Танысыңыз банк немесе микроқаржылық ұйымдарынан қарыз алып, сізді сенімгер ретінде тіркеуі мүмкін. Несиесін уақытылы төлемесе, оның және сенімгер ретінде тіркелген адамдардың нөмірі коллекторларға жіберіледі. Танысыңыз қарызын төлемей қойса, әдетте коллекторлар сізге қоңырау шалып, мазалайды. Stan.kz тілшісі жеке тұлғаның рұқсатынсыз оны сенімгер ретінде тіркеу қаншалықты заңды екенін және коллекторлар қарыз жөнінде несие алушыға қандай жағдайда хабарласа алатынын сұрады.

Алматылық журналист ешқандай қарызы болмаса да, оған қаржылық ұйымнан коллекторлар жиі хабарласатынын айтады. Сөзінше, танысы рұқсатынсыз оны сенімгерлер қатарына қосып қойған. Енді ол қарызын кешіктіргендіктен, коллекторлар қарыз алушыны емес, оны мазалайды. Ол банк қызметкерлері сенімгерлердің ақпараты үшінші тұлғаларға берілетініне ашулы. 

“Мен қоңырау шалған адамдарға қарыз алушымен жақын байланыста емес екенімді және сенімгер болғым келмейтінімді айттым. Нөмірімді алып тастасын деп те өтіндім. Алайда олар 2-3 күннен соң қайтадан қоңырау шалып тұрады. Енді тізімнен қалай алдырып тастарымды білмей жүрмін”, – деді қыз.

Stan.kz тілшісі KMF микроқаржылық ұйымынан сенімгер атанудың талап-тәртіптерін сұрады.

“Несие рәсімдеуші кез келген адамды сенімгер ете алады, оған ешқандай шектеу жоқ. Бірақ клиент ұсынған сенімгерлердің қарыз алушыға қатысы бар-жоғына тексеру жүргізілмейді”, – деп мәлімдеді микроқаржылық ұйым.

Алайда несие алушы таныстарының байланыс нөмірін міндетті түрде олардың келісімімен көрсете алады дейді. Рұқсатсыз тізімге қосу “дербес деректерді қорғауды реттейтін норманы” бұзады. 

“Егер несие рәсімдеген адам таныстарының нөмірін рұқсатсыз көрсетсе немесе ол адамға қатысы болмаған жағдайда, деректерді тізімнен жою бойынша несие берушіге, яғни банкке не МҚҰ-ға хабарласу керек”, – дейді KMF баспасөз қызметі.

Сенімгерлердің нөмірі банк/МҚҰ-ға не үшін керек?

Банк/МҚҰ сенімгерлерден несие алушының қарызын төлеуді талап ете алмайды. Бірақ көрсетілген таныстарының нөмірі борышкермен байланыса алмаған жағдайда керек дейді. Сенімгерлер арқылы борышкерлердің байланысқа шығуын сұрайды.

Мұны кейде алаяқтар өз пайдасына қолдануы мүмкін. Әдетте мұндай жағдайда:

  • Оператор өзін таныстырады және ұйымның атын атайды;
  • МҚҰ ресми нөмірлері арқылы қоңырау шалады;
  • KMF қызметкерлері ақша аударымдарын, жеке деректерді немесе растау кодтарын айтуды талап етпейді;
  • МҚҰ-ға қайта қоңырау шалып, ақпаратты тексеруге болады.

Біреудің қарызы үшін банк/МҚҰ мазаңызды алса, не істеу керек?

Заңгер Жандос Ниязалиев банк/МҚҰ рұқсатты сенімгерлерден өздері сұрауы керек екенін айтады.

“Сіздің нөмірді банкке беріп қойып, жеке дерегіңізді ұсынған адамды жауапқа тарту заңда қарастырылмаған. Алайда банк не МҚҰ міндетті түрде “сіздің нөмірді сенімгер ретінде ұсынып жатыр, нөмірді қоссақ бола ма?” деп сұрауы тиіс. Алдын ала бұлай сұрамай, кейін коллекторлар немесе банк қызметкерлері сізге хабарласса, сол ұйымға ресми хат жазыңыз. Хатта енді сізді мазаламауы туралы өтініш айтылуы тиіс. Оны елемей, 15 күн ішінде тағы мазаласа, қаржы мониторингі агенттігіне жүгінесіз”, – деді заңгер. 

Қаржы мониторингі агенттігінен кейін ұлттық банкке, полицияға, сотқа, прокуратураға шағымдануға болады дейді маман. Шағымға қоңырау шалған нөмірлерді, сөйлесу кезіндегі аудиожазбаны қосып қойған абзал. Қазір eGov арқылы үйден шықпай-ақ өтініш беру қолжетімді.

Тікелей борышкер болмағандықтан, коллекторларды тыңдауға, олармен тілдесуге міндетті емессіз, дейді ол.

Коллекторлар неше рет қоңырау шала алады?

Заңгердің айтуынша, коллекторлар немесе банк қызметкерлерінің демалыс күндері қоңырау шалуға құқығы жоқ. Жұмыс күндері күніне екі рет қана хабарласуына рұқсат. 

Ол талапты бұзса,Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 211-бабы “Микроқаржылық қызмет туралы заңнамасының талаптарын бұзу” бойынша жазаға тартылып, айыппұл салынады. Бірнеше рет қайталанса, қызметі толық тоқтатылады.

Сондай-ақ сенімгерлерге несие алушының қарызы туралы ақпаратын әшкере етуге болмайды екен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!