30 қазан − Сыр елі үшін тарихи әрі маңызды күн. Мемлекет басшысы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен барып, түрлі нысанмен танысты. Соның бірі − «Сыр Жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы.

Бұл сапар қызылордалық балаларға жарқын естелік қалдырды десек, артық айтпаған болармыз. Мемлекет басшысы оқушылармен тілдесіп, қызығушылықпен сұрақ қойып, алдағы уақытта сәттілік тіледі. Бұл кездесу қаншама баланың жүрегіне жылу, көзіне от, болашағына сенімділік сыйлады.

Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу бақыты бұйырған оқушылардың бірі − «Сыр Жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясындағы «Дрон» үйірмесінің оқушысы Мади Хасанғалиұлы. Осы орайда Мадимен азды-көп әңгімелескен едік.

− Мади, Мемлекет басшысымен кездесу үлкен жауапкершілік, жетістік әрі бақыт. Кездесуден кейін қандай әсерде болдыңыз?

− Бұл күнді басыма қонған бақ деп білемін, әрі мен үшін өмірімде болған жарқын естеліктің бірі. Президент Қызылордаға жұмыс сапарымен келеді дегенде, шыны керек, қуанышпен қатар қобалжуды сезіндім. Бірақ академияға келген кезде, біздің үйірмемен танысып, бірге суретке түскен сәтте қобалжу өздігінен басылды.

− Ал мұндай жаңалықты естігенде жақындарыңыз да қуанған болар?

− Иә, отбасым да мен секілді қуанды. Жақындарыма бұл жақсы жаңалықты жеткізгенімде олар мені мақтап, ізгі тілектерін білдірді. Мені мақтан тұтты. Сол сәтте тілекшілерімнің көп екенін түсіндім.

− Болашақ жайлы сөйлессек. Алдағы уақытқа қандай жоспарыңыз бар?

− Осы кездесуден кейін өзіме үлкен жауапкершілік алдым. Болашақта Ақорда ғимаратында жұмыс істеп, Президентіміздің жанында болғым келеді. Әрі ол кісінің қолынан марапат алсам деймін. Қоғам үшін, қоғамның дамуы үшін аянбай жұмыс істеп, халқына пайдасы тиетін азамат болу − басты мақсатым. Сол арманға қадам басып келе жатырмын.

− Рақмет, Мади! Елің деп соққан жұдырықтай жүрегіңдегі арман-тілегің орындала берсін!

P.S. Мемлекет басшысын күтіп алу кезінде үйірме оқушыларына арнайы сыйлықтар табысталды. Мұндай ілтипат «Сыр Жұлдыздары» шығармашылық- инновациялық академиясының үйірме оқушыларына жаңа үміт пен жалын сыйлады. Оқушылардың қуанышында шек жоқ. Олардың қатарында мен де бармын. Бұл сыйлық жай марапат емес, бұл − қиялдаған арманымыздың орындалған, қол жайып сұраған дұғамыздың қабыл болған кезі, әрі жаңа бір деңгей мен үлкен мотивация.

Ақмаржан АМАНГЕЛДІ,
Әбубәкір Тыныбаев атындағы
№11 мектеп-лицейінің оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!