«Жол мұраты – жету», десек те бүгінгі Қызылордада діттеген жеріңе жету кейде қалтаңды қағуы мүмкін. Қала ішінде такси бағасы кейінгі уақытта күрт көтеріліп, жұрттың жүйкесін жүндей түтіп жүрген секілді. Бұл мәселе жайлы біржақты пікір айту қиын. Себебі теңгенің екі жағы бар: бірі – көлік тізгіндеген таксист, екіншісі – күнделікті такси қызметіне жүгінетін қарапайым халық.
БАҒАНЫҢ ШАРЫҚТАУЫНА НЕ СЕБЕП?
Қызылорда қаласы бойынша 2025 жылдың алғашқы тоқсанында таксидің орташа бағасы 600-800 теңге шамасын құрады. Алайда сағат таңғы 8:00-ден 9:30-ға дейін және кешкі 17:30-дан 19:00-ге дейінгі «час пик» уақытында бұл баға кейде екі есеге дейін өсіп кетеді. Бұған себеп – сұраныстың артуы, жолдағы кептеліс және әр жүргізушінің «өз есебі». Өзге қаладағы тұрғындардың пікірінше, Қызылордадағы такси бағасы өте арзан. Бірақ бұл аймақтың тұрғындары да соған сай табыс табатынын ескермейді. Ал қоғамдық көлікпен қатынау кейбір адамға қолайлы емес.
Өздеріңіз білетіндей, өңірде «қолжетімді» және «комфорт» қызметін ұсынатын такси көп. «Бизнес-класс»-ты тұтынатындар бірен-саран. Себебін түсініп тұрған шығарсыз. Алайда кейбір «қолжетімді» такси көліктерінің жағдайы мүлде нашар. Одан қалды қыстың аязды күні пеші, жаздың аптабында салқындатқышы жұмыс істемейді. Десе де «час пик»-тің кезінде шарықтаған бағамен діттеген жеріңе жеткізеді. Қалай ойлайсыз, бұл әділ бағалау ма?
Ауа райы бұзылған күні, жаңбырлы не боранды сәттерде де баға шарықтайды. Қызылорда қаласындағы такси жүргізушісі Ерлан мұны былай түсіндірді:
– Қатты жаңбырлы күндері көлік жүргізу қиындайды, жолдар тайғақ болады. Мұндай жағдайда қауіпсіздік үшін жылдамдықты азайтып, уақытты көп жұмсаймыз. Бұл өз кезегінде жанармай шығынын арттырады. Сондықтан бағаларды сәл көтеруге мәжбүрміз, – деді ол.
Бір жағынан, жүргізушінің де уәжі бар. Айтуларынша, жаңбырлы күні жолда жиі кептеліс туындайды. Сәйкесінше уақыт пен жанармай көп жұмсалады. Дегенмен кейде бұл жағдайды асыра пайдаланып, бағаны қолдан көтеретін «пайдакүнемдер» де бар. Мәселе тек таксистке немесе тұтынушыға ғана қатысты емес. Бұл – жүйенің әлсіздігінен туындаған күрделі түйін.
Көлеңкелі қызмет, көрінбейтін салық
Кейбір такси жүргізушілері заңды түрде тіркеліп, ЖК (жеке кәсіпкерлік) ашып, әр ай сайын салық төлеп, көлігін сақтандырып, техникалық бақылаудан өткізіп тұрады. Олар үшін шығын аз емес. Бір күндік табыстың кемінде 30-40%-ы сол шығындарға кетеді. Алайда күнделікті қызмет көрсететін так- си жүргізушілерінің басым бөлігі ресми тіркелмеген. Яғни олар салық төлемейді, заң жүзінде жолаушы тасуға рұқсаты жоқ. Бұл мемлекеттің қазынасына да, азаматтардың қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді.
Тіркелмеген жүргізушіге жолаушының қауіпсіздігі, сақтандыру, не жол ережесі маңызды болмауы мүмкін. Себебі ешкім қадағаламайды. «Көрінбейтін жаудан қорық» демекші, көлеңкелі қызмет ертең қауіпке ұрындыруы ықтимал.
Дегенмен «күнімді көру үшін такси болып жүрмін, бала-шағамды, отбасымды жолдың ақысымен асырап жүрмін» деушілерге не деп жауап қатпақпыз? Тағы да үнсіздік… Бірақ мәселе мынада – заңды жұмыс істейтін так- сист пен көлеңкелі жүргізуші бір платформада, бірдей бәсекелестік ортада жүр. Бұл әділетсіздік заңды жүргізушіні «қара жолға» итермелеуі мүмкін. Егер әділ бақылау болмаса, салық төлеу мен адал қызмет көрсетуге ынта кемиді.
Тұтынушы – тәуекел етуші ме?
Такси қызметін жиі пайдаланатын тұрғындардың басым бөлігі «YandexGo», «Indriver», «Aparu» сынды қосымшаларға жүгінеді. Бұл платформада бағаны тұтынушы мен жүргізуші өзара келіседі. Бірақ мұндағы ең үлкен мәселе – қауіпсіздік. Жүргізуші мен жолаушының жеке байланыс нөмірлері бір-біріне көрініп тұрады. Бұл, өкінішке қарай, артықшылық емес – қауіп. Кей жағдайда жүргізуші қызмет көрсеткеннен кейін тұтынушыға қайта хабарласып, мазасын алады.
– Иә, мұндай жағдай басымнан бірнеше рет өткен еді. Әлі күнге дейін жалғасып келеді. Әрине, іс насырға шауып, өміріме қауіп төндірген сәт болды деп айта алмаймын. Алайда такси қосымшаларынан менің жеке байланыс нөмірім көрінгенін қаламас едім. Себебі қыз бала болған соң, қорқасың. Қырындап, жекеме өткендерін қаламаймын. Әсіресе түнгі уақытта. Кейде бір рет «жоқ» дегенді түсінбегендер сталкер ретінде әртүрлі нөмірден хабарласады. Тағы да үрей тудыратын мәселе, ол жаңағы «сталкер» таксисттің менің үйімнің қайда орналасқанын білетіндігі, – дейді қала тұрғыны Фариза Алиева.
Бұл – тұтынушы құқығының өрескел бұзылуы. Жүйеде тұтынушы деректерінің құпия сақталмауы – үлкен қауіп. Әсіресе әйел адамдар үшін бұл жағдай тіптен өзекті. Қауіпсіздік тек апаттық жағдайлармен шектелмейді, ол психологиялық жайлылықты да қамтиды.
– Бір күні туған күн тойлау үшін достарыммен бір мейрамхана жиналамыз деп келіскенбіз. Ойымда түк жоқ, дайындалып, такси шақырмақ болдым. Түнгі уақытта Тасбөгет кентіне көлік келе қоймайды. Әйтеуір дегенде бір такси қабылдады. Жүргізуші зорға дегенде мекен-жайымды тауып келді, одан қалды көлік салонында тағы да бір адам отырды. Достарымның барлығы жиналған екен, тек мені күтіп отыр. Өзімді ыңғайсыз сезінгендіктен, оның үстіне қазір көлікті қайдан табамын деп ұзақ ойланбай таксиға отырдым. Жол бойы таксист пен қасындағы жігіт әлеуметтік желідегі аккаунтымды сұрап, әртүрлі сұрақ қойып мазамды алды. Одан бөлек жылдамдықты біресе асырып, біресе тежегішті басып, әбден ығырымды шығарды. Әтеуір діттеген жерге жеттім. Таксиден түскенше асықтым. Әрине қорықтым. Олар кетіп қалса да, телефоныма тыным бермей, ұзақ уақыт мазамды алды, – дейді Фариза.
Айтылған уәж алаңдатпай қоймауы тиіс. Себебі адам өмірі маңызды және оның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әрбіріміз міндеттіміз. Бұл мәселе – жай ғана баға өсімі емес, халықтың сеніміне селкеу түсіріп, жүйесіздікті айна-қатесіз көрсетіп тұрған жағдай.
Халық не дейді, таксист не күтеді?
Қала тұрғындары арасында такси бағасына байланысты наразылық көп. Бірақ таксист те қарап отырған жоқ. Олар жанар-жағармайдың, көлік жөндеудің, қосалқы бөлшектердің күн сайын шарықтаған бағасын алға тартады. Әр жүргізуші күнделікті табысынан көлікке кететін шығыннан бөлек, отбасының нәпақасын да табуы керек. Бүгінгі такси қызметі – тек қатынау құралы емес, қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың айнасы. Жүргізуші де, жолаушы да ренжулі. Бірі табыс табудың жолын іздесе, екіншісі қалтасына лайық қызмет іздейді. Бірақ бұл шексіз текетірес емес. Қоғам такси жүргізушілерінен адал қызмет, сенімді көлік пен бірізді тариф күтеді. Қалтаға лайықты баға – тұтынушының басты арманы. Бірақ бұл ретте таксистің де жағдайын ескерген жөн. Қымбатшылық бәріне ортақ. Сондықтан жүйелі тариф, заңды бақылау мен әділ салықтық механизм – екі тарапқа да тиімді жол болар еді.
Бастысы – әділ жүйе қалыптастыру. Мемлекет тарапынан заңсыз такси қызметіне бақылау күшейіп, ресми қызметкерлерге жеңілдік болса, тұрғындар да сеніммен қызмет алар еді.
Мәселенің шешімі тек бір тараптың еншісінде емес. Мұны шешу үшін заңсыз такси қызметіне қатаң бақылау орнату керек, электронды платформалар тұтынушы деректерін жасыру жүйесін жетілдіруі тиіс. Ресми так- си жүргізушілеріне салық жеңілдіктері мен техникалық қолдаулар қарастырылып, қала әкімдігі такси тарифін шекті деңгейде шектеу немесе реттеу механизмін ойластырса төбесі көрінген түйткіл өз орнын табар еді.
Сондықтан бұл саланың әділ, қауіпсіз, жүйелі болуын қамтамасыз ету мемлекеттің де, азаматтардың да ортақ міндеті.
Бүгінгі бейберекет әрекет – ертеңгі сенімсіздіктің бастауы. Ал сенім жоғалған жерде сапа да, тәртіп те болмайды. Сондықтан уақытша пайда емес, ұзақ мерзімді сенім мен тұрақтылықтың жолын іздейік.
Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!