Алматыда 66 жастағы әйел өзін 10 жылдан астам уақыт қайыр сұрауға мәжбүрлегенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жаздың ыстығы, қыстың суығына қарамастан далаға тастап, күнде ақша жинауға мәжбүрлеген. Жоспарды орындамаған күндері таяқ жеп, тіптен миына да зақым келіпті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Almaty.tv арнасына сілтеме жасап.

Базарда отырып қайыр тілеген әйел осы уақытқа дейін өзін бейтаныс адамдар құлдықта ұстап, қорлық көрсетіп келгенін айтады. Егер айтқан соманы жинамаса, күш те қолданған көрінеді.

“Барлығын тартып алатын. Күні бойы жинаған ақшадан дым татырмайтын. Таңертең базар жақтағы көпірге қалдырып, кешке алып кетіп жүрді. Олар қалаған соманы жинай алмасаң, ит қорлық көрсететін. Оңбай ұрып, сұлатып түсіреді. Содан болар, есімді жөнді білмеймін. Құлдықта менен де басқа адамдар болды. Оларды қаланың басқа жағына тастайды”, – деді жәбірленуші

66 жастағы әйел қазір оңалту орталығында ем алып жатыр. Оны бейтаныс адамдардың қыспағынан еріктілер құтқарып алған. Дегенмен қарияның жанашыр туыстары мен қалтасында құжаты да жоқ. 

“Бір кісі келді. Бетін тұмшалап алған, басында орамал. Ол келді де «апаны бермеймін. Ол біздікі» деді. «Сіз кімсіз?» деп сұрасам, ол келді де апаның төсіндегі телефон нөмірді жұлып алды. Сосын ол камераға түспейтінін айтты. Апаны бермеуге тырысты. Біз қарсыласып, алып кеттік”, – деді  «Әділ» қайырымдылық қорының директоры Оксана Маралова.

Қайырымдылық қорының директоры бұған дейін құзырлы органдарға шағымданғанын, алайда олар арызды қабылдамаған екен.

“Арызын қабылдаймыз. Толыққанды тексеру жүргізіп, дене жарақатына қатысты тиісті сараптама тағайындалып, жаңағы көрсетілген нөмір арқылы банктерге сұраныстар жіберу арқылы, оның кімге тиесілі және қанша қаражат түсіп отырғанын білеміз. Тергеу әрекеті толық аяқталған кезде, мәлімдеме беретін боламыз”, – деді Наурызбай аудандық Полиция басқармасының тергеушісі Мұхамедәлі Абдинаби.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!