Биыл Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мерекесіне орай облыстық басқармалар мен салалық мекемелермен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы негізінде «Сыр жұрты» танымдық-пассионарлық жобасы әзірленді.

Жоба «Сыр саңлақтары», «Туған жер – тұнған шежіре», «Тал бесіктен – жер бесікке дейін», «Сыр елі – Жыр елі», «Сыр өңірі – ұлттық құндылықтардың темірқазығы» секілді 5 бағыттан тұрады. Мұндағы басты мақсат өңірдің тарихи-саяси және мәдени-рухани даралығын айшықтап, өскелең ұрпаққа тәуелсіздіктің құндылығын ұғындыру. Жоба алдағы 3 жылға жоспарланған.

«Жобаға енгізілген бес бағыттың өзіндік ерекшеліктері бар. Біз түркі жұртына ортақ тұлға Қорқыт атадан бастап, Сырда өмір сүрген тарихи тұлғалар туралы телехабарлар дайындап, ғылыми ізденіс жұмыстарын жүргізіп, тарихи орындарға экскурсиялар ұйымдастырмақпыз. Салт-дәстүрлер мен әдеп-ғұрыптарды, тәрбие дағдыларын, дәстүрлі отбасы құндылықтарын, салауатты өмір салтын насихаттаймыз. Жастар арасында жыршы-жыраулық, ақындық, күйшілік және орындаушылық өнерді насихаттауға қолдау білдіреміз. Мәдениеттанушылар, тарихшылар, философтар мен әлеуметтанушы мамандардың қатысуымен лекторийлер, зиялы қауым өкілдерімен кездесулер, сұхбаттар ұйымдастыру секілді түрлі форматты шаралар өтетін болады», – деді облыс әкімінің орынбасары Серік Ахмет.

Жалпы жобаның бірінші кезеңі яғни, 2021 жылы түрлі форматта 113 шара ұйымдастыру жоспарланған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!