Жуырда журналист Нұрсұлтан Мықтыбай мен имам Асхат Асқарұлының бірлесіп жазған «Айтбай мешіті: аңыз бен ақиқат» атты кітабы қолыма тиді. Бұл еңбек жарық көрген сәттен-ақ өңір тарихын зерттеушілердің назарын аударып, жаңаша пайым қалыптастырды.
Кітапты оқи отырып, ондағы мәліметтердің тереңдігі мен архивтік деректің молдығына арнайы тоқталуды жөн көрдім. Зерттеу жұмысына сегіз ай жұмсалғаны да тегін емес. Авторлар бұрын еш жерде жарияланбаған құжаттар мен тарихи фотосуреттерге сүйеніп, мешіттің шынайы тарихын жүйелі түрде қайта құрастырған. Әсіресе «Айтбай» мешітінің салынуы жөнінде бұған дейін тараған қате деректі түзетіп, нақты дәлелмен көрсетуі еңбектің негізгі құндылығын айқындап тұрғандай.
Шыны керек, жылдар бойы дау тудырған бір мәселе бар. Ол – «Айтбай» мешітін кім салғаны жөніндегі екіұдай пікір. Жаңа кітапта бұл дауға нүкте қоятындай дерек жеткілікті. Тіпті талай жорамалдың шындыққа жанаспайтыны дәлелденген. Тарихта мешіт салдырды дейтін бірнеше Айтбай деген кісінің болғаны да негізге алынған. Әрқайсысына жеке-жеке тоқталып, архивтегі құжат арқылы Айтбай Балтабайұлы салғанын дәлелдеген. Ол кісі – Сыр өңірінің төл перзенті, қазақ азаматы осы аймаққа белгілі меценат болған адам. Оның әулетінің Бұхарамен тұрақты сауда байланысы болғандықтан, зерттеушілер арасында «өзбек» деген жаңсақ пайым тараған.
Еңбекте Айтбай Балтабайұлы әулетінің тағдыры да кеңінен баяндалады. Қуғын-сүргін жылдары олардың мал-мүлкі, өндіріс орындары түгелдей тәркіленіп, ақыры туған жерден кетуге мәжбүр болғаны айтылады. Алдымен әулет Ташкентке қоныс аударып, кейін тарихи жағдайларға байланысты кейбірі тегін өзгертіп, тыныштық таппаған бөлігі Ауғанстанға өтіп кеткен. Бұл – сол дәуірде мыңдаған қазақ отбасы бастан кешкен ауыр тарихтың бір көрінісі.
Кітап авторлары Ташкентке барған сапарында Айтбай атаның ұрпақтарымен жүздесуге тырысып, ұзақ жыл бойы сақталған сирек суреттер мен ауызша шежірені жинақтаған. Осы материалдардың барлығы жаңадан жарық көрген зерттеуге енгізіліп отыр. Еңбекте «Айтбай» мешітінің 150 жылдық ғұмырын толық қамтуға талпыныс байқалады. Материалдар хронологиялық ретпен беріліп, әр кезеңдегі өзгерістер жеке талданып, архив құжаттарымен дәлелденген. Бұрын жарияланбаған ақпараттардың молдығы кітапты тек тарихи шолу емес, энциклопедиялық сипаттағы еңбек деңгейіне көтереді. Тарихи деректің арасында көпшілік біле бермейтін бір оқиға бар. 1988 жылдың қаңтарында мешіт ғимаратын облыстық филармонияға беріп, оны камералық музыкаға арналған залға айналдыру туралы шешім қабылданады. Тіпті алғашқы концерт дайындықтары жасалып қойылған екен. Дегенмен бұл бастаманың жүзеге аспауына мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей араласуы себеп болған. Ол мешіттің тарихи маңызын қорғап, ғимараттың өз болмысын сақтап қалуға қол жеткізген. Бұл жайт – кітаптағы ең мәнді деректің бірі.
«Айтбай мешіті: аңыз бен ақиқат» – бір мешіттің ғана тарихын емес, тұтас өңірдің рухани, мәдени және қоғамдық дамуын қамтитын еңбек. Мешіт тағдыры арқылы өткен ғасырдағы саяси ауыртпалықтар, діни-ағартушылық қызмет және ел үшін тер төккен тұлғалар тарихы жаңаша сипатта ашылады. Жылдар бойы айтылып келген түрлі жорамал мен күмәнді мәліметтерді талдап, олардың шынайы жауабын ұсыну – авторлар еңбегінің үлкен жетістігі. Осы кітап арқылы өткеннің көмескі дерегі қайта тіріліп, өңір тарихының беймәлім тұстары нақты дәлелмен толықтырылды. Сол себепті де бұл кітап қарапайым оқырманның ғана олжасы емес, ғылыми һәм діни ортаның да құнды туындысы деп айтуға болады.
Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!