Қырғызстанда барлық той-думан, ойын-сауық шаралары, кафе, мейрамханалар және түнгі клубтар «Тыныштық туралы» заңға сәйкес кешкі сағат 22:00-де жұмысын тоқтатуы керек. Бұл туралы 13 қараша күні Қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеттің (ГКНБ) басшысы Камчыбек Ташиев мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” АКИpress агенттігіне сілтеме жасап.
Ташиевтің айтуынша, Министрлер кабинеті бұған қатысты қаулы қабылдағанымен, оны орындау ісі бірнеше өңірде қадағаланбай отыр. Ол жуырда Бішкектегі әріптесінің тойы түнгі сағат 00:00-ге дейін жалғасқанын, ал Жалал-Абадта да дәл осындай жағдай қайталанғанын атап өтті. Шенеуніктің сөзінше, ешбір жергілікті билік орындары араласпаған.
«Жергілікті басшылар жазбаша тапсырманы орындамай отыр. Енді ресми түрде тапсырамын: барлық жерде 22:00-ден кейін тойлар, ойын-сауық, кафе, мейрамханалар мен түнгі клубтардың жұмысы тоқтатылуы тиіс. Егер талап орындалмаса, электр қуатын өшіріңіздер», — деді Ташиев.
Оның айтуынша, 22:00-ден кейін заңды бұзған мейрамханаларда электр жарығы автоматты түрде өшіріледі.
Осыған байланысты сол күні Бішкек әкімі да ресми хабарлама жасап, ел астанасында барлық ойын-сауық нысандарының жұмыс уақыты 22:00-ге дейін шектелетінін жариялады. Бұл талап «Тыныштық туралы» заңды орындау мақсатында енгізіліп отыр.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!