Мектеп оқушыларының жеке тұлға ретінде дамуына халықтық педагогаканың мұралары, ұлттық тәлім-тәрбие зор үлес қосады. Тәрбие үрдісінде халық педагогикасының тәлімдерін енгізу арқылы қаны да, жаны да таза, елін, жерін, тілін қастерлей алатын азамат дайындауға жол ашылады. Бүгінгі мектептің оқу-тәрбие үрдісіне халықтық педагогиканың тәлімдерін және әлемдік мәдениет құндылықтарын енгізу мәселелері көптеген ғалымдардың еңбектерінен орын алады. Осы құндылықтар жаһандану жағдайында мәдени қарым-қатынас және ұлттық тәлім-тәрбие құралы болмақ.
Жеке тұлғаның дамуы оның әрекетінен және басқа адамдармен ой алмасу, сондай-ақ сана-сезімінің пісіп жетілу үрдістерінде өтеді. Жеке тұлғаны әлеуметтендіру мектепте атқаратын іс-шараларда негізгі орын алады. Яғни, оқушының өмірге деген көзқарасын, адамзат мәдениетін меңгерту, қоғамдағы орнын еркін табуы, ұлтаралық мәдени қатынастарды меңгерту мектептің оқу-тәрбие жұмысының негізі. Сондықтан алдымыздағы негізгі міндет – білімді, мәдениетті жеке тұлғаны қалыптастыру.
Ұрпақтың бойына қайырымдылықтың, ізгіліктің дәнін сепсек деп ойлаймыз. Ал оның барлығы ұлттық тәрбиемізден бастау алатынын кейде естен шығарып аламыз. Ендігі бөлек Еуропаның, белдігі бөлек Батыстың мәдениетін жоғары санап, соған басымдық беріп, ұлттық тамырынан ұзап бара жатқан ұрпақ өз арамызда өріп жүр. Соларға салт-дәстүр, таным-түсінігімізді барынша сауатты түсіндіріп, ортамызға қайта оралту міндеті тұр алдымызда. Қазақи орта үшін әуелден тән қасиет үлкенді қадірлеу, қонақжайлылық, қоршаған ортаға құрметпен қарау, туысқандық тығыз байланыс орнату, балажандылық, еңбексүйгіштік, жан-жануарларға жанашырлық таныту тағы да басқалары – тұрмыс-салтымызбен тығыз байланысты дүниелер. Сондай-ақ ата-ана өз баласына ата-баба салтын сіңірудің алғышартын жасаса, қалғанын білім ұялары қостап әкету керек. Сонда ғана елін, жерін сүйетін шынайы патриоттар қатары көбейеді.
Мемлекеттің негізгі басымдығы – балаға сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Ұстаздар қауымы да жаңаша әдіс-тәсіл іздестіріп, күнделікті жұмыс барысында қолданса бала тәрбиесі алға басары сөзсіз.
Гүлзада Нұрмағанбетова,
И.В.Панфилов атындағы
№5 мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!