Біз түнде алаңсыз ұйықтап, күндіз баламызды мектепке, жақындарымызды жұмысқа қорықпай жібереміз. Қаладағы қарбалас тіршілік, көліктер ағыны, саябақтағы жайбарақат серуен. Бәрі де өз ағымымен, табиғи заңдылықпен жүріп жатқандай көрінеді. Бірақ осы тыныштық пен тәртіптің артында үлкен еңбек, қатал дисциплина тұрғанын біз байқаймаймыз, кейде тіпті елемейміз де.
Полиция қызметкері – тек иықтағы погон мен үстідегі нысанды киім ғана емес, бұл азаматтардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін күн сайын, сағат сайын қауіп-қатерге бас тігетін күрделі мамандық иелері. Олардың жұмысы – қаланың немесе ауылдың қайнаған ортасында, кейде көзден таса, бірақ әрқашан халық игілігі үшін атқарылатын ауыр миссия. Бұл форманы киген сәттен бастап өз жеке басыңның, өз жайлылығыңның мүддесінен бұрын, қоғамның мүддесін жоғары қою деген сөз. Ендеше, қарапайым халыққа беймәлім қырлары көп тәртіп сақшысының бір күні қалай өтетінін, олардың ішкі әлемі мен қызметтік міндеттерін тереңірек үңіліп, бірге білейік.
Біздің кейіпкеріміз – Қызылорда қаласы Полиция басқармасының патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары, полиция майоры Ержан Шамахов.
Полиция қызметкерінің жұмыс күні 7:30-да басталады. Осы уақытта олар саптық жиынға дайындалады. Қызметкер ең бірінші өзінің құрал-саймандарын алады. Қызметке шығу үшін өзіне керек радиобайланыс, резина таяқшасы, дубинка, броник, портативті жетонды алуы тиіс. Бұл құралдар арнайы орында сақталады. Сондықтан жұмысқа қажет заттарды қол қойып, тиесілі таңбалар арқылы алады. Жиынға дайындықтың соңғы кезеңі – табельді қарудың дайындығы. Бұдан кейін сақшы жұмыс күніне дайын. Саптық жиында командир олардың алдағы күнге дайындығын тексертеді. Үстіне киген нысандық киімнен бастап қызметтік куәлікке дейін қаралады. Одан кейін кезекші сол күні болатын қалалық, облыстық, республикалық шаралар туралы, қандай жағдайларға дайын болу керегін айтады. Бұл мәселемен қалай және қандай шара атқарылуы керек екенін де атап өтеді.
Әр мамандықтың ерекшелігі мен қиындықтары болады, бірақ елдің тыныштығына жауапты полиция қызметкерлерінің жұмысы күтпеген оқиғаларға толы. Сағат 9-дан бастап учаскеге және желіге көптеп хабар түсе бастайды. Олардың себебі де әртүрлі. Бірде отбасылық жанжал, бірде көшедегі төбелес, енді бірде дүкенде жасалған ұрлық туралы хабар түссе, кейде тіпті «үйде жарық өшіп қалды» деп хабарласатын тұрғындар да бар көрінеді. Қалай болғанда да, 102 нөміріне түскен әрбір қоңырау назардан тыс қалмайды. Оқыс оқиғаның жанында ең бірінші болып жүретін, алдыңғы шепте тұратын да осы – патрульдік полиция.
Полиция қызметкерлерінде кеңсе қызметкерлері сияқты нақты белгіленген регламент, яғни жұмыс уақыты жоқ десе де болады. Иә, заң жүзінде жұмыс уақыты 8 сағат деп белгіленген. Алайда нақты өмірде сақшы «8 сағат өтті, жұмысым бітті» деп қызмет орнын тастап кете алмайды. Егер ауысым аяқталар тұста ауыр қылмыс жасалса немесе күрделі жол-көлік оқиғасы орын алса, олар іс толық аяқталғанша, тергеу тобы келгенше сол жерде болады. Мәселе шешімін таппай, хаттама толтырылмай, зардап шеккендерге көмек көрсетілмей тұрып, көңілді басқаға бөлу, үйге қайту мүмкін емес. Бұл – жазылмаған заң.

Онымен қоса, табиғаттың мінезі мен ауа-райы да 24/7 қалыпты бола бермейді. Бірде нөсерлеп жаңбыр құйса, бірде қалың тұман түседі, енді бірде сүйектен өтетін аяз қариды немесе аптап ыстық болады. Полиция қызметкерлері оған да бейімделген. Олар «Жаз мезгілі. Күн ыстық. Бүгін сыртқа шықпаймын» деп үйде жатып не көлеңкеде тұра алмайды. Қызылорданың аптап ыстығында да, қыстың қақаған суығында да қатарда тұрады. Күн суытса да, қызметтік борышын өтейді. Өздеріңіз байқағандай, кейде қаламызда қар, жаңбыр жауып техникалық ақаулар болып, бағдаршамдар істен шығады. Сол кезде үлкен жол қиылыстарындағы көлік кептелісін, апатты жағдайды болдырмау, бұл мәселені реттеу үшін полиция қызметкері келеді.
– Біздің басты мақсатымыз – қылмыскерді ұстау ғана емес, ең алдымен халықтың денсаулығы, өмірі, тыныштығы мен қауіпсіздігі. Сол себепті біз барлық жағдайға, мейлі ол табиғи апат болсын, мейлі қылмыстық оқиға болсын, сақадай сай болып шығамыз. Байқасаңыздар, кейде қызметкерлер мектеп оқушыларын топтастырып, қауіпті жол бөліктерінен өткізеді. Бұл да біздің құрамның тікелей міндетіне кіреді. Бұл жай қызмет емес, бұл – адамгершілік қасиет. Себебі әрбіріміздің үйімізде бала бар, олардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Одан бөлек жолда қарттарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектесу секілді игі істерді де күнделікті атқарып жүреміз, – деді өз сөзінде полиция майоры Ержан Шамахов.
Полиция жұмысының тағы бір маңызды ерекшелігі – ұжымдық жұмыс және серіктестік. Патрульдік экипаж әрқашан екі немесе одан да көп адамнан тұрады. Олар қызмет барысында бір-біріне туған бауырдай сенім артады. Қауіпті сәттерде бірін-бірі қорғайды. Қарулы қылмыскермен бетпе-бет келгенде немесе топтасқан бұзақыларды құрықтау кезінде арттағы серігіңнің сенімділігі өмірлік маңызға ие. Әрбір жедел шақырту кезінде олардың әрекеттері біртұтас, үйлесімді, алдын ала ұйымдастырылғандай болуы керек. Бұл тек кәсіби дағды ғана емес, жылдар бойы қалыптасқан сенім мен бауырмалдықтың белгісі.
Көшелер мен аулалардағы тыныштық – әрбір қызметкердің күнделікті, кейде көзге көрінбейтін тынымсыз жұмысының нәтижесі. Қоғамдық тәртіп – өздігінен орнайтын дүние емес, ол тұрақты назар мен күш-жігерді талап етеді. Ал патрульдік қызметкер өз міндеттерін лайықты атқаруы үшін тек заңды білу аздық етеді. Адалдық, ұстамдылық, сыпайылық және адамдарға деген шынайы құрмет қана халықтың сеніміне ие болуға мүмкіндік береді.

Мамандық уақытпен санаспайды
Адам болған соң өмірде әртүрлі оқиға болады, жақсысы да, жаманы да қатар жүреді. Патрульдік полиция қызметкерлерінің міндеті – тек қоғамда болып жатқан мәселелерді, дау-дамайды шешіп қана қоймай, оның алдын алуда әртүрлі профилактикалық шаралар жүргізу. Қазіргі қоғамда адамдардың көбісі бекітілген жұмыс уақыты арасында жұмыс істеуді қалыпты жағдай деп санайды. Демалыс күндерін асыға күтеді. Ал бұл мамандық иесі күндіз-түні қызымет етеді. Полиция қызметінің ерекшелігі – қылмыс пен құқық бұзушылық уақыт таңдамайды, мереке немесе демалыс деп қарамайды. Төтенше жағдайлар, жол апаттары, азаматтардың қауіпсіздігіне төнген қатер – мұның бәрі тәуліктің кез келген мезгілінде, түн ортасында не таңда туындауы мүмкін. Сондықтан патрульдік полиция қызметкері өз өмірін, отбасылық жоспарларын және жеке уақытын қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мүддесіне толықтай бағындырады. Олардың жұмысы кезекшілік кестесімен жүреді және көбіне шұғыл шақыртуларға байланысты демалыс күндері мен жаңа жыл, Наурыз сияқты мерекелік мейрамдарда да күшейтілген режимде қызмет етуге тура келеді. Жұрт мереке тойлап жатқанда, олар сол мерекенің тыныш, қауіпсіз өтуін қадағалайды.
Бұл тек мамандық емес, бұл – өмір салты және қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік. Ол адамнан қажырлылықты, жанқиярлықты және әрдайым, тіпті кез келген секундта дайын тұруды талап етеді. Біз көбіне полицияны тек басымызға іс түскенде, оқыс оқиға орын алғанда ғана еске аламыз. Кейде айыппұл салғаны үшін сынаймыз, кейде іс баяу жүрді деп ренжиміз. Алайда, әділ бағасын беру үшін бір сәт ойланып көрейікші. Егер бір күн, тек бір ғана күн қалада полиция болмаса не болар еді? Жолдардағы ретсіз кептеліс, бейберекетсіздік, қылмыстың өршуі, күштінің әлсізге әлімжеттік. Мүмкін қарапайым ғана аулаға, дүкенге шығудың өзі үлкен қорқыныш болар ма еді? Мұның бәрі біздің қалыпты, жайлы өмірімізді астан-кестең етері сөзсіз.
Тәртіп сақшысының погонындағы әрбір жұлдыз, маңдайындағы әрбір әжім, ұйқысыз өткен түндер бұл сала екінің бірінің қолынан келмейтінін дәлелдейді. Бұл жұмыс шыдамдылық пен ерлікті талап етеді. Ержан Шамахов сияқты мыңдаған офицер мен сержанттардың күнделікті орындалатын ерлігінің арқасында біздің балаларымыз алаңсыз күліп, тәуелсіздіктің дәмін татып, тыныш ұйықтайды.
Полиция қызметкерінің өмірі – қызғылт көзілдірікпен көретін, атыс-шабысқа толы фильмдер мен кинодағы романтикалық, алдамшы образ емес. Бұл – нағыз, маңдай тер мен ауыр еңбектен, қауіп пен қатерден тұратын өмір. Бұл жолды таңдаған адамдар отанға қызмет ету деген парызды жүрегімен, жан-тәнімен сезінгендер. Олардың бойындағы патриотизм, әділдікке деген құштарлық және қиналған адамдарға көмектесуге деген ізгі ниет кез келген қиындықты еңсеруге күш береді. Ендеше, көшеде, жол қиылысында немесе іс-шараларда қызметтік борышын өтеп жүрген сақшыны көргенде, оған құрметпен қарау, олардың еңбегін бағалау – біздің азаматтық парызымыз. Себебі олар – біздің қауіпсіздігіміздің кепілі, бүгінгі күннің қаһармандары!
Мерей ШӘКРАТ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!