Күнделікті тағам рационын нан өнімдерінсіз елестету қиын. Қазір нанның сауда сөрелерінде саналуан түрі сатылымда. Адам ағзасына ең пайдалысы –фортификацияланған ұннан жасалған нан өнімдері. Себебі мұндай ұн денсаулықты қалыпты ұстап тұру үшін қажетті түрлі минералдармен, дәрумендермен байытылған. Қазақстан Республикасының аумағында өткізу үшін өндірілетін нан пісіруге арналған жоғары және бірінші сортты бидай ұны құрамында темір бар дәрумендермен, минералдармен және басқа да заттармен міндетті түрде байытуға жатады.

Технологиялық өңдеу кезінде көптеген азық-түлік өзінің құнарлылығын азайтады. Бұларды қайта қалпына келтірудің бір жолы – ұнды дәрумендермен және микроэлементтермен байыту. Күнделікті қолданыстағы тағам болғандықтан адам ағзасына аса қажет темір, фолий қышқылы және дәрумендерді ұнға қосу тиімді.

Қызылорда облысы көлемінде аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметімен нан және нан өнімдерін шығаратын 57 нысан есепке алынған, оның 10-ы кондитерлік өнімдерді дайындаумен айналысады.

Өнімдердің қауіпсіздігін мониторингілеу шеңберінде 38 ұн сынамасы алынып, Ұлттық сараптама орталығының облыстық филиалының радиологиялық, жоғары технологиялық зертханаларына жолданып, цезийге, афлотоксин, В1, В6, В12 дәрумендеріне тексерілді, сәйкессіздік анықталған жоқ. Сонымен қатар таңбалануына, органолептикаға, ылғалдыққа, кілегейлігіне, металл-магниттік қоспаларға, кадмийге, қорғасынға, зиянкестермен ластануына тексеріліп, таңбалану бойынша 1 сәйкессіздік анықталды. Анықталған сәйкессіздік бойынша дүкен сөрелерінен алып тастау туралы санитариялық ұйғарым берілді.

Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламатттылығын қамтамасыз ету бойынша санитариялық ағарту жұмыстарының маңыздылығы айрықша. Бұл бағытта мамандар санитариялық ағарту жұмыстарын тұрақты жүргізіп отырады. Нан және нан өнімдерін өндіруші, сатушы кәсіпкерлерге жоғары және бірінші сұрыптағы фортификацияланған ұнды саудаға енгізу қажеттілігін, ұн қабылдаған кезде сапалық құжаттардағы белгілерге ерекше назар аудару қажеттігін еске саламыз. Сонымен қатар тұтынушыларға ұнды сатып алу кезінде оның фортификацияланғандығы туралы белгілерінің бар болуына мән беру маңызды екендігін түсіндіреміз.

Ерлан Ұзақбаев
Қызылорда облысының СЭБД басшы орынбасары

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!