Жер бетінде шамамен екі жүзден аса мемлекет бар болғанымен, мыңға жуық ұлт мекен етеді. Осы статистикалық мәліметтен-ақ қаншама ұлттың ата қонысында өзіндік мемлекеті жоқ немесе мемлекеті болса да тәуелсіздігі мойындалмаған. Ал қазақ халқының өз ата мекенінде өзіндік билік құрып, әлем картасында Қазақстан атауымен өзінің тәуелсіз республикасы бар. Бұл әлемдік саяси-экономикалық тұрақсыздық шеңберіндегі қазақ халқының мақтанышпен кеуде керіп айта алатын жетістігі.

Осы күндері Қазақстан тәуелсіздігін кеше алды ма, әлде бұрыннан болды ма деген екі ұдай пікірлер қаптап жүр. Әрине қазақтың қазақ болып қалыптасқаннан бері ешкімге бағынбаған, сайын даланы көкбөріше еркін кезген өзінің тәуелсіз мемлекеті болған.

Сәл тарихқа көз жүгіртіп, артқа шегініс жасасақ, ХV ғасырдың орта шенінде ауызын айға білеген Еуразия материгінің жартысын дәргейіне салған алып Алтын Орданың тікелей мұрагері Ақ Орданың бағзы мекені, қазіргі қазақ даласында еркіндікті аңсаған Қазақ хандығы өмірге келді.

Үш ғасырдай шаңырағы бұзылмай келген көшпелі қазақтар түрлі соғыстың, алмағайып заманның нәтижесінде өзінің тәуелсіздігінен айырылып қалған-ды. Алдымен Ресейдің отарлау саясатына тап болса, осыдан бір ғасыр бұрын Кеңестер елінің автономды республикасына айналды.

Алайда тәңірдің бізге берген тартуы болар, тәуелсіздік жолында күрескен ата-бабамыздың ғасырлық арманы, ел мүддесіндегі үміті қайта тұтанып, 1991 жылы 16 желтоқсанда өз тәуелсіздігімізді қайта қолға алдық.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылында жас мемлекетіміз үшін ауыр болғанымен, сын-қатерлерден өте отырып, елеулі жетістіктерге қол жеткізе білдік. Шекарамыз бекітіліп, өз әскеріміз жасақталды. Біріккен ұлттар ұйымына мүшелікке өтіп, ядролық қарудан бас тарта отырып, бейбіт сүйгіш елге айналдық. Өзіміздің көк байрағымыз төрге ілініп, кең даламызда Әнұранымыз ойналды. Төл теңгеміз қолданысқа еніп, қилы кезеңде ата қоныстан ажыраған қандас-бауырларымыз тұранның төріне ағыла бастады. Алғашқы он жылдықта Ата Заңымыз қабылданып, Сарыарқа төрінде әсем Елордамыз бой көтерді.

Жоспарлыдан нарықтық экономикаға қадам басып, кәсіп жасаймын деген азаматтарға мүмкіндіктер есігі ашылды. Жаңа оқу орындарының іргетасы қаланып, Тәуелсіз қазақ елі экономикасы бәсекеге қабілетті демократиялық мемлекет ретінде әлемде тұрақтылықтың символына айналды.

Түрлі салада реформалар орын алып, болашаққа сеніммен қадам баса бастадық. Сондай реформалардың бірі сот жүйесінде де орын алды. Кеңестік кезінде атқарушы билікке тәуелді, сайланбалы сот жүйесі 1992 жылғы 24 маусымдағы «Қазақ КСР-нің сот жүйесі туралы» Заңына енгізілген түзетулер нәтижесінде тәуелсіз биліктің бір тармағына айналып, сот төрелігін тұрақты түрде тағайындалатын судьялар атқарып келеді. Сот жүйесін жаңғыруы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын тәуелсіз соттың қорғауы – ел тәуелсіздігінің беріктігін көрсетеді.

Бүгінде экономикасы қарыштап дамыған тәуелсіз еліміздің беделі әлем алдында мойындалған.Күш-қуатының арқасында жетекші ұйымдарға басшылық жасап та көрді.

Қиындықпен жеткен және аялап қорғауға лайықты Тәуелсіздігіміз еңқастерлі, еңқымбаттыұғым. Ел тарихы мен ұлт тағдырына түбегейлі бетбұрыс жасаған қасиетті күнді дәріптеу,сақтау, кейінгі ұрпаққа аманаттау біздің басты борышымыз. Оны осында мекен еткен әрбір адам сезіне білу қажет. Тәуелсіздікті сақтау – жаугершілік заманның ғана әрекеті емес, бейбіт күнде де туған жердің сүйем жерін қызғыштай қорғап, әр азаматына құрметпен қарау, құқықтық мемлекетті нығайту мен заңды бұлжытпай орындау, өз ісіне адал қарау мен ауызбірлікте болу.

Экономикасы қуатты, болашаққа нық сеніммен қадам басқан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі күні құтты болсын!Еліміз аман, бейбіт заман болсын!

Нұрлан ЕЛАМАНОВ,

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!