Қала күніне орай ұлан-асыр той жасалып, 40 қазан палау басылды. Одан бөлек өзге де іс-шаралар легі бекітілді. Ал біз өз кезегімізде ескі ғимараттар туралы айтқанды жөн таптық. Олар облыстық әскери комиссариаттың шақыру пункті (бұрынғы казарма) ғимараты, Теміржол вокзалы ғимараты, Теміржол милициясы ғимараты (қазіргі «Ақмешіт» музейі), Қалалық атқару комитетінің ғимараты, Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ғимараты.
Облыс көлемінде тарихи-мәдени мұраларды қорғау, сақтау бағытындағы шаралар қолданыстағы «Тарихи-мәдени мұраларды қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Заңы негізінде жүзеге асырылады. Ескерткіштер Заңға сәйкес 5 түрге бөлінген. Олар – археологиялық, қала құрылысы және сәулет, ансамбльдер мен кешендер, монументті өнер құрылысы, киелі объектілер. Қолда бар деректерге көз жүгіртсек, облыстық әскери комиссариаттың шақыру пункті (бұрынғы казарма) ғимараты ХІХ ғасырдың аяғында салынған. Ғимарат И.Тоқтыбаев 2 тұйығы, құрылым №1 мекенжайда орналасқан.
Ғимараттың бастапқы қызметі – ресейлік патша әскерінің казармасы болған. Орынбор Генерал губернаторлығының тапсырысымен ХІХ ғасырдың аяғында салынған. Ғимараттың ұзындығы 62 м, ені 14 м. ХІХ ғасырдағы сәулет өнерінің деңгейін бейнелейді. Ескерткіш бұрынғы Ақмешіт бекінісінің қамалы аймағында, Сырдария өзенінің оң жағалауында орналасқан. Ғимарат күйдірілген кірпіштерден тұрғызылған, іргетасы таспалы, нығыздалған тастардан қаланған. Екі қабатты, жоспарында созылған тікбұрышты, негізгі және артқы қасбеттердегі шығыңқы ризалиттермен өрілген. Ғимарат айқын жоспарланған құрылымдардан тұрады. Ғимараттың архитектурасы «кірпіш стиліндегі» өзінің әсем мүмкіндіктерін қажетті деңгейде пайдаланғанын көрсетеді. Кеңес уақытында және тәуелсіздік жылдарында ғимарат әскери комиссариаттың шақыру пункті негізінде қызмет еткен. 2000 жылдары әскери комиссариаттың басқа ғимаратқа көшуіне байланысты қараусыз қалған. 2005 жылы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік мекемелер орналастырылған. 2014 жылы оған толық қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, қорғау аймағы бойынша қоршалды.Қазіргі уақытта ғимаратта Қызылорда облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі және Көркемсурет галереясы орналасқан. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында 2018 жылы ол Қызылорда облысының 3D форматтағы интерактивті картасына енгізілген және қабырғасына ескерткіш туралы толық ақпарат алу үшін QR-код тақтайша орнатылған.
Қала қонақтарын алғаш болып күтіп алатын ғимаратқа келер болсақ, Теміржол вокзалы 1905 жылы Орынбор-Ташкент теміржолын салу кезеңінде тұрғызылған. Ғимарат жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші болып табылады. Перроны солтүстік жағында орналасқан, оңтүстік қасбетімен вокзал маңы алаңына қарап тұр.Вокзал тікбұрышты күйдірілген кірпіштерден қаланып тұрғызылған, іргесі нығыздалған үйінді топырақ түрінде болып келген. Перрон бойымен созылған және бір-бірімен қосылған үш биік ризалиттер түріндегі маңдайалды композицияға ие. Мұнда бірінші және екінші дәрежелі күту залдары, қызметтік бөлмелер орналасқан. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында 2018 жылы ғимарат Қызылорда облысының 3D форматтағы интерактивті картасына енгізілген және ғимарат қабырғасына ескерткіш туралы толық ақпарат алу үшін QR-код тақтайша орнатылған. Ал қазіргі «Ақмешіт» музейі бұрынғы Теміржол милициясы ғимараты болған. Ол1905 жылы салынған.Ғимарат төңкеріске дейінгі кезеңдегі станция маңындағы құрылыстың ажырамас бөлігі болып табылады. Архитектурасы бір қабатты, жалпы көлемі – 175,16 кв. м. Ғимарат жоспарында Z – әрпі пішінде. Қасбетінің шеткі бөлігі шығыңқы келген. Шеткі бөліктерінің төбесі екі жақты құламалы шатыр болып келтірілген. Ғимаратта 1905 жылдан 2000 жылдарға дейін Теміржол саласындағы милиция бөлімшесі орналасқан. 2004 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Ақмешіт музейі орналасуда. 2017 жылы ғимараттың қорғау аймағының жобасы белгіленді. 2018 жылы ғимарат Қызылорда облысының 3D форматтағы интерактивті картасына енгізілген және ғимарат қабырғасына ескерткіш туралы толық ақпарат алу үшін QR-код тақтайша орнатылған.
Желтоқсан көшесі №18 мекенжайда орналасқан Қалалық атқару комитетінің ғимараты – жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіш. Ғимарат құрылысы ХХ ғасырдың басында салынған. Екі қабатты жоспарда салынған бұл ғимараттың жоспардағы өлшемі – 26х17 метр. Жалпы көлемі – 2673 м3. Ғимарат кірпіштен тұрғызылған және төменінде жертөлесі бар. Мұнда 1927-1990 жылдары қалалық атқару комитеті орналасқан. 1991 жылдан бастап «ҚазАвтоЖол» Қызылорда филиалы орналасуда. Қабырғасына ескерткіш туралы толық ақпарат алу үшін QR-код тақтайша орнатылған.Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы ғимараты1953 жылы салынған. Мұражайдың ғимараты екіқабатты, жоспары Г-пішінді, кірпіштен тұрғызылған. Жоспардағы өлшемдері: ұзындығы 45 м, корпусының ені 13 м, өзінің аумағымен орамның бұрышын алып жатыр. Ғимаратқа кіреберіс бұрыштан, корпустың екі қанаты бірігетін тұстан қарастырылған. Ғимарат 1953-1980 жылдары қонақ үй, 1980 жылдан бастап облыстық тарихи-өлкетану мұражайы орналасуда. 2017 жылы ғимараттың қорғау аймағының жобасы белгіленді. 2018 жылы ғимарат Қызылорда облысының 3D форматтағы интерактивті картасына енгізілген және ғимарат қабырғасына ескерткіш туралы толық ақпарат алу үшін QR-код тақтайша орнатылған.
Азамат Есқалиев,
Қызылорда облыстық тарихи және мәдени
ескерткіштерді
қорғау жөніндегі КММ-нің аға ғылыми қызметкері
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!