Фото: Pixabay
Алматыда такси жүргізушісін өлтірген кәмелетке толмаған екі бала 12 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алқабилердің қатысуымен кәмелетке толмаған Г. және Х.-ға қатысты іс қаралды, деп жазады kaz.inform.kz.
2023 жылдың жазында сотталушылар Г. мен Х. Шымкент-Алматы бағытына такси шақыртқан. Діттеген жеріне жеткен кезде, айыпталушылар алдын ала сөз байласу арқылы 40 мың теңге көлеміндегі қызмет ақысын төлемеу мақсатында такси жүргізушісі П.-ны өлтірген, – деп хабарлады Алматы қаласы сотының баспасөз қызметі.
Сот айыпталушылардың жүргізушіге бірнеше рет пышақ сұққанын және соның салдарынан ер адам оқиға орнында қаза тапқанын анықтады. Артынша сотталушылар жәбірленушінің көлігі мен 80 мың теңге тұратын ұялы телефонын ұрлап кеткен. Прокурор айыпталушыларды кінәлі деп танып, әрқайсысын 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.
Алайда жасөспірімдер кінәсін мойындамады.
Алқабилер алқасының үкімімен сотталушылар Г. және Х. кінәлі деп танылды. Әрқайсысы 12 жылдан бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлады соттан.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!