Ертеде бір зәулім үйдің ауласында сан алуан гүлдер мен ағаштар өмір сүріпті. Барлығы бір-біріне жанашырлық танытып, бауырлардай тату-тәтті болыпты. Жорғалаған жәндіктен ұшқан құсқа дейін әлгі ауланың сән-салтанатын кіргізіп, қараған жанның көңіліне ерекше жылулық сыйлайды екен. Бір өкініштісі, әдемі үйлесім тапқан сол салтанатты тек бір адамның іштарлығы ғана бұзып тұратын.
Ол – бақтағы күлтешелері көбелектей жайқалған, нәзік сары гүл еді. Өзі өте әдемі, сүйкімді болғанымен ішкі жан-дүниесі арам пиғыл мен жаман ойға толы болатын. Үнемі айналасына тәкәппарлана, менсінбей қарайтын. Жанында өсіп тұрған ағаштарға, олардың шыбықтары мен бұталарына, шөптерге түрлі ауыр сөз айтып, көңіліне қаяу түсіруді де әдетке айналдырған. «Бұл бақтың ең сұлуы, ең сүйкімдісі – мен! Мұнда келген адамдар да ең бірінші маған сүйсіне қарап, көркіме таңғалады. Мені құшырлана иіскеп, рахаттанады. Мен болмасам, бұл жерге ешкім де аяғын аттап баспас еді. Жан-жануар мен адамдардың табанының астында тапталып жатар едіңдер», – деп тәкәппарлана кеудесін қағып, қарқылдай күлетін. Мұндай кезде айналасындағы ағаштар мен теректер айтарға сөз таппай, үнемі ішінен тынатын. «Сабыр түбі – сары алтын» дегенді ұстанып, тек өздерін сабырлы болуға шақырудан басқа амал таппаушы еді. Күн артынан күн, ай артынан ай жылжи берді.
Бір күні аулада ешкім ойламаған жайт орын алды. Бақшаға кенеттен бес ешкі сау ете қалды. Жап-жасыл аулаға тап болған ешкілердің көк шөпке есі кетіп, бас салып гүлдердің бәрін жапыра бастады. Сол кезде жаны ашыған ағаштар гүлдерді бұтағымен көмкеріп, шыбықтарымен ешкілерді сабалап, оларға араша түсті. Жеп үлгермеген ешкілер енді мұнда екінші мәрте аяқ баспайтындай болып, тым-тырақай қаша жөнелді. Ал тәкәппар гүл болса өзінің жасаған жамандығына қарамастан, өзіне көмек қолын созған ағаштардың бетіне қарауға ұялып, олардан иіліп кешірім сұрады. Қателескенін айтып, жылады, қайта дос болғысы келетінін жеткізді. Сонда ағаштардың арасынан бір қарт терек басын көтерді де: «Өз қателігін мойындау да – ерлік. Бірлік бар жерде ғана достық бар, әдемі өмір бар. Сондықтан енді мұндай пасықтықтан, жаман қасиеттен бойыңды аулақ ұста. Сонда ғана біз сені кешіреміз», – деді. Бұл сәтте сары гүл нәзік күлтешелерін төмен қаратып, бетін көлегейлеп, ұяттан өртеніп кетердей жайсыз күй кешіп тұрған еді. «Төртеу түгел болса, төбедегі келеді, алтау ала болса, ауыздағы кетеді» деген мақал осыдан қалса керек.
Айназ ИКРАШ,
«Орда Schоol» жеке мектебінің
3 «б» сынып оқушысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!