Кейінгі жылдары Қызылорда қаласында жедел жәрдем қызметіне жүгінетін жастардың саны айтарлықтай артқан. Бұрын мұндай көмекке көбіне егде жастағы немесе созылмалы аурумен ауыратын адамдар жүгінсе, бүгінде жиырмаға енді толған жас буын жиі хабарласады.

Дәрігерлердің айтуынша, жастардың жедел жәрдем шақыруының басты себебі − тамақтан улану. Яғни мұндай жағдайдың жиілеуіне жастардың жылдам өмір салты әсер етіп отыр. Таңертеңгілік қарбалас, түсте жұмыстан босамау, кешке шаршаған күйде үйге келу – барлығы дұрыс тамақтану мәдениетін ұмыттырған. Қызылорда облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, биылдың өзінде өңірде жастар арасында 250-ге жуық тамақтан улану оқиғасы тіркелген. Оның 70%-ы көше тағамдарынан, қалғаны үй жағдайында дұрыс сақталмаған өнімдерден болған. Кей жастар улану белгілерін байқаған соң дәріханадағы антибиотиктермен өз бетімен емделуге тырысады. Бұл ең үлкен қателік. Себебі өздігінен емделу асқазан-ішек жолдарының бұзылуына және улануды асқындыруға әкеледі.

Қызылорда қалалық жедел жәрдем станциясының дәрігері Бауыржан Төлегенұлымен арнайы сұхбаттасып, бүгінгі ахуал жөнінде сұрадық. Ол кейінгі айдағы жағдайды былай сипаттады:

Тамақтан улануға байланысты күніне кемі 4-5 шақырту түседі. Науқастардың көбі жастар. Әсіресе студенттер мен кеңсе қызметкерлері көше тағамын немесе жеткізу қызметінен алған тағамды жегеннен кейін өзін жайсыз сезінеді. Жүрек айнып, құсу, іштің бүріп ауыруы – ең жиі кездесетін белгілер» деді ол. Мамандар жастарға тағам таңдауда жауапкершілікпен қарауды, сыртта сатылатын немесе күмәнді жерден алынған өнімдерден бас тартуды ұсынады.

Қызылорда өңірінде жастар арасында тамақтан уланумен қатар тұмау, көкжөтел сияқты аурулары өршіп тұр. Дәрігерлер бұл жағдайды маусымдық ауа райының өзгеруімен және алдын алу шараларының әлсіздігімен байланыстырады. Күннің ыстығынан кейін бірден салқын түскенде ағзаның төзімділігі төмендейді. Соның салдарынан жастар арасында тұмау мен көкжөтел көп кездесуде. Студенттер мен жас мамандардың басым бөлігі жатақхана мен кеңсе орындарында ұзақ уақыт отыратыны белгілі. Мұндай ортада вирустың таралуы тез жүреді. Соңғы аптада емханаға келгендердің 40%-ы асқынған тұмау мен көкжөтел белгілеріне шағымданған.

Тұмау да, көкжөтел де жеңіл ауру емес. Мамандардың айтуынша, аурудың кең таралуына жастардың салғырттығы да себеп. Уақытылы дәрігерге қаралмай, өз бетінше емделу, гигиеналық талаптардың сақталмауы, иммунитеттің әлсіздігі – бұл жағдайды ушықтырып отыр.

− Қазір жастардың көбі тұмауға қарсы екпеден бас тартады. Ал вакцина – аурудың алдын алудың ең тиімді жолы. Дәрігердің кеңесінсіз антибиотик ішу немесе халықтық әдістерге сүйену жағдайды нашарлатады, – дейді облыстық жұқпалы аурулар емханасының бас маманы Әділбай Медетбаев.

Ал аурудың алдын алу үшін қарапайым ережелерді ұстану жеткілікті. Мысалы таза ауада жиі серуендеу, дұрыс тамақтану, жеткілікті ұйықтау және иммунитетті күшейту. Сонымен қатар жылы киіну, салқын сусындардан бас тарту және ауырған жағдайда адам көп жиналатын жерлерде маска тағу маңызды.

Жастар арасында бұрын тек егде жастағыларда кездесетін иық пен мойын аурулары жиілеп барады. Дәрігерлер мұны ұзақ уақыт телефон мен компьютер алдында отырудың, қозғалыстың аздығының және дұрыс отырмау әдетінің салдары деп отыр. Қалалық аурухананың невропатолог дәрігері Айнұр Бауыржанқызының айтуынша, кейінгі екі-үш жылда 20-30 жас аралығындағы науқастар арасында иық ауруымен қаралу жағдайы бірнеше есе артқан. Бұрын мұндай шағымдар көбіне ауыр физикалық жұмыс істейтін немесе жарақат алған адамдардан түсетін. Ал қазір студенттер мен кеңседе жұмыс істейтін жастар жиі келеді. Бүгінгі жастардың өмір салты көбіне қозғалыссыз күйде өтеді. Сабақ, жұмыс, гаджет, әлеуметтік желі – барлығы экран алдында. Ал бұл – арқа мен иық аймағына түсетін салмақты еселеп арттырады. Дене бітімі түзу отырмаған жағдайда омыртқа қисаяды, мойын бұлшықеттері керіледі, қан айналым бұзылады. Мұндай жағдай ерте басталған еңбекке жарамсыздыққа әкелуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, иық пен мойын ауруының алдын алу үшін ең алдымен дұрыс отыру әдетін қалыптастыру керек. Монитор көз деңгейінде болғаны дұрыс, арқа тік, иық бос болуы қажет. Сағат сайын орыннан тұрып, жаттығу жасап, мойын мен иықты айналдырып, қан айналымын қалпына келтіру керек. Сондай-ақ спорттық белсенділік пен таза ауада серуендеу де үлкен рөл атқарады. Аз да болса күнделікті қозғалыс жасау, жүгіру, йога немесе жеңіл жаттығулар – иық ауруының алдын алудың ең тиімді тәсілі.

Бүгінгі цифрлы дәуір жастардың мүмкіндігін арттырғанымен, денсаулығына салмақ түсіріп отырғаны рас. Технология дамыған сайын қозғалыс азайып, экран алдында уақыт өткізу көбейіп барады. Бұл жастардың психикалық және физикалық денсаулығына кері әсер етуде. Сондықтан жергілікті мамандар жастарға денсаулығына бейжай қарамай, ауырсыну белгілері байқалғанда дер кезінде дәрігерге қаралуға кеңес береді. Егер жастар қазірден бастап денсаулығына мән бермесе, 30 жасқа жетпей-ақ ауру белгілері созылмалы түрге айналып, өмір сапасын төмендетуі әбден мүмкін.

Келесі мәселе − біз көбіне физикалық ауруларға мән беріп, адамның ішкі жан-дүниесінің халіне көңіл бөлмейміз. Әсіресе жасы үлкен кісілер «Жастарда қандай мәселе болуы мүмкін? Өмірі әлі алда» дейді. Алайда облыстық жастар денсаулық орталығының жұмысының нәтижесін санаққа алсақ, мүлдем басқа ой туады.

2024 жылдың қорытындысы бойынша, жастар денсаулық орталығы 55 мыңнан аса адамға қызмет көрсеткен. Көмек дәрігер, психолог, әлеуметтік қызметкер мен заңгер мамандарымен жеке консультация ретінде өткен. Ал биыл тоғыз ай көлемінде кеңес беру бөлімі 17332 жасқа көмек берген. Әлеуметтік психологиялық кеңес бөлімінде 15 мың, оның ішінде жеке психологтың кеңесіне 3,5 мыңға таяу студент жүгінсе, валеологтардың ақпараттандыру қызметіне байланысты 1,3 мыңнан аса іс-шара өтіп, оған 54 мыңға жуық жас қатысқан.

Облыстық жастар денсаулығы орталығы ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің дәрігері Сауле Каусова:

– Әлеуметтік кеңес беру бөліміне көбіне өз ортасын таба алмаған немесе ата-анасымен қарым-қатынасы нашарлаған жастар көп жүгінеді. Ата-ана мен бала арасындағы байланыстың қиындауы, түсініспеушіліктің туындауы және жасөспірімнің мінез-құлық өзгерістеріне байланысты жағдайларда ата-аналардың тарапынан сұраныс түсіп жатады. Олар балаларын әкеліп, консультациядан өтеді, – деп ең көп кездесетін мәселелерді атады.

Оған қоса маман мұның шешу үшін қолданылатын шаралармен бөлісті.

– 2022 жылдан бастап денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына сәйкес аптасына 1 күн психиатр маманы орталықта кеңес жүргізеді. Себебі мектепте, оқу орындарында психолог мамандарының алған тест сауалнама нәтижесінде кейбір балаларда мінез-құлық өзгерісі, невратизация деңгейінің жоғарлауы, суициалды ойлардың туындауына байланысты тәуекел топқа алынады. Ол топқа енген бала медициналық көрсетілімдеріне қарай воп-дәрігері, психиатр маманынан кеңес алуға жолданып отырады. Сол кезде бала, ата-ана тарапынан емхана немесе психиқалық саулық орталығына кеңес алуға қарсылық білдіріп жатады. Сондықтан жастардың ыңғайлы, емін-еркін келіп кетуіне жағдай жасаймыз. Жастар денсаулық орталығы барлық өңір бойынша жұмыс атқарады. Осы ретте жасөспірімдер меп жастар еш қиындықсыз кеңес ала алады. Мәселен ауруханаға жазылу үшін ішіндегі учаскелік дәрігерге, маманға, мекеменің өзіне тіркелу керек. Ал бізде ол қарастырылмаған. Әртүрлі өңірдегі жастар мен жасөспірімдерді қабылдаймыз. Оған қоса, жеке мағлұматы құпия сақталады. Орталыққа келген әрбір адамға денсаулықтың қаншалықты маңызды екенін түсіндіреміз. Өйткені ата-ана ретінде де балаға жаның ашып тұрғанымен оған денсаулығыңның жартысын бөліп бере алмайсың. Сол себепті қазірден денсаулықты күту – ұзақ өмір сүрудің кепілі. Біз дәріханаға барып, қосымша ауыстыратын бөлшек ретінде көз, асқазан не тісті сатып ала алмаймыз. Өйткені денсаулық – әр адамның қолындағы байлығы. Біз осы ұғымды әрбір келген жасқа түсіндіреміз, – деді дәрігер.

ХХІ ғасырды технология заманы дейміз. Осы ретте технологиялық прогрестің медицинадағы рөлі де артуда. Бүгінде біршама мәселе шешімін тауып жатыр.

– Бізде симуляциялық орталық жұмыс істейді. Мұнда түрлі манекен мен құралдар бар. Ол арқылы денсаулықты қалай күту керек екенін, зиянды әдеттердің салдарынан тіс, өкпе, жүректің қандай өзгеріске ұшырайтынын көрсетеміз. Оған қоса, бізде интерактивті көзілдіріктер бар. Психотропты заттарды, алкогольді, энергетикалық сусындарды қолданған кезде ми улана бастайды. Деңгейіне қарай балаларға оның әсерін көрсетеміз. Көзілдірік кигізіп, ұзын жолмен жүргіземіз. Ол тізу жүріп жатқан секілді, бірақ сырт-көзбен қарағанда ол сызықтан шығып кетеді, – деп мамандар бұл саладағы технологияның рөлін де ерекше атап өтті.

Осы мәселені толыққанды түсіну үшін, жаңа буынның өз денсаулығына деген қарым-қатынасын айшықтау үшін жастардан сауал алдық. Шамамен 20 адамнан «Аураханаға қандай көмек үшін жүгінесіз?», «Тексерістен қаншалықты жиі өтесіз?», «Денсаулықты күту үшін не істейсіз?», «Соңғы рет ауруханаға қашан бардыңыз?» деп сұрақ қойдық. Көпшіліктің жауабы «Учаскелік дәрігердің айтуымен жылына екі рет тексерістен өтемін», «Ауруханаға тек дәрігер талабымен келемін», «Дәрігерге жарты жыл бұрын анализ тапсыру үшін ғана жүгіндім». Бұл сауал 18-25 жас аралығында жастар арасында жүргізілген еді. Байқасақ, жауаптар бір-біріне ұқсайды. Аурухана тек дәрігердің талабымен ғана баратын жерге айналғандай. Басым көпшілік өз қалауымен келіп, денсаулығына көңіл бөлмейді. Оның арасында «Қатты ауырып тұрғанның өзінде, дәрігерге жүгіне бермеймін» деген жауаптар да болды. Бұл денсаулыққа деген нағыз бейқамдықтың көрінісі. Себебі саулық үшін күресу – өмір үшін таптырмас әрекет. Жай басталған ауру, кейін бір мезетте күрделі диагноз болуы әбден мүмкін.

Осы мәселенің шешімін табу мақсатында Сауле Каусарова келесі кеңестерді ұсынды.

– Баланың дені сау, өмірге деген көзқарасы дұрыс болуы үшін тек оқу орны немесе түрлі мекемелердің мамандары ғана емес, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа байланысты. Яғни баланың денсаулығына, денесіне, тәніне жауапкершілігі ең бірінші үйінде түсіндіріліп, отбасының құндылықтарында денсаулық бірінші тұру керек. Екінші мәселе – оқу орындары. Біздің психолог, медицина мамандарымыз білім ордаларымен тығыз байланыста. Әр келген баланың, әрбір ұйымдастырылған шараның жоғары деңгейде өтуіне үлкен мән береміз. Себебі әр айтылған сөз – балаға өмірде пайдалана алатын деңгейде түсінікті болуы шарт. Ата-ана ең алғаш баламен ашық сөйлескенін, балаға жақын болғанын, дос ретінде араласуын, оның күйіне, физикалық, психикалық денсаулығына мән бергенін қалаймын. Күнде балаға арнайы уақыт бөлу керек. Өтпелі кезең кезінде бала мен ата-ана ашық диалогқа түсуі өте маңызды. Кішкентай өзгеріс, көңіл-күйдің болмауында досына, танысына емес бала ең бірінші ата-анаға жүгінуі тиіс. Баланың психикалық саулығы өзгергенде ең бірінші ата-ана байқауы керек. Ол оқшауланып, эмоцияға қатты беріліп, ұйқысы мазасыз болса ата-ана оны байқап, уақытылы көмеу беру арқылы оның жағдайын жақсарта алады. Балаларға кішкентай кезінен жеке бас гигиенасын сақтауды үйретіп, тазалықты әдетке айналдыру керек, – деп түйіндеді маман.

Бүгінде жастар денсаулығы – қоғам назарындағы басты мәселелердің бірі. Қазірден денсаулықты күтіп, зиянды әдеттерден аулақ болайық, жас дос!

Айдана ЕДІЛБЕКҚЫЗЫ,
Мерей ШӘКРАТ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!