Осыдан 8 жыл бұрын іске қосылған «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі бүгінгі күні тиімділігін дәлелдеді.
Бүгінгі күні аталған сервис арқылы азаматтар сотқа электронды түрде талап қою арыздарды, шағымдар мен өтініштерді, апелляциялық шағымдарды, сот актісін кассациялық тәртіппен қайта қарау туралы өтінішхаттарды беріп, мемлекеттік бажды онлайн режимінде төлеп, сот құжаттарының іс бойынша мәртебесін көріп отыр.
Жалпы, Сот кабинеті – Қазақстан Республикасы сот органдарының электрондық сервистеріне қол жеткізуге арналған бірыңғай терезе болып табылады.
«Сот кабинеті» арқылы тараптар қалаған уақытында сот құжаттарын қарап, іс бойынша сот актілерін басып шығарып ала алады.
Бұл үшін «Сот кабинеті» сервисінде стандартты тіркеуден өту, қолданушылық келісімге қол қою және сотқа электрондық құжат нысанында құжаттарды беру туралы ұсынымдарымен танысу қажет. Сервистің артықшылығы компьютер, интернет және электрондық цифрлық қолтаңба болса, талап қоюды кез келген уақытта бере алады.
«Сот кабинетінде» мобильдік қосымшаның іске қосылғанынан да көпшілік хабардар. Мобильдік қосымшаны жүктеп алғандар сот отырыстары туралы ақпаратты, отырыстың өткізілу күнін, орнын және уақытын біле алады. Сондай-ақ, Жоғарғы Сот «Сот кабинеті» сервисін дамыту аясында электронды түрдегі арыздың тағы бір түрін – «Заңды күшіне енген сот актісін/сот актілерін қайта қарау туралы ұсыныс енгізу жөнінде өтінішхатын» іске қосты. Аталған сервисті пайдаланушы Жоғары Сот төрағасының атына заңды күшіне енген сот актісін кассациялық тәртіпте қайта қарау туралы ұсыныс енгізу жөнінде өтінішхат беру мүмкіндігіне ие болды.
Мұндай заманауи технологиялар азаматтардың пошталық қызметтерге жұмсалатын қаржылық және уақыт шығынын үнемдеуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, сот жүйесіндегі «Төрелік» автоматтандырылған ақпараттық-талдамалық жүйесі кіріс, шығыс хат-хабарларды және ішкі құжаттарды электронды іс жүргізуді тіркеумен қатар азаматтық, қылмыстық, әкімшілік істерді және өзге де материалдарды, әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді есепке алады, арыздарды, істерді, материалдарды автоматты түрде бөледі. Соттарда материалдар және шағымдар сот төрағаларының қатысуынсыз «Төрелік» жүйесінің көмегімен автоматты түрде бөлінеді. Сот мәжілістерінің үн-бейне жазбалары автоматты түрде қалыптасады.
Уақыт талабына сай, сот жүйесі барынша ашық әрі қолжетімді болуды көздей отырып, заманауи технологияларды сот жүйесінде қолдану бойынша жұмыстарды жалғастыра бермек.
Асылжан Алмасов
Жаңақорған аудандық сотының жетекші маманы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!