«Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер»
Мағжан Жұмабаев
Бергісі жиырма, әргісі жетпіс-сексендегі ата-әжеге лық толған, баланың айқайынан дым да естілмейтін бөлмеден «Ойпырмай-ай, мына баланы қайсымыз жөнге салсақ екен?! Жұрттың берекетін бұзды ғой! Әжесі де міз бақпай қалай отыр екен, ә?» деген анық дауыс шықты. Шайді төгіп, үстелге өрмелей кеткен баладан басқасының барлығы сап тиылды. Осы кезде әжей «Таяқпен қағып жіберсең…» деді де, өзі бөлмеден кетіп қалды.
Осы жағдайды ойлап отырғанда қолдағы шайымыз да суыды. Бірақ «сонда баланы қалай тәрбиелеу керек?» деген сауал жауапсыз қалды.
Іштегі сұрақ маза бермеген соң, үстел басындағы үлкендердің де мазасын алдық, пікірін білгіміз келді. Төрт ұл, бір қыз өсірген, он беске жуық немере мен алты шөбере сүйген Әсия әжеден бастадық.
− Жаным-ау, сұрағың орынды-ақ, − деді әже.
− Бірақ бала тәрбиесінде қатып қалған ереже жоқ. Бірде жылы сөйлеп түсіндіресің, кейде сөзбен шағып аласың. Бірақ ұру дегенді қолданып көрмеппін. Балаларым қас-қабақ арқылы да түсіне қоятын. Бірақ бір түсінгенім, әр бала расымен де, бір әлем.
Рақмет айтып, басты ізей бергенде қарама-қарсы отырған апа:
− Біздің заманда баланың тәрбиесінен гөрі, амандығы, қарнының тоқ екені, киімі түгел, тоңбады ма деген дүние мазалайтын. Аш жүрмесе, соған мәз болдық. Себебі әрқайсымен сөйлесетін уақыт та болмайтын. Құдай берген балаларымды асырау үшін әкелері екеуіміз күні- түні жұмыста болдық. Балаларым өздерімен өзі өсті, – деді сексенге жақындаған Күлпан әже.
Біршама пікірден кейін әр жылдары бала тәрбиесіне көңіл бөлудің тәсілі де әртүрлі болған-ау шамасы деп топшыладық. Ал таяқпен тәрбиелеген дұрыс па? Себебі қазіргі жас ата-ана үшін баланың психологиялық жағдайы, жеке тұлға ретінде қалыптасуы өте маңызды. Тағы да ата-аналардың пікіріне зер салсақ.
Гаухар Рзақызы, 1 баланың анасы, 25 жаста:
– Жоқ, баланы ұрып-соғып тәрбиелеуге болмайды. Үйінде әр бұзықтығы үшін сөгіс алып, бұрышқа тұрып, одан қалды таяқтың дәмін татқан бала ертең ынжық болып өседі, қоғамда да қорқынышпен жүреді. Баламен дос ретінде араласып, оның да жеке тұлға екенін түсіндіру керек.
Әсет Мырзалиев, 2 баланың әкесі, 32 жаста:
– Баланың бойында ата-ананы сыйлау, сонымен қатар сәл болса да жүрексіну болу керек секілді. Сол кезде әр қадамын ойланып, байыппен басады. Әкенің қабақ шытқанын, ананың ренжігенін түсінуі қажет. Ал ондай қасиеті болу үшін арасында бір қаттылық танытқан да жөн.
Гүлнұр Рахатқызы, 50 жаста:
– Ел аузындағы сөздерге мән берсең, маған қойған сұрағыңа жауап табасың. «Балаңды бес жасқа дейін патшаңдай күт» деген бар. Кейін құлыңдай жұмса десе, өсе келе досың секілді сырласу керек екені айтылады. Біз баламызды дәл осы реттілікпен өсірдік. Балалық шағында еркелеттік, әлпештедік, ес біле бастағанда «жоқ» деген ұғыммен таныстырдық, үйдің жұмысына да араласты. Жалғыз бала, ата-әжесінің тұңғыш немересі болса да, ретімен ғана еркелеттік. Ал жігіт болған шағында ақылдасып, жоспармен бөлісіп, оның да тұлға, ойын жеткізуге құқы бар екенін түсіндірдік. Қазір өзі де жас әке, жақсы азамат, жақсы күйеу.
Әмина Мұрат, 35 жаста:
– Ана атанғанға дейін ешқашан балама ұрыспаймын деп ойлайтынмын. Бірақ балаңның болашағы үшін қажет кезде ұрыса да, еркелете де білу керек екенсің. Тек таяқпен өскен бала, ертең таяққа да еті үйреніп кетеді. Ал тым бос ұстасаң да, қой дейтін қожа болмаса, тағы болмайды.
Тұрсын Мырзағали, 60 жаста:
– Балаңның болашағына алаңдасаң, бесіктен баста, тіпті туғанға дейін әрекет ет, қарағым. Қазақы ортада бесік жырын айту, ертегі мен мысал арқылы тәрбиелеу деген бар. Бүгінде бұл қалып бара жатқан, шаңбасқан үрдіске айналды. Кішкентайынан жүрегіне махаббат пен мейірімді жақсы сіңіре алсаң, ертең елі үшін еңбек етіп, отбасының жүгі мен жауапкершілігін арқалай алатын үлкен ер азамат болып өседі.
Қатыгез бала қайдан шығады?
Жақсы көру керек, бала махаббатқа бөлену керек дедік. Бірақ мейіріммен өскен бала да қатыгез бола ма? Мысалы сыныптастардың, достардың арасында келемеждеу, қисынсыз әзілдеп, көңілге қарамау бұрыннан бар дүние. Ал одан қалды кейінгі жылдары буллинг, қысым да жиілеп кеткен-ді. Мысалы былтыр жыл соңына таяп қалған уақытта Түркістандағы 9 сынып оқушысы сыныптастарының соққысынан қайтыс болды. Ал биыл Құлсарыда 10 сынып оқушысы мектепке балтамен келген. Тағы бір ескеретін жайт, мектептегі буллинг үшін ата-анаға айыппұл салынады. Егер буллинг алғаш рет тіркелсе, айыппұл көлемі 10 АЕК, ал қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері 30 АЕК-ке дейін өседі.
DATA HUB мәліметінше, елде былтыр қаңтар-қыркүйек айларында 1703 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 2024 жылмен салыстырғанда 35%-ға көп.
2015-2019 жылдары 2 мыңнан астам жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылған, ал 2020-2024 жылдары көрсеткіш 1,5 мыңнан аспаған. Десе де осы аралықта, яғни 2022 жылы қайта өсу байқалып, 2025 жылы күрт артқан.
Баланың қателігін ата-ананың берген тәлім-тәрбиесіне арта алмаймыз, десе де жауапкершілікті ата-ананың мойнынан ешкім алмады. Мұндай қылмысқа, қатыгездікке не себеп? Тәттісін тығып берген ата-әже, киімі бүтін болсын деп жұмыста жүрген ата-ана баласына жұдырығыңды ала жүгір демейді ғой. Психологтардың айтуынша, кей ата-ана жасөспірім баласының теріс қылыққа әуестенген шағын ескермей қалады. Ал дәл осы жасөспірім кез баланың ішкі менін, қоғамдағы орны мен тұлға ретіндегі қағидаларының қалыптасатын уақыты.
Қатыгездік – балаға тән табиғи қасиет емес. Ол көбіне баланың психикасына, үйдегі тәрбиеге, мектептегі ортаға және әлеуметтік үлгілерге байланысты қалыптасады. Мейірім мен тұрақтылықты көрмей өскен бала қорқыныш пен ашуды өз қорғаныс механизмі ретінде қолданады. Сондай-ақ достар қысымы, келемеждеу, агрессивті контентке жиі ұшырау балада агрессияны қалыпты мінез деп қабылдауға әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір баланың жүрегінде ізгілік пен мейірімділіктің өсуіне жағдай жасау – қоғам мен ата-ананың негізгі міндеті.
Педагогикада «тоқаш пен таяқ» деген әдіс бар. Ылғи мақтап, тоқашпен ғана тойдыруға болмайтын сияқты, үнемі таяқпен де балаға тәлім беруге болмайды. Бала тәрбиесі – дәл осы әдістің өзіндік үйлесімі секілді. Мейірім мен қаттылықты, жылы сөз бен шынайы шектеуді дұрыс үйлестіре білсек, ол бойына ізгілік пен жауапкершілікті сіңіреді.
Бастаған сөзбен қорытындылауды жөн көрдік. «Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер».
Ә.ЖАНӘБІЛҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!