Еркіндікті жақсы деп ойлаймыз ғой. Әрдайым еркін жүргіміз келеді, еркін болғымыз келеді, жұмыста да еркін графикпен жұмыс істегіміз келіп тұрады. Былай қарағанда керемет сияқты, иә? Бірақ тым көп нұсқа бізге әрдайым көмектесе ме? Мысалы, кешкісін жай ғана фильм көрейін деп, онлайн платформа аштыңыз делік. Алдыңызда титтей суреттері тізілген мыңдаған атау. «Ең жақсысын табайын» деп бір сағат шарлап, ақыры ештеңе көрмей ұйықтаған кезіңіз болған шығар.
Немесе базарға барып, бірнеше киімді киіп көріп, қайсысын аларыңызды шеше алмай қалған сәттер ше? Психологтар мұны «таңдау парадоксы» дейді. Яғни, опция көп болған сайын шешім қабылдау қиындап, алғаныңызға қанағат азаяды. Америкалық психолог Барри Шварц бұл құбылысты жан-жақты зерттеп, таңдау шектен асқанда бостандық емес, керісінше мазасыздық пен өкініш көбейетінін айтқан. Бір қызығы, зерттеулерде 24 түрлі стильдегі киімді киіп көрген адамдардың сатып алу ықтималдығы, тек 6 түрін киіп көргендегіден әлдеқайда төмен болып шыққан. Жылдам танысуда да солай, 6 адаммен кездескендер 12 адаммен кездескендерге қарағанда көбірек жұптасады. Демек аз таңдау сапалы шешімге әсер етеді деген аксиома қалыптасады. Сонымен, мүмкіндігі молайған бүгінгі заманда шексіз таңдау бізді шынымен еркін ете ме, әлде «қос оттың» арасына қалдыра ма? Жастар үшін «таңдау парадоксы» қаншалықты зиян? Аздаған ізденіс жасап көрген едік.
«Таңдау парадоксының» психологиялық салмағы
Күн сайын сансыз мүмкіндікке тап боламыз. Қарапайым дүкенге кіргеннен бастап, интернеттегі ұсыныстарға дейін бәрі бізге таңдау еркіндігін береді. Қарасаң, нағыз бақыт сияқты, қалағаныңды ал, ұнағаныңды таңда деген жаңғырық дыбыс болып естілмесе де, санаға сәуле себеді. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, опция көп болған сайын шешім қабылдау жеңілдемек емес, керісінше қиындайды. Психологтардың тілімен айтқанда, бұл – таңдаудың артықтығынан туатын парадокс. Ми бір мезетте шектеулі көлемдегі ақпаратты ғана өңдей алады. Екі-үш түрлі шалбар тұрған сәтте шешім тез табылады. Ал бір қатарға тізілген жүздеген модельді салыстыра бастағанда сана ауыр жүк көтергендей шаршайды. Ақпаратты сүзу, әр детальды сараптау көп уақыт алады. Көз де, ми да қажиды. Соның салдарынан адам кейде мүлдем шешім қабылдамай шығып кетеді немесе ойланбай, бірін ала салады. Осыдан кеп, шексіз таңдау адам баласы үшін ауыр жүк ғана емес, өзіндік шешімдеріне де әсер ететінін түсінеміз. Өйткені тағы бір маңызды фактор – қателесуден қорқу пайда болады. Опция көбейген сайын таңдауда қате жіберемін деген үрей күшейіп, әсіресе өмірлік маңызы бар шешімдерде, яғни, мамандық таңдау, жұмыс ауыстыру, үй сатып алу сынды санаға салмақ түсіретін дүниелер де сізді сан соқтыруы мүмкін.
Психолог Барри Шварц айтқандай, тіпті жақсы шешім қабылдаған күннің өзінде адам санасында басқа нұсқалардың жақсы жақтары қалып қояды. Соның әсерінен «одан да басқасын алсам қайтеді» деген ой мазаны қашырады. Мүмкіндіктің көптігі үмітті де арттыратынын ұмытпаған жөн. Таңдау молайған сайын ең мінсіз нұсқаны табатынымызға сенеміз. Интернеттен зат аларда пікірлерді, рейтингілерді ақтарып, кемшілігі жоқ өнім іздейміз. Бірақ өмірде мінсіз дүние сирек кездеседі. Нәтиже күткенімізге сай келмегенде көңіл суиды, өкініш күшейеді. Салыстыру шаршауы да осындай жағдайда жиі байқалады. Бір-біріне ұқсас он шақты нұсқаның арасынан ең жақсысын іздеп ұзақ уақыт сарп еткен соң, ми «шаршадым» деп белгі береді. Ақырында адам мүлдем шешім қабылдамай кетуі мүмкін. Таңдауы шектеулі ортада қателікке сыртқы жағдайды кінәлауға болады. Ал таңдау шексіз болғанда жауапкершілік тек өз мойныңда. Сәтсіздікке ұрынған сәтте кінәні тек өзінен іздеу ішкі қысымды күшейтеді. Бұл ұзаққа созылса, тіпті психологиялық күйзеліске әкелуі мүмкін. Психологтар осындай теорема шығарған.
Мұндай механизмнің барлығы қазіргі жастардың өмірінде үздіксіз болып жатыр. Мамандық таңдау, жоғары оқу орнына түсу, жұмысқа орналасу, тіпті бос уақытты өткізу тәсілін анықтау да бәрі жүздеген нұсқа мен мыңдаған ұсыныстың арасынан жасалады. Бір қарағанда шексіз мүмкіндік сияқты көрінгенімен, іс жүзінде ол еркіндік емес, психологиялық сынаққа айналып отырғанын байқаймыз. Бұл туралы педагог-психолог Айдана Медетбекқызы айтып өтті.
– Жастар арасында таңдау парадоксы ең жиі байқалатын кезең – кәсіби бағытты айқындау уақыты. Мектеп бітірер шақта түлектер жүздеген оқу орнының, мыңдаған мамандықтың тізімін алдына жайып қояды. Әрқайсысы өздігінше тартымды көрінгенімен, нақты шешімге келу процесі ұзаққа созылып кетеді. Өткен жылы жүргізілген сауалнамада 11 сынып оқушыларының 38%-ы мамандық таңдауды әлі нақтылай алмай жүргенін мойындаған. Себебі – ақпараттың тым көптігі мен оның бәрін бір мезетте салыстыруға тырысудан туындаған когнитивтік шаршау.
Мысал ретінде бір оқушымның жағдайын айтайын. Ол бір уақытта медицина, IT және дизайн саласына қызығып жүрді. Әр бағыт бойынша таныстарынан кеңес алып, интернеттен ақпарат іздеп, ашық есік күндеріне қатысып, нәтижесінде шатасып қалды. Басында «көп ізденсем, дұрыс шешім қабылдаймын» деп ойлады, бірақ бірнеше ай өткенде ол керісінше, қателесіп қоямын деген қорқыныштың күшейгенін байқады. Ақырында уақыт аз қалған кезде, ата-анасының қалауын таңдап, медицинаға баратын болды. Бір жылдан соң басқа саланы таңдау туралы ойлай бастады.
Психологиялық тұрғыда адамға белгілі бір шектеу мен құрылым қажет. Қалаған нұсқаны таңдауға мүмкіндік беру маңызды, бірақ опцияларды сұрыптап, нақты мақсатқа жақын баламалармен ғана жұмыс істегенде шешім қабылдау жеңілдейді. Кәсіби бағдар беруде біз дәл осы әдісті қолданамыз, оқушыға жүздеген мамандықты бірден тізіп бермейміз, алдымен оның қызығушылығы мен қабілетіне сай 3-4 бағыт ұсынамыз. Осылайша таңдау парадоксының салдарын азайтуға болады, – деді психолог.
«Шексіз опциялар буыны» шешім шығара ала ма?
Қазіргі жастар – мүмкіндігі де, таңдауы да бұрынғы буыннан әлдеқайда көп ұрпақ. Бүгінгі 18-30 жас аралығындағы адамдарды кейде «шексіз опциялар буыны» деп атайды. Ғалымдар Арнетт сипаттаған «ересек болмау кезеңі» осы заман жастарына тән құбылыс екенін айтады. Бұрынғы ұрпақ 20 жасқа тақағанда тұрақты жұмысқа орналасып, отбасы құрып үлгерсе, қазіргі көптеген жас оқуын жалғастырып, не түрлі салаларды байқап көріп, өмір жолын таңдауын кешіктіріп жатады. Оның бір себебі – айналасында таңдаудың көбейгендігі.
Мысалы, посткеңестік кеңістіктегі бірінші буын еркін нарық, ашық қоғам жағдайында өсті. Чехия зерттеушілері жүргізген 5 жылдық зерттеу нәтижесі бойынша, бұл буын «шексіз» мүмкіндіктерге ие алғашқы ұрпақ және сондықтан шешім қабылдауда қиналып, жауапкершіліксіздікке ұрынатын секілді көрінеді.
«Бұрын болмаған көп мүмкіндік жастарды сенімсіздік пен абыржу күйіне түсіреді де, бір таңдауға тоқталу қиынға соғады», – дейді Масарик университетінің профессоры, психолог Петр Мацек. Ол сондықтан жастардың карьера бастап, үйленуіне бұрынғыдан көп уақыт керек, олар ұзақ таңдауға мәжбүрлі деп түсіндіреді. Расында да, қазіргі көп жас 25-30-ға келгенде де өмірлік жар, тұрақты жұмыс сияқты ұзақ мерзімдік міндеттемелерден қашқақтайды, өйткені әр шешімнің «дұрыстығына» толық көз жеткізгісі келеді. Жастар арасында таңдау парадоксы әсіресе мынадай үш-төрт салада айқын көрінеді. Олардың қатарында білім және мамандық таңдау, карьера жолы, жеке өмір және жалпы өмір салтына қатысты ұстанымдар бар.
Халықаралық ұйымдар мен жергілікті зерттеу орталықтары жинаған деректер жастардың да, жалпы қоғамның да шешім қабылдау үрдісіндегі өзгерістерді көрсетеді. Төменде бірнеше маңызды статистика мен факт ұсындық.
БҰҰ жанындағы Халықаралық еңбек ұйымының (ILO) мәліметінше, дүниежүзінде 73 миллион жас жұмыссыз жүр әрі әр бесінші жас не оқымайды, не жұмыс істемейді. Бұл цифрлар жастар арасында болашаққа қатысты шешім шығарудың тым аз екенінің бір көрсеткіші. Яғни айтарлықтай бөлігінің еңбек нарығына кірігуі кешеуілдеп жатыр. Бұған бір себеп, жоғарыда айтылғандай, «алғашқы жұмысқа орналасу» кезеңіндегі таңдаудың қиындығы. Қазақстанда жастардың жұмыссыздық деңгейі ресми тұрғыда 3-4% айналасында, дегенмен әрбір 10 жастың 1-еуі (шамамен 7-8%-ы) NEET қатарына жатады, яғни білім алмайды да, жұмыс та істемейді. Мұндай жастардың бір бөлігі шын мәнінде жұмыс іздеп жүрсе, қалғаны әлі өзінің өмірлік бағытын таба алмай, ойланып, шешім қабылдай алмай жүргендер болуы ықтимал.
Жоғарыда таңдаудың көп болуы шешімдерді тез өзгертетінін айттық. Бұл АҚШ университеттерінде де бар екен. Ондағы студенттердің 80%-ы мамандығын ауыстырады. Сондай-ақ зерттеулер көрсеткендей, бірінші курсқа түсушілердің 20-50%-ы мамандық таңдауда анық шешімге келмеген. Ал Қазақстанда білім саласындағы ұлттық баяндамаларға сүйенсек, талапкерлер мамандық таңдауда көбіне еңбек нарығындағы конъюнктураны емес, өзінің және ата-анасының беделді, танымал санаған мамандықтарына ұмтылады. 2022 жылғы жастардың ұлттық баяндамасында қазақстандық жастардың басым бөлігі экономист, заңгер, IT маманы сияқты кең танылған салаларды таңдауға бейім екені аталған. Бұл да белгілі дәрежеде қоғамдағы ақпараттық бағдардың әсерінен таңдау жасау үрдісін байқатады. Яғни нақты икемі мен нарық сұранысына емес, қоғамда көбі таңдайтын мамандықтарға бет бұру басым. Алайда кейінгі жылдары заңгер, экономист дипломын алған жүздеген түлек өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмай, мүлде басқа салаға кетіп жатыр. Статистика бойынша Қазақстанда жоғары білім алған жастардың 20-30%-ы ғана өз мамандығына сәйкес жұмыс табады, қалғандары басқа салада істейді немесе жұмыссыз жүреді.
Сала сарапшыларының ойы қалай?
Таңдау парадоксы мәселесін түрлі сала мамандары зерттеп, өз көзқарастарын білдіріп келеді. Таңдау парадоксы терминінің авторы, психолог Барри Шварц жастар арасында да, жалпы қоғамда да бұл құбылыстың зиянды әсеріне алаңдайды.
– Таңдаудың шектен тыс көп болуы екі үлкен проблеманы тудырады. Алғашқысы – шешім қабылдауды қиындатады, ал екіншісі – қабылданған шешімнің сапасын сезінуді төмендетеді. Мысалы, 2000 түрлі шалбардың ішінен біреуін таңдауға тырысқанда, әрқайсысының майда айырмашылығын анықтау үшін қаншама уақытың кетеді, ақыры шаршайсың. Шешім қабылдап, біреуін сатып алған соң, көңіліңде қалған барлық таңдамаған джинсылардың жақсы қасиеттері ұнаған киіміңнен алынған ләззаттың біраз бөлігін алып қояды. Тым көп таңдау адамның таңдау қабілетін параличке ұшыратады, тіпті мүлдем шешім шықпай қалуы мүмкін. Ал бір шешім қабылдағанда, қаптаған баламалардың ішінен бас тартқандарыңның бар жақсы қасиеті таңдап алған біреуіңнің берер рахатын кемітіп, өз таңдауыңа разы болмай шығасың, – дейді Барри Шварц.
Ал педагог-психолог Айдана Медебекқызы таңдау парадоксы жасөспірімдерде алғашқы күйзелісті тудыратынын айтты.
– Таңдау парадоксындағы ең маңызды әсері – жасөспірімнің мамандық таңдаудағы күйзелісі. Бірнеше жыл бұрын менің тәжірибемде мектеп түлектерінің бірі 30-дан астам оқу орны туралы материал жинап, өзінен-өзі шаршап қалды. Ақылы колледж, техникалық институт, шығармашылық бағыт – барлығы тартымды көрінгенмен, нақты таңдау жасауда қиналды. Бірнеше апта бойы ақпаратты салыстырып шаршап, соңғы сәтте ата-анасының ұсынғанды таңдады. Бірақ оның жүрегінде «дұрыс шешім бе екен?» деген сұрақ сол күйі қалды. Мұндай кезде оқушыларға мақсаттарына сай нақты критерийлерді іріктеу, шағын топтағы мүмкіндіктермен жүру, тәуекелді басқару маңызды, – деді ол.
Қазақстандағы ювенология және жастар социологиясының жетекші маманы, профессор Александр Николаевич әлеуметтік таңдау процесіне шынайы қоғамдық контекст тұрғысынан қарап, былай деп пікір білдірді:
– Заманауи жастарымыз көп жағдайда шешім қабылдау процесінде әлеуметтік ауа-райын өте алмайды. Мысалы, жоғары оқу орнына түсу кезінде отбасылық, этностық, медиа ықпалдардың көпшілігі олардың таңдауының шынайылық дәйектілігін әлсіретеді. Өз зерттеуімде жастардың өз бетімен шешім қабылдаудағы қиындықтары олардың танымдық емес, әлеуметтік-мәдени құрылымға байланғанын анықтадым. Яғни, таңдаудың көптігі тек жеке психологияны емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілікті, қоғамның қалыптастырған нормаларын сезінуді күшейтеді. Сондықтан таңдау парадоксын тек жеке деңгейде емес, социологиялық контекстте де түсініп, жастарға әлеуметтік бағдар ұсыну маңызды, – деді ол.
Тілші түйіні. Таңдау парадоксын әлеуметті сынақ деп атасақ та болады. Еркіндіктің шексіз нұсқалары кейде бізді шынымен бұғап тастайды, қайта шешім қабылдау қабілетімізді әлсіретіп, қанағат сезімімізді төмендетеді. Қазіргі заманда білім алу, мамандық таңдау, жұмысқа орналасу, тіпті жеке өмірге қатысты ұстанымдардың бәрі жүздеген, мыңдаған баламаның арасынан іріктелетіндіктен, бұл тақырыпқа арнайы шолу жасауды жөн көрдік. Бұл бір жағынан мүмкіндік болса, екінші жағынан жауапкершілік жүгін арттырады. Сондықтан жастар мен жалпы қоғам үшін ең маңыздысы – шексіз опцияның ішінде адаспай, өз құндылықтары мен нақты мақсаттарына сүйеніп шешім қабылдау. Таңдау шеңберін қысқарту, ең маңыздыларын іріктеп алу, тәуекел мен қанағатшылдықты қатар ұстану психологиялық қысымды азайтып, өмір сапасын арттыратын дағды. Еркіндікті тек таңдаудың көптігімен емес, сол таңдаулардың саналы, мақсатқа сай болуымен өлшеуіміз керек. Сонда ғана біз еркіндіктің шынайы ләззатын сезініп, қабылдаған шешімдеріміз үшін өкінбейтін буынға айналамыз.
Е.СӘРСЕНҰЛЫ,
журналист
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!