Осы жылғы мәлімет бойынша елімізде шетелге кеткен қазақстандықтар саны 200 мыңға жуықтаған. Олардың басым көпшілігі жастар. Деректерге сай олар елден жұмыстың жоқтығы үшін емес, табыстың аздығынан және несие қарыздардан құтылу үшін кетеді екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Дегенмен, Еңбек министрлігі мен Сыртқы істер министрлігі өкілдері мыңдаған отандасымыздың қандай жерде жұмыс істеп, қалай күнелтіп жатқанынан әлі білмейді. Ал экономистер бұл үрдіс осылай жалғаса берсе, еліміздің экономикасына едәуір зиян келтіретінін айтады. 

Осылай шетелге шығып, Англияда маусымдық жұмыс істеп жүрген отандасымыздың бірі 31 жастағы Мейрамбек Омарқұлов. Ол бақша өнімдерін теру жұмысына жалданған. Мейрамбектің айтуынша ол елде алдымен жеке кәсіппен айналысқан. Кейін күн көрісі қиындап кеткен соң қарызын өтеу үшін шекара асуға мәжбүр болған.

“Мақсатым ақша табу, Қазақстанда несиелерім болды. Қарыздарымды жабуым керек. Англиядағы табысымыз 800-850 мың теңге. Тіл үйреніп Америкаға кетсем бе деген мақсаттар бар”, – Мейрамбек. 

Мейрамбек бұл жақта да жұмыс істеу оңайлыққа соқпайтынын айтады. Мәселен, жұмыс таңғы төртте басталады. Тіпті кез келген ауа райына қарамастан берілген тапсырманы орындауға міндетті.

Соңғы мәлімет бойынша шетелге кетіп, нәпақасын тауып жүрген қазақстандықтардың саны 194 мың. Ал сарапшылар отандастарымыздың шетелге кетуі ішкі тұтынуға да, салық базасының да төмендеуіне де әкеп соғатынын айтады. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!