгелетіп, балаға қарау оңай шаруа емес қой. «Баланы өскенше, немерені өлгенше бағасың» дегендей болып тұр ғой сіздікі. Бүйтіп шаршағанша келініңізді кішкене балалары өскенше жұмысқа тұрғызбай қоя тұрмайсыз ба? Сіздің жасыңызда дем алып, ем алып, қыдырып жүру керек қой адам. Өмір бойы бес баланы жетілдірем деп шаршап, енді немере бағып»… – дедім әңгімелеріне араласып.

Ол кісі саспады. «Өзім Құдайдан осыны тілегем. Жалғыз қарамды көбейте гөр, қартайғанда жалғыз мола боп шошайып қалмай, улап-шулап отырайық деп тілеуші едім. Құдай тілеуімді берді. Несіне шаршаймын? Қимыл-қозғалыс денсаулыққа пайдалы. Қайта немерелерімнің қарны ашып қалмасын деп тамағын істеп, жаурап қалмасын деп от жағып жүріп жасарып кеттім бе деймін. Бұрындары қыс түссе тізем қақсап, орнымнан тұра алмай қалушы ем. Қазір еш жерім ауырмай, жүгіріп жүрмін. Үйге қарап, бала бағуға шамам кеп тұрғанда келінім де жұмыс істеп, жайнап жүрсін әдемі болып. Әйтпесе балабасты боп үйден шықпай әбіржіп кетеді ғой», – деді.

Бұл әйелді дастарқан басында отырғандардың бірі қостап, енді бірі келіннің алдында жүгіре берсең, ене боп төбеңе шығып алады деп жаратпағандары да болды. Өз басым риза болдым. Балаларына қарап, үйін тастай ғып отырған адамды басынатын келіні де ақымақ емес шығар. «Сыйға – сый, сыраға – бал» демей ме қазақ. Қалай дегенде де отбасының сүттей ұйып, берекесі кіріп отыруы үйдегі екі әйел – ене мен келіннің татулығына байланысты емес пе?

Зауре ӨКСІМБАЕВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!