Сыр елінің топырағы талай батырлар мен елді қорғау жолында жанын қиған ерлердің дүниеге келген киелі мекені. Тарихын тереңге жайған, мәдениетке бай өлкеде жауға қарсы найза ұстап шыққан батырлары Отан үшін от кешіп, жанын қиып, ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Уақыт алмасып, заман өзгерсе де, ел қорғаны болар ерлердің жалыны сөнген жоқ. Тәуелсіздікті аңсаған елдің ұрпағы әр кезеңде түрлі сындардан өтті. ХХ ғасырдың соңына таман Кеңес Одағының әскери-саяси шешімімен басталған Ауған соғысы да сол сындардың бірі болды десек болады. Бейбіт елдің өрімдей ұлдары жат жұрттың даласында майдан отын кешіп, сын сағатта нағыз батырлықтың бейнесін паш етті.

1979-1989 жылдар аралығында жалғасқан Ауған соғысы мыңдаған отбасының жүрегіне жара салып, көз жастарын көл етті. Қазақстаннан 22 мыңнан астам жас жігіт соғысқа аттанса, олардың біразы сол жерден сол күйі оралмады. Аман келгендері өмір бойы сол соғыстың ауыртпалығын арқалап өтті. Сол ерлердің ұрпаққа үлгі болған жолын жалғаған, қиын кезеңде әскери борышын ерлікпен өтеп, Ауған жерінде жауынгерлік абыройын асқақтатқан азаматтардың бірі – Ауған соғысының ардагері, ұлт жанашыры Бақытбек Смағұл.

Бақытбек Смағұл – елге еңбегі сіңген азамат, Ауған соғысының ардагері, қоғам және мемлекет қайраткері. Ол 1960 жылы 6 ақпанда Қызылорда облысы, Қазалы ауданында дүниеге келген. Оның еңбекке ерте араласуы, білімге деген құштарлығы оның өмір жолынан анық байқалады. Ол 1975–1978 жылдары Қазалы қаласындағы кәсіптік-техникалық училищені үздік тәмамдап, кейін Алматы құрылыс техникумында, Орталық Азия университетінде және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алды. Құрылыстан бастап заң, журналистика саласын меңгеріп, жан-жақты білім иесі атанды. 1979 жылы Кеңес армиясы қатарына шақырылып, арнайы дайындықтан өткеннен кейін Ауғанстандағы соғысқа қатысады. Бұл кезең оның өмірінде ерекше орын алады. Өмір мен өлім қатар жүрген майданда елге деген сүйіспеншілік, рух пен батырлық бойына сіңеді.

Майдандағы қанды оқиғалар, жауынгер жолдастарының тағдыры, туған елге деген сағыныш – барлығы оның жүрегінде терең із қалдырды. Сол із уақыт өте келе қалам ұшына айналып, шығармашылықпен астасып жатты. Бақытбек Смағұл өмір көріністерін, ерлік пен елдіктің шынайы бейнесін өзінің әдеби туындылары арқылы жеткізе білді. Жауынгер жүрегінің жазбасындай болған оның «Мен көрген соғыс», «Қаһарман», «Қазақтың қара майоры» атты еңбектері – тек әскери естелік емес, елдікті, ерлікті дәріптейтін әдеби мұра. Бұл шығармаларда автор оқырманды ұрыс даласына ертіп апарып, от пен оқтың ортасындағы өмір мен өлім арпалысын, жан мен жігер шайқасын айшықты тілмен суреттейді.

Бақытбек Смағұлдың «Қара майор» атты көркем шығармасы – Ауған соғысының зұлмат шындығын, сарбаздар жанкештілігін бейнелейтін бірегей туынды. Бұл шығармада автор тек куәгер ғана емес, сол қанды қырғында ерлік көрсеткен батыр жауынгер ретінде сөйлейді. Әсіресе Паншер шатқалындағы шайқастар – шығармадағы шарықтау шегі. Жазушы Кеңес армиясы үшін стратегиялық маңызы бар «Зуб» биігін алу операциясын суреттей отырып, қарапайым жауынгерлердің өжеттігі мен ерлігіне, командирлердің шешім қабылдаудағы дәлдігі мен батылдығына терең бойлайды. 4500 метр биіктіктегі атыс ұяларын алу үшін таңғы төрттен түнгі тоғызға дейін жалғасқан ұрысты баяндай келе, автор Х.Оразалиев, капитан Бекбоев сынды офицерлердің ерлігін, жауынгерлердің жанқиярлықпен шайқасқанын шынайы сипаттайды. Паншерде бір ай бойы үздіксіз ұрыстар жүргізген 177-отрядтың қайсарлығы, сол отрядты басқарған Борис Керімбаевтың шешімділігі мен рухы – шығарманың негізгі өзегі.

Бақытбек Смағұл шығармасында Ауған соғысын тек әскери тактика мен шайқастар шежіресі ретінде емес, ерлік пен өр рухтың, отан алдындағы адалдықтың көркем шындығы ретінде көрсетеді. Ол оқырманын сол қанды жылдарға жетелеп апарып, әр оқ пен от арасындағы адамның жүрегін, жан арпалысын сезіндіреді. «Қара майор» – ел үшін, ерлік үшін күрескен боздақтарға қойылған әдеби ескерткіш іспетті.

Шығармашылық – Бақытбек Смағұл үшін тек жүрек тынысы емес, өткенге тағзым мен келешекке аманат. Соғыстың от- жалынын көрген қаламгер әр туындысы арқылы жас буынның жүрегіне ерлік ұғымын сіңіріп келеді. Алайда оның өмір жолы тек шығармашылықпен шектелмейді. Бүгінгі қоғамда да ел тағдырына алаңдап, мемлекеттік деңгейдегі мәселелерге үн қосып келе жатқан санаулы тұлғалардың бірі.

Ол – жауынгер ғана емес, елдік мүддені биік қоятын азамат. Парламент мінберінен бастап, қарапайым ауыл жастарына дейін үнін жеткізіп жүрген қайраткер. Ардагердің аузымен айтылған әрбір сөз – тарихтың тірі куәсі, ал болашақ үшін айтылған ой – елдікке шақырған ұран.

Кезінде майдан даласында жауға оқ атқан жауынгер бүгінде ел тағдырын ойлайтын ұлт жанашырына айналды. Бақытбек Смағұл – бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясының мүшесі, сондай-ақ Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің беделді мүшесі. Елдің қорғаныс саласына қатысты заң жобалары мен бастамаларда белсенділік танытып жүрген ол – әскери тәжірибені, жауынгерлік рухты мемлекеттік мүддемен сабақтастыра алған санаулы тұлғалардың бірі. 2005 жылдан бері «Qazaqstan Ardagerleri» Қауымдастығын басқарып, ардагерлердің әлеуметтік мәселелерін шешуде де ауқымды істер тындырды. Оның бастамасымен әскери-патриоттық тәрбиені дамытуға арналған бірнеше бағдарлама қабылданып, жастардың отаншылдық рухын көтеруге бағытталған нақты жұмыстар жүргізілді.

Уақыт – тарихты екшейді, ал ерлік – ұмытылмайды. Бақытбек Смағұл – оқ пен оттың арасынан өтіп, елдің ертеңі үшін еңбек еткен шын мәніндегі қаһарман. Оның өмір жолы – бір қолымен қалам, бір қолымен қару ұстаған ұлт жауынгерінің тағдыры. Бүгінгі ұрпақ үшін ол – өнеге, ел үшін – тірек. Оның ғұмырнамасы – елжандылықтың шынайы үлгісі. Сөз соңында айтарымыз – Бақытбек Смағұл секілді тұлғалар ерлік жайлы аңыз емес, ақиқат екенін дәлелдегендер. Оның ғұмыры – «қазақтың қайсар рухы әлі де бар, елін сүйген ерлер ешқашан ұмытылмайды» деген ақиқаттың жарқын көрінісі. Ендеше, Бақытбек Смағұлдың өнегелі жолы жас ұрпаққа рух береді, ел тарихына өр кесте болып қалады.

Жамила ӘБСАТТАРҚЫЗЫ,
Сабина АБЛАҚАТ
,
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық
университеті, филология факультеті, қазақ
филология мамандығының 1-курс студенттері
Ғылыми жетекші: Фатима ҚОЗЫБАҚОВА

Фото: adebiportal.kz

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!