Тамыздың алғашқы күндері Сыр өңірін жас толқынның шат күлкісі мен игі істердің қарқын тербемек. Себебі биылғы Халықаралық жастар күні қарсаңында облыс жастары онкүндік мерекелік шараларды бастайды. Әр күннің өзіндік тақырыбы бар, әр іс-шара жасампаздық пен ізгілікті дәріптейді. Бұл туралы облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Руслан Каюпов пен облыстық жастар орталығының директоры Әліби Басаров өңірлік БАҚ өкілдеріне өткізген брифингте баяндап берді.

Алғашқы күн – тазалық пен табиғатқа тағзымға арналды. Саябақтар мен өзен-көл жағалауларын қоқыстан тазартып, тарихи орындарды жаңаша келбетке келтіруге белсене кіріскен жастар «Jasyl Marafon 25» эко-турниріне қатысып, туған өлкенің сұлулығын сақтаудың нағыз үлгісін көрсетті. Келесі күндер денсаулық пен білімге, еріктілік пен адал еңбекке құрылған мазмұнды шаралар жалғасын табады. Әсіресе 12 тамызда өтетін қорытынды Open Air кеште жастардың сүйікті тобына айналған, қаламызды әндерімен танымал етіп жүрген «belluci» дуэті мерекенің шырайын келтіреді деп күтілуде.

– Онкүндік аясында күн сайын белгілі бір тақырыпқа негізделген іс-шаралар өткізіледі. Атап айтқанда, «Жастар және тазалық», «Жастар және денсаулық», «Жастар және білім», «Жастар және еріктілік», «Жастар және заң мен тәртіп», «Жастар және адал еңбек», «Жастар және достық», «Жастар және Абай», «Жастар және дәстүр» бағыттары бойынша түрлі мазмұндағы жұмыстар жүргізіледі. Бұл шаралар арқылы жастардың қоғамдық өмірге белсенді қатысуына, экологиялық, мәдени, құқықтық және рухани мәселелерге деген көзқарасын қалыптастыру көзделіп отыр. Мәселен, сенбілік акцияларынан бастап, зияткерлік ойындар, кітап оқу марафондары, қан тапсыру бастамалары, ұлттық құндылықтарға негізделген мәдени кездесулер, өнер байқаулары мен жастарға арналған ашық диалог алаңдары ұйымдастырылады. Шаралар жастардың қабілетін шыңдауға, пікірін еркін білдіруге және белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыруға бағытталған.

Жалпы бұл онкүндік – жастарға арналған іргелі жобалардың бірі. Жастар саясатын іске асыруда әр сала бойынша нақты қадамдар жа- салып келеді. Осы онкүндікті ұйымдастыруда облыс әкімдігімен қатар барлық басқармалар мен аудан, қала әкімдіктері жұмыла жұмыс жүргізеді. Барлығы 200-ге жуық іс-шара өткізіліп, тікелей және жанама түрде 50 мыңға жуық жас қамтылмақ. Бұл – жастардың әлеуетін дамыту мен қолдауға бағытталған ауқымды әрі мазмұнды бастама, – деді Руслан Мұхамедәліұлы.

Жастар мерекесінің тағы бір қыры – ұлттық құндылық пен рухани дамуды ұлықтау. 10 тамыз – Абай күні қарсаңында ақын өлеңдері мен қара сөздері жаңа тыныс алады, ал 11 тамызда отбасы мен дәстүрді дәріптейтін тағылымды кездесулер өтеді.

– Жастардың әлеуетін дамыту – өңірдің басты басымдықтарының бірі. Қазіргі таңда біз жастардың білім, денсаулық, мәдениет, спорт және құқықтық сауаттылық салаларындағы белсенділігін арттыруға ерекше назар аударудамыз. Онкүндік аясында өткізілетін шаралар жастарға өздерін толық танытуға, кәсіби және шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге, қоғамдық өмірге араласуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бұл шаралар жастардың патриоттық сезімін күшейтіп, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Біз жастардың әрбір бастамасын қолдап, олардың дамуына барлық жағдайды жасауға ұмтыламыз. Өңірде жастарға арналған инфрақұрылым үздіксіз жетілдіріліп келеді, бұл өз кезегінде олардың болашаққа сеніммен қарауына және елдің дамуына үлес қосуына септігін тигізеді, – дейді облыстық жастар орталығының директоры Әліби Төлепбергенұлы.

Өңірде кейінгі жылдары жастарға арналған жобалардың қарқыны бәсеңдеген емес. «Сыр жастары» тұрғын үй бағдарламасы аясында жүз жас отбасы қоныс тойын тойлады, ал жуырда облыстық бюджеттен қаржыландырылған жаңа кезек басталмақ. «Сыр жұлдыздары» академиясынан бастап «Qyzlorda Arena» спорт кешеніне дейінгі жаңа әлеуметтік нысандар – осы мерекенің нақты жемісі.

Мерекелік онкүндіктің ауқымын арттыру мақсатында шараларды ұйымдастыру ісіне тек аймақтық жастар орталығы ғана емес, сонымен бірге «AMANAT» партиясының жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты да белсене атсалыспақ. Оған қоса республикадағы беделді жастар ұйымдары – «Студенттер альянсы» мен облыстық волонтерлар офисі де серіктес болып, барлық бастамалар ортақ үйлесімде жүзеге асырылады. Осылайша жастардың күш-қуатын біріктірген бірегей ынтымақ алаңы қалыптасып, әрбір іс-шараның мазмұны мен әсері еселене түспек.

Қорлан САРЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!