Тараз кафесінің бірінде ер адам ұялы телефонын кепілге қалдырып, кейін телефоннан 3 млн теңгеге жуық несие ресімделгенін білген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
13 қазанда Тараз полициясына 37 жастағы жергілікті тұрғын өтініш білдірді. Оның телефонындағы банктік мобильді қосымшасы арқылы біреу 2,8 млн теңге сомасында несие ресімдеп, ақшаны букмекерлік қосымшаның есепшотына аударған.
Осы факті бойынша ҚК 188-бабы 3-бөлігінің 1-тармағы «Ірі мөлшерде жасалған ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жәбірленуші облыс орталығының кафелерінің бірінде демалғанын айтты. Оның есепшотты төлеуге ақшасы жетпеген, сол үшін ол ұялы телефонын кепілге қалдырып кеткен. Кейін жұбайының телефоны арқылы банктің қосымшасына кіргенде, өз атына үлкен сомаға несие алынғанын білді.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері осы мекеменің 20 жастағы қызметкерін ұстады. Ол кінәні толық мойындады, тергеу жүріп жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!