Түркістан облысы, Сайрам ауданының тұрғыны 14 жастағы қызын ауылдасы қорлап келгенін айтып, әділдік іздейді. Арыз жазып, араша сұрағанымен құзырлы органнан қайыр таппапты. Осылай деп етегі жасқа толған келіншек жігіттің жақындары кешірім сұрап келмек түгілі, қысым жасағанын жеткізді. Stan.kz тілшісі қыздың анасымен тілдесті.
Түркістан облысы, Сайрам ауданының тұрғыны
Атын айтып, түсін түстеуден бас тартқан келіншек Түркістан облысы, Сайрам ауданында қорланды деген 7-сынып оқушысының анасы. 14 жастағы қызын ауылдасы зорлағанын айтады. Мұны қызы тұйықталып, мінезі өзгергесін бір-ақ байқаған. Дәрігер қабылдауынан кейін бірден полицияға арыздандым деген ол арада бес ай өтсе де ештеңе өзгермегенін айтады.
“Зорлаған. Өз еркімен болған жоқ қой. Қорқытқан ғой. Пышақпен қорқытқан қызымды. Әр кездескен сайын пышақпен қорқытып, денесін тіліп тастаған. “Менің кінәмді ешкім дәлелдей алмайды. Менің анамның да, жездемнің де таныстары көп. Экспертиза жақтан да, басқа жақтан да жауып тастаймын” деп айтқан ғой», – дейді жәбірленушінің анасы.
Сөзінше, түннің ортасында үйге келіп, пышақ тақап алып кететін болған.
Жәбірленушінің анасы 7-сынып оқушысы мен зорлады деген жігіт мектептен бері бір-бірін таниды екен.
Алайда оқуға түскесін бозбала қыздың соңынан келуді қоймаған.
Адвокаты да істің қатты созылып кеткенін айтып отыр.
«Біздің тараптан Сайрам аудандық прокуроры Тілемісовке шағым жазылған болатын. Осы тергеу әрекеттері жүргізілмей жатыр. Созбалыққа салынып жатыр. Алайда ол қараусыз, қанағаттандырусыз қалдырылды. Одан бөлек Түркістан облысының прокурорына шағым берілген. Алайда әлі де іс Сайрам аудандық ПБ-да жатыр», – дейді жәбірленушінің адвокаты Тимур Сәрсенәлиев.
Түркістан облысының полиция департаментінде бұл іске қатысты тергеу басталыпты.
«Бұл факт бірден ҚР ҚК 122-бабының 1-бөлігі бойынша «он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттер» бойынша тіркелді. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда және сараптамалардың нәтижесімен заңды процестік шешім қабылданатын болады», – деп мәлімдеді ведомствода.
Айта кету керек, зорланды деген қыздың жақындары қылмыстық істің бұл бөлігімен келіспейді. Қызымызды қорқытып жарты жыл бойы қорлады деген олар тергеудің әділ өтіп, қылмыскердің жазасын алуын сұрайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!