Фото: Жамбыл облысы әкімдігі
KAZINFORM – 1 қаңтар күні Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласындағы «Қарасу» шағынауданындағы шатыры өртенген №15 көпқабатты үйді аралап, тұрғындарының жағдайымен танысты.
Аймақ басшысы өрттің шығу ошағын, себебін және шығын көлемін анықтау үшін арнайы комиссия құрылғанын хабарлады.
– Тұрғын үйге нысаналы төтенше жағдай жарияланды. Әр пәтер бойынша келтірілген шығын есептеліп, заң талаптарына сәйкес қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсетіледі, – деді облыс әкімі.
Қазіргі таңда мердігерлер шатыр жабындыларын алып, қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті. Пәтерлерді жөндеу тиісті комиссияның нақтылау, анықтау шараларынан кейін жүзеге асады.
Облыс әкімі зерделеу коммисияның жұмысына тұрғындарды да тарту қажеттігін баса айтып, қала басшылығына нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, тұрғындарды сабырлық танытуға, сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырды.
Еске сала кетейік, 2025 жылғы 31 желтоқсанда сағат 22:18-де аталған тұрғын үйдің балконынан өрт шығып, жалын шатырға тараған.
Төтенше жағдайлар департаментінің күшімен 100 адам, оның ішінде 30 бала эвакуацияланды. Сағат 00:13-те өрт толық сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.
Оқиға орнына 62 адам және 22 техника жұмылдырылды. Көпқабатты тұрғын үйдің бірқатар тұрғындары қонақүйге орналастырылды.
Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес оқиға орнында облыс әкімінің орынбасары Алтай Әлі мен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков жұмыс жүргізіп жатыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!