Фото: egemen.kz

Ертеде бір үлкен орманның шетінде, адам баласы сирек баратын жерде, Қара Түтін деген сиқыршы өмір сүрді. Ол ерекше «тәтті у» жасап, соны айналадағы тіршілік иелеріне ұсынып, оларды өзіне тәуелді етуді армандайтын. Тәтті у дегені – алғашқыда дәмі тәтті, жұпар иісті, бірақ бір рет дәмін татқаннан кейін қайғылы өмірге жетелейтін есірткі еді.
Бір күні Қара Түтін алқапта бейқам жүрген кішкентай қоянды тоқтатып:
— Сені бақытты әрі мықты ететін сыйлығым бар, дәмін көресің бе? – деп ұсыныс жасады. Қоян күмәнданса да, сиқыршының сөзіне алданып, тәтті уды татып көрді. Ол өзін керемет сезініп, секіріп ойнап кетті. Бірақ келесі күні қоян сол дәмді қайта іздеп таппай, мазасыздана бастады.
Қоян енді өмірінде бұрынғыдай қуаныш сезіне алмай, тек тәтті уды іздеді. Ол әлсіреді, жүні түсіп, достарынан алыстап кетті. Оның жағдайын байқап қалған ақылгөй Түлкі бірден Қара Түтіннің арам жоспарын түсінді.
Түлкі қоянға келіп:
— Сен бұл удың құлы болып қалдың. Ол тек бастапқыда бақыт сыйлағандай көрінеді, бірақ шын мәнінде денсаулығыңды, қуанышыңды, еркіндігіңді ұрлап жатыр, – деді.
— Мен енді не істей аламын? Бұл уды тастай алмаймын, – деп мұңая жауап берді қоян.
Түлкі оған көмектесудің жолын ойлап тапты. Ол барлық жануарларды жинап, қоянға қолдау көрсетті. Олар оған таза тамақ пен суды әкеліп, оның көңілін аулап, бірге уақыт өткізді. Қоян баяу болса да, тәтті удан бас тартуға бел буды.
Біраз уақыттан кейін ол қайтадан күші мен бақытын тапты. Қоян өз қателігін түсініп, басқа жануарларға Қара Түтіннің зиянды уы туралы ескерту жасай бастады.

Есірткі – тәтті көрінетін у. Ол саған уақытша рахат сыйлағандай болып көрінеді, бірақ шын мәнінде денсаулығыңды, достарыңды және болашағыңды тартып алады. Оның тұзағына түспе, ал егер түссең, өзіңді құтқару үшін көмек сұраудан қорықпа. Еркіндік пен таза өмір – ең құнды сый.

Айзере ХАКІМ,
А.Хангелдин атындағы N179 орта мектептің 10 сынып оқушысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!