Республика күніне орай Қызылорда облысында Жас сайлаушылар клубы құрылып, жаңа бағытта жұмысын бастады.

Қызылорда облыстық сайлау комиссиясы жанынан құрылған клуб құрамына бүгінде 85 жас енді. Олар Қызылорда қаласында және аудандарда әртүрлі форматта жұмыс жасауға ниет білдірді.

Ұлттық мереке аясында Жастар ресурстық орталығында Жас сайлаушылар клубының мүшелері басқосты.

Клубтың басты мақсаты — жастардың сайлау процесіне деген қызығушылығын арттыру, сайлау мәдениетін қалыптастыру және қоғам өміріндегі белсенділігін күшейту.

Кездесуде Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Әділбек Ерсұлтанов сайлау жүйесін дамытуда және саяси процестерді ақпараттандыру, түрлі жобалар жасауда жастардың әлеуеті өте маңызды екенін тілге тиек етті.

– Жас сайлаушылар клубы–  тек пікір алмасу алаңы ғана емес, ол – жастардың конституциялық құқығын пайдалана отырып сайлау процестерінде демократиялық құндылықтарды дамытуға серпін беретін және қоғамдық істерді бірлесе атқаратын ортақ алаң.

Сондықтан мен сіздерді белсенді болуға, жаңа идеялар ұсынуға, қоғамды ақпараттандыруға және өз қатарластарыңызға үлгі болуға шақырамын,-деді Ә.Ерсұлтанов.

Жиында жас сайлаушылар клубының мүшелеріне куәлік табысталып, арнайы жадынама таратылды. Өз кезегінде клуб мүшелері алдағы уақыттасайлау процестеріне қатысты түрлі іс-шаралар, конкурстар, квесттер мен дебаттар өткізу туралы уағдаласты.

Жиында клуб жұмысын үйлестіру тобының мүшесі Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің «Экономика және құқық институтының» директоры Айнұр Исаева, Жастар ресурстық орталығының директоры, клуб мүшесі Әліби Басаров, Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Сағатбек Сиюов сөз алып, жастарды ортақ идеяға біріктіретін жобалар жасауға дайын екендігін білдірді.

Іс-шара аясында Қызылорда облысының аумақтық сайлау комиссиясы мен «Қызылорда облыстық мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігі арасында екіжақты меморандумға қол қойылды.

Бұл екі жақты келісім сайлау процестеріне қатысушы мүгедектігі бар азаматтарға қолайлы жағдай туғызады және сындарлы диалог орнатуға жол ашады.

Айта кетейік, аймақта бүгінгі күні 178 892 жас сайлаушы бар. Олардың 76 112-і Қызылорда қаласында, 102 780-ы аудандарда.

Өңірдегі барлық сайлаушылардың 36 пайызын – жастар құрайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!