Қазіргі көп жас табысты материалдық тұрғыда ғана қарайды: көп ақша табу, үлкен үйде тұру және қымбат көлік міну. Дегенмен табыс – тек сыртқы дүниемен өлшенетін нәрсе емес. Өмірдегі шынайы табыс бұл өз ісіңе деген адалдық, отбасыңа деген қамқорлық, достарыңа деген шынайы қатынас және қоғамға деген жауапкершілік. Ақша мен байлық – өмірдегі табыстың бір бөлігі ғана, ал ішкі үйлесім мен бақыт – табыстың негізі.

Ішкі жан-дүниенің байлығы материалдық құндылықтардан әлдеқайда маңызды. Бұл адамның ішкі тыныштығын, моральдық күшін, қоғаммен үйлесімділігін қамтамасыз етеді. Ішкі байлыққа ие болу үшін адам өзінің ішкі әлемін танып, дамытып, өмірде адал, әділ, мейірімді болуға ұмтылуы қажет. Мұндай адамдар өмірде әрқашан бақытты, табысты және толыққанды болады. Өйткені ол өзінің ішкі әлемін түсінеді, өзіне сенеді, өмірге деген дұрыс көзқарасты сақтайды және кез келген қиындыққа қарсы тұра алады.

Байлық – табысқа жетудің, бақытты өмір сүрудің, толыққанды тұлға болудың негізі. Жақсы достар, отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілік, көмектесу – бұлар өмірдегі нағыз байлық болып табылады. Көптеген адам қаржылық жетістікке жеткенімен, ішкі жалғыздық пен түсініспеушілікке тап болып жатады. Сондықтан өзіңе жақын адамдармен тығыз әрі адал қарым-қатынастар орнатуда шынайы табысқа жетудің маңызды бір бөлігі деп санаймын. Бұл сөзімізге Қасым Аманжоловтың: «Жетістік – бұл тек сыртқы байлық емес, өзіңді іздеу мен ішкі тыныштыққа жету жолы» деген сөзі дәлел болатындай.

Шамстың 27-ші қағидасын естігенсіз бе? Шамс Тебризидің философиялық ойлары әрқашан адамдарды рухани жетілуге, өзіне деген сенімділікке шақырады. Оның 27-ші қағидасы «Пейілің өзгерсе, дүние өзгерер» деп аталады. Бұл дүние тауға ұқсайды, не айтсаң соның жаңғырығы шығады. Аузыңнан жақсы сөз шықса, сол сөзді өзің қайыра естисің, запыран атқыласа оны өзің қайта жұтасың. Ендеше сен жайлы біреу жаман айтса, ол туралы қырық күн, қырық түн жақсы сөйле. Қырық күннен соң бәрі өзгергенін өз көзіңмен көресің. Пейілің өзгерсе, дүние өзгерер. Адамның пейілі өзгергенде, оның өмірге деген көзқарасы да өзгереді, сол арқылы ішкі дүниесі де байиды. Мысалы, өмірге оптимистік көзқараспен қарау, қиындықтарды жеңуге деген сенімділік, өзгелерге мейірімді болу осының бәрі адамның ішкі байлығын арттырады. Сонымен қатар адамдардың өзін-өзі бағалауы мен ішкі тыныштығы да осы пейілге байланысты. Егер адам өзін-өзі қабылдай білсе, өмірдің әр сәтін бағалап, оның жақсы жағын көретін болса, ол шынайы ішкі байлыққа жетеді.

Қандай табыс болмасын бұл өзіңді тану мен өзін-өзі жетілдіру процесі. Кез келген табыс, алдымен, адамның өзін-өзі түсінуінен басталады. Егер адам өз арманымен, талпынысымен үйлесімде болса, ол ішкі қуаттан, шабыттан күш алады.

Динара ЖҰМАДІЛ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!