Мен – келешектің үмітін арқалаған жас ұрпақтың жарқын өкілімін. Арманым – биік, болашағым  –  жарқын. Бірақ сол болашаққа апарар жолда адамды сүріндіретін, үмітін жалмайтын бір дерт бар. Ол – есірткі. Есірткі – бір ғана адамның емес, бүтін бір отбасының, ұлттың қасіреті.

Сөнбес шоқты өшірер суық у адамның санасын мұң бұлтымен бүркеп, жүрегіндегі үміт шырағын сөндіреді. Кешегі жарқын күлкі бүгін мұңға айналып, жүрек түкпіріндегі үміт сәулесі қараңғылыққа жұтылады. Бір тамшы у  бүкіл өмірді күл талқандайды. Жастық  –  жаңылысуға емес, жарқырауға лайық шақ. Біз өз тағдырымызға өзіміз жауаптымыз. Сондықтан мен өмірді, отбасымды, арманымды, елімді таңдаймын.

Жас достар, өз жүрегіңді тыңда – ол сені тек жақсылыққа жетелейді. Мен – өз тағдырыма жауапты тұлғамын. Сондықтан мен әр таңдауда арды биік қойып, өмірдің шынайы құндылықтарын бағалауды жөн көремін. Менің ұстанымым – дені сау ұлттың сергек саналы өкілі болу! Тек білім мен мейірімге, еңбек пен мақсатқа, салауатты өмір салтына сүйенген өмір ғана баянды. Мен  сол жарқын өмірді таңдаймын!

Аружан БАҚЫТЖАНОВА
№272 орта мектептің 10-сынып оқушысы 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!