Бүгінгі күні Сырдария өзенінің бойындағы су шаруашылық жағдайы күрделі бақылауда. Шардара су қоймасындағы су көлемі 3510,0 млн текше метр-ді құрап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай төмен — 2024 жылы мұнда 4943 млн текше метр су болған. Қоймадан төменге секундына 300 текше метр су жіберілуде. Бұл туралы Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Зейнолла Қазтоғанов мәлімдеді.

Көксарай су реттегішінде де жағдай ұқсас: биыл су көлемі 165,89 млн текше метр болса, былтырғы көрсеткіш 461,76 млн текше метр болған. Төменге тасталып жатқан су мөлшері 200 текше метр/сек, бұл да былтырғы 300 текше метр/сек деңгейінен азайған.Шардара мен Көксарайдан Сырдария өзенінің төменгі ағысына жалпы 500 текше метр/сек су жіберілуде. Қызылорда су торабынан төменгі ағысқа 85 текше метр/сек су жіберілуде. Су торабына дейінгі каналдар арқылы 390,64 текше метр/сек су алынуда. Өзеннің төменгі бөлігінде де су мөлшері азаюда. Бүгінгі күні Қызылорда облысының көлемі 34,5 млн текше метр су жинақтай алатын 6 су қоймаларында 22,33 млн текше метр су жинақталған. Шардара су қоймасымен Көксарай су реттегішінің жұмыс кестесі бақылауға алынып, жергілікті атқарушы органдар және су шаруашылығы ұйымдарымен Сырдария өзеніндегі су шаруашылық жағдайына күнделікті мониторинг жұмыстары жүргізілуде,- деді Зейнолла Молдағалиұлы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!