Лудомания – адамның құмар ойындарға деген тәуелділігі. Ол ойын автоматтары, онлайн-казино, бәс тігу мен лотереяларға қатысу арқылы көрініс табады. Мұндай ойындар көбінесе «жеңіл ақша табудың жолы» ретінде ұсынылады. Алайда шын мәнінде, бұл ойындар адамның миындағы дофамин жүйесін қоздырып, уақыт өте келе физикалық әрі психологиялық тәуелділікке ұласады.

Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаевтың айтуынша, Қазақстанда 350 мың адам құмар ойындарын ойнайды екен, оның 36 мыңы лудоман.

Лудоманияға адам саналы түрде барады. Дегенмен бұл құбылыс біздің санамызда қалыпты жағдай ретінде орын алған. Себебі букмекерлік кеңселердің жарнамасы барлық жерде кездеседі, ал оның біздің түпсанамызға әсері туралы көп біле бермейміз. Керісінше, күнделікті өмірде теледидардан, әлеуметтік желіден, үлкен ғимараттардың сыртындағы жарнамалардан құмар ойындарды насихаттайтын көріністерді жиі көреміз. Соның салдарынан біздің көзіміз бен санамыз лудоманияны мәселе ретінде қабылдамайды. Кейде жастар «ойнап көрейін, ештеңе етпес» деген оймен бастап, бірте- бірте тәуелділікке түсіп жатады.

Лудомания адам өмірін күрт өзгертіп жіберуі мүмкін. Көбіне бұл қылмыс жасауға, несие мен қарыз алуға, отбасымен араздасуға және басқа да тәуелділіктерге әкеледі. Мысалы, 2023 жылғы статистика бойынша, ерлі-зайыптылардың ажырасуының 70%-ы құмар ойындардың әсерінен болған. Кейбір ойыншылар тіпті тұрғын үйін немесе соңғы ақшасын да бәске салған.

Жалпы, құмарлыққа салынудың психологиялық себептері бар. Соның бірі – «жеңіске жету иллюзиясы». Бір рет ұтып көрген адам өзін өмірдің басты жүлдесін жеңіп алғандай сезінеді. Одан әрі адреналин мен тәуекелге құмарлық адамды қызықтырып, жаңа эмоция бергендіктен адамды сол сәтте арбап алады екен.

Лудомания – күрделі құбылыс. Онымен күресу үшін біршама күш қажет. Мысалы, букмекерлік жарнамаларға тыйым салу, мектеп жасынан бастап түсіндіру жұмыстарын жүргізу, лудоманияға шалдыққандарға психологиялық көмек көрсету шараларын ұйымдастыру.

Көбіне құмар ойындар қоғам назарынан тыс қалып жатады. Бірақ олардың халықтың әл-ауқатына тигізетін зияны орасан. Қылмыс, ажырасу, психикалық ауытқу, тәуелділік, несиелер – мұның бәрі «жеңіл ақшаның» артында тұрған ауыр жүк. Сондықтан құмар ойыннан алшақ болайық!

Мерей ШӘКРАТ,
Қорқыт ата атындағы
Қызылорда университетінің студенті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!