Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі (бұдан әрі – ӘРПК) әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды реттейді.

Кодекс бойынша әкімшілік талап қою түрлері:

  • Дау айту туралы талап қою;
  • Мәжбүрлеу туралы талап қою;
  • Әрекет жасау туралы талап қою;
  • Тану туралы талап қою болып бөлінеді.

Осы даулар бойынша талап қоюды беруге арналған мерзім ӘРПК -нің 136-бабымен реттелген

Дау айту туралы, мәжбүрлеу туралы талап қоюлар шағымды қарайтын органның шағымды қарау нәтижелері бойынша шешімі табыс етілген күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі. Егер заңда сотқа дейінгі тәртіп көзделмеген немесе шағымды қарайтын орган болмаса, талап қою әкімшілік акт табыс етілген күннен бастап немесе осы кодексте және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен назарына жеткізілген кезден бастап бір ай ішінде беріледі.

Әрекет жасау туралы талап қою адамға әрекеттің жасалғаны туралы мәлім болған, сондай-ақ әрекет жасау үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзім өткен күннен бастап бір ай ішінде сотқа беріледі.

Тану туралы талап қою сотқа тиісті құқықтық қатынас туындаған кезден бастап 5 жыл ішінде беріледі. Бұдан былай заңды күші жоқ, ауыртпалывқ түсіретін әкімшілік актіні заңсыз деп тану туралы талап адамға осы акт арқылы оның құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері бұзылғаны туралы мәлім болған күннен бастап үш ай ішінде мәлімделуі мүмкін.

Сот орындаушысының атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) талап қою әрекет жасалған (әрекет жасаудан бас тартылған) күннен бастап немесе сот орындаушысының әрекет жасау уақыты мен орны туралы хабарланбаған өндіріп алушыға нмемесе борышкерге ор туралы белгілі болған күннен бастап он жұмыс күні ішінде сотқа беріледі.

Құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері әкімшілік актіде қозғалатын, әкімшілік рәсімге қатыспаған адам әкімшілік актінің қабылданғаны туралы адам білген немесе білуі мүмкін болған күннен бастап бір ай ішінде, бірақ ол қабылданған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей сотқа талап қоюды беруге құқылы.

Шағымды қарайтын органга шағым берген адам шағым бойынша шешім табыс етілген кезден бастап бір ай ішінде не қарау мерзімі өткен соң, егер шағым бойынша шешім қабылданбаса, талап қоюмен сотқа жүгінуге құқылы. Дәлелді себеппен өткізіп алынған талап қоюды беруге арналған мерзімді сот Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің қағидалары бойынша қалпына келтіруі мүмкін.

Талап қоюды сотқа беруге арналған мерзімді өткізіп алу себебі мен олардың мәнін сот алдын ала тыңдауда анықтайды. Мерзімді дәлелді себепсіз өткізіп алу, сондай-ақ сотқа жүгінудің өтіп кеткен мерзімін қалпына келтірудің мүмкін болмауы талап қоюды қайтару үшін негіз болып табылады. Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін сотқа жүгінуге жол беріледі.

Жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам болмаған жағдайда, әкімшілік актіге әкімшілік әрекетке сотқа шағым жасалуы мүмкін, бұл туралы әкімшілік іс бойынша шешім қабылдау кезінде әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне шағым жасалатын әкімшілік орган әкімшілік рәсімге қатысушыға хабар береді. Шағымдарды прокуратура органдарының қарауы «прокуратура туралы» Қазақстан Республикасының заңында белгіленген негіздерде және шектерде жүзеге асырылады.

Әкімшілік әділет органдарының негізгі міндеті – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттік әкімшіліктің заңсыз әрекеттерін қорғау. Сот  тараптың ұсынған дәлелдемелерімен шектеліп қана қоймай,  судья талап шегінде өз бастамасымен немесе әкімшілік процеске қатысушылардың  (мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар жеке және заңды тұлғалар) түсініктемесі, арызы, өтінішхаты бойынша қосымша дәлелдемелерді жинақтайды.

З.Жарылқасынова

Қызылорда облысының мамандандырылған

ауданаралық әкімшілік сотының судьясы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!