Белгілі режиссер-сценарист, ҚР Мәдениет қайраткері Оңталап Нұрмахановтың «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым» трагифарсы Абай Құнанбайұлының тағдыр тауқыметі мен шиеленісті сәттерін сәтті суреттеген. Қойылым данышпанның ішкі ойының арпалысымен басталып, азғырушы сайтанның әрекетімен өрбиді. Сондай-ақ ақынның Тоғжанға деген риясыз махаббаты да қалыс қалмай, түрлі ойға жетелейді. Қойылымдағы көркемдік шешімдердің өзі өмірдің күрмеулі мәселелеріне деген көзқарас пен адам жанының терең болмысын дөп тануға итермелейді. Ақ пен қараның айқасында тек әділдік үстемдік құратынын астарлай суреттеген өнер туындысы ешкімді бейжай қалдырмағаны анық.

– «Жастар» театрының құрылғанына көп уақыт болған жоқ. Алайда осы аралықта көптеген шығарманы сахналап, жастар өз әлеуетін көрсете алды деп ойлаймын. Кезекті театр маусымының жабылуына Абай  бейнесін таңдауымыз тегін емес. Ол – жастардың таным биігін әспеттеу, ақынның ой-көмбесімен өскелең буынды таныстыру. Аталған қойылым Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында, түрлі байқауда көрерменнің оң бағасын алып үлгерген еді. Себебі спектакль жаңа бағыт, жаңа тыныс әкелді. Алдағы уақытта әлі талай сапалы туынды ұсынамыз, – дейді қалалық «Жастар» театрының көркемдік жетекшісі О.Нұрмаханов.

Осы орайда театр ұжымының Абай әндерін музыкалық сүйемелдеусіз шырқағанын айтпай кетуге болмас. Ерек қойылымның жарқын тұсы да әнмен көмкеріліп, сезім иіріміне терең бойлауға жол ашты. Әрбір актер өзіне берілген бейнені шебер жеткізіп, көрермен көңілінен шығуға тырысқанын байқамау мүмкін еместей. Басты рөлді сомдаған Мақсат Берікұлы да жауапкершілік жүгінің ауыр екенін айтып, қойылым барысында кезікке қиындықты жеткізді.

– Маған ұлы Абайдың рөлі бақ болып қонды. Өткен маусымда, гострольдік сапар кезінде сомдап жүрдім. Алайда әр сахнаға шығу үлкен жауапкершілік жүктейтін. Осы жолғы қойылымға да 1 айдан астам дайындық жүргіздік. Себебі қойылымдағы Абай образы ақынның толысқан, егде тартқан шақтағы кезін бейнелейді, – дейді қалалық «Жастар» театрының актері Мақсат Берікұлы.

Сонымен қатар театр ұжымы апта басында тағы бір маңызды жетістікке қол жеткізді. Жастар Атамекен балалар ауылының балдырғандарымен бірге Анар Ізденнің «Жанымның ұясы»  спектаклін сахналап, көрерменге ерекше әсер сыйлады. «Қызылорда облысы әйелдер ақпарат орталығы» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен өткен қойылым Қызылорда Облыстық филармониясының концерт залында ұйымдастырылған. Көрерменнің жүрегіне жол тапқан тың дүниенің режиссері Азиза Іздіқұл болса, қазақ тіліне аударған Мақсат Дауылбай.  

Шығарма авторының сөзінше, «Жанымның ұясы» спектаклінің мазмұнына отбасында кездесетін түрлі қиындық пен қоғамдағы өзекті мәселелер арқау болған. Қойылым барысында да аталған бағыт анық байқалады. Отбасын сақтау, заман талабына сай түсінік қалыптастыру, қолдау көрсету, ұлттық құндылықты дәріптеу идеясын көрерменге жеткізуге талпынған.  

Театр – өмірдің айнасы, өткеннің бөлшегі, келешек бастамасы. Сондықтан бүгінгі өнер көгіне қанат қағып, тың туындымен талантын танытып жүрген жастарға қашанда қолдау қажет. Олай дейтініміз, жалынды шағын халыққа эстетикалық ләззат сыйлауға арнаған жастардың еңбегі келешек тарихтың іргетасы екені анық.

Берен ШАҒЫРОВ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!