Фото: Ашық дереккөзден алынды

Ертеректе ел арасында азықтүліктің жоғары бағасына қатысты наразылық туындаса, бүгінде таксидің бағасы едәуір шарықтап тұр. Қазақстан такси бағасының арзандығына қарай жасалған рейтингте 105 мемлекеттің арасында 13-ші орынға жайғасқан. 2022-2023 жылдар аралығында бағаның өсім деңгейі айтарлықтай жоғары. Ал өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айларында такси қызметін көрсететін компаниялардың кіріс көзі бар-жоғы 1 жылдың ішінде 17%-ға артып, 5,9 млрд теңгеден астам табыс тапқан. Ең жоғары такси бағасының көрсеткіші Алматы облысында – 30,3%-ға дейін қымбаттаған. Соңғы жылда елімізде 47 млн-нан астам адам такси қызметін тұтыныпты, алайда бұл өткен жылға қарағанда 2 есе төмен көрсеткіш. Таксидің құны соңғы жылда 9%-ға артып отыр. Бір жерден екінші жерге жету үшін кемінде 1500-2000 мың теңге қажет. Осы орайда туындайтын мәселе таксидің шарықтаған бағасы. Көлік қызметінің бағасы қажетті нормадан асып кетпеді ме? Сауалға жауап іздеп көрдік.

Көлік – адамзаттың ең үздік туындыларының бірі. Күнделікті өмірдің бөлігіне айналып кеткен темір тұлпардың маңызы орасан зор. Халық қоғамдық автобустың шарапатын көрсе, кейбірі жеке көлік иесі. Қазір табыс көзіне айналған такси қызметін күнделікті мыңдаған адам қолданады. Себебі уақытты үнемдейді, кез келген тұтынушыға ыңғайлы. Бір қаладан екіншісіне бару үшін де пойызбен сағаттап қатынамайсың, ал әуе ұшағы үшін көп қаражатты құртпайсың. Елімізде бірнеше таксипаркі жұмыс істейді, сондай-ақ «Yandex Taxi», «Urban», «Indriver»дің такси қызметіне жүгінушілер саны артты. Шетелден келген қонақтарды діттеген жеріне жеткізіп салу үшін қомақты ақша талап етіп, айласын асырып жүрген таксисттер туралы аз естімейміз. Мәселен, Алматы облысында болған зілзала кезінде такси құны 50 мың теңгеге дейін көтерілді. Бұл жағдай халықтың ашуына тиді. Сондай-ақ ауа райына да байланысты көлік қызметінің бағасы шарықтап, қала тұрғындарына қолайсыздық тудырады. Таңғы, түскі және кешкі уақыттағы бағалар да көңіл көншітпейді.
– Қалада көлік көбейген сайын таңғы уақытта баратын жерімізге кешігуге тура келеді. Тіпті алыс емес шақырымдағы жер үшін 600-700 теңгені көрсетіп тұратын такси қосымшалары ызаландырады. 1 курс студентімін. Таңертең кептелістің кесірінен сабағыма үлгермей қаламын. Осындай кезде такси қызметінің көмегіне жүгінсек, өте қымбат, – дейді студент Маржан Әуезхан.
Ел арасында «Қызылорда – таксисттер қаласы» деген әзіл бар. 213 мыңнан астам адам такси қызметін атқарады. Олар айына 400-500 мыңның үстінде табыс табады деген пікір де айтылады.
– Такси жүргізушілері 400 мың теңге табыс табады деу жалған ақпарат. Ай сайынғы табысымыз 200 мың теңге көлемінде болады. Себебі күнделікті 30 мың теңге тапсақ, оның 14 мың теңгесі көлікті жалға алуға кетеді. Мобильді жүйеге төлейтін комиссия, бензиннен өзге де шығындарды есептегенде таза табыс 10 мың теңгеге жетсе жақсы, – дейді Такси жүргізушілері кәсіподағының атқарушы директоры Нұркен Тәжібай.
Өкінішке қарай, ұлттық экономика министрлігі аяқ-асты автопарктерді субсидиялаудан бас тартатыны туралы күтпеген мәлімдеме жасады. Тиісінше, автопарктердегі көліктерді жалға беру бағасы жоғарылайды. Себебі бұл шешім кәсіподаққа зардабын тигізді. Бұл жүргізушілер арасында наразылық тудырды.
– Күнделікті табыс 10 мыңға жетер-жетпес, кейде 6-7 мыңнан аспайды. Оның 40%-ы жанармайға жұмсалады. Тұтынушының жайлылығы үшін көліктің тазалығына да мән береміз. Күнделікті тапқан ақша осындай ұсақ-түйекпен де жұмсалып кетеді. Артық ақша қалады деп айту қиын. Көлігің жаңа болса жақсы, ал ескінің көрген күні бесенеден белгілі. Таксидің бағасы қымбат деп бізді сөгіп жатқан халықты түсінбеймін. Қызылорда қаласында өзге қалаларға қарағанда баға арзан. Таңғы және кешкі уақытта такси құнының қымбаттауы көлік жетіспеушілігіне байланысты туындайтын жайсыздық. Оның үстіне мобильді қосымшадағы бағаны өзіміз ойлап таппаймыз ғой, бұл техниканың жол ұзақтығына берген құны. Әр тапқан табыс сайын «Yandex Taxi» үстемесін алып отырады. Біз де қарапайым халық секілді салық төлеп, нанымызды адалынан табуды көздейміз, – дейді такси жүргізушісі Берік Қанатұлы.
Аймақта «Yandex Taxi», «Жұлдыз такси», «Indriver», «Халық» және «Максим» таксопарктері жұмыс істейді. Арнайы мобильді қосымшалар іске қосылып, халық игілігіне жарап та тұр. «Yandex Taxi»-дің ұсынатын ең аз деген соммасы 210 теңгеден бастау алады және тегін күту 3 минут. Ал «Жұлдыз такси»дің бағалары 300-400 теңгеден болса, ақысыз күту уақыты 10 минутқа дейін. Сондай-ақ тұрақты тұтынушыларға арналған бонустар қарастырылған. Алайда соңғы уақытта бағаның күрт шарықтауы қала тұрғындарына қолайсыздық тудырып тұр. 213 мыңнан астам адам такси қызметін атқарғанымен, оның барлығы дерлік кәсібін заңдастырмаған. Қазір «былай тартсам арба сынады, былай тартсам өгіз өледінің» кері келіп тұрған шақ. Әрине ақшаның құнсыз шағында бәрі еңбектеніп, нанын тауып жүр. Бағаның өсіміне себеп көп. Жанармайдың қымбаттауы, салықтың құны, көліктің механикалық жағдайы қомақты қаражатты талап етеді. Не де болса түйткілдің де түйіні тарқар. Ал нәтижені уақыттың еншісіне қалдырайық.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!