Фото: mygorod

Үкімет басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев депутаттар жолдаған осы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сынамалар нені көрсетті

Бозымбаевтың жауабына сәйкес, улану мен жұқпалы аурулардың алдын алу үшін эпидемияға қарсы және профилактикалық іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Соның шеңберінде барлық өңірде орталықтандырылған және орталықтандырылмаған сумен жабдықтау көздері объектілеріне бақылауды күшейтіп, санитариялық-химиялық және микробиологиялық көрсеткіштерге су сынамаларын іріктеу және зерттеулер қолға алынған.

– Су тасқыны басталғаннан бері елдімекендердің су басқан аймақтарында және эвакуациялық пункттерде орталықтандырылған көздерден 10 180 сынама іріктеп алынды. Оның ішінде гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтіні 670 сынама, орталықтандырылмаған су көздерінен 1 363 сынама. Оның ішінде гигиеналық нормативтерге сәйкес келмейтіні 124 сынама (сәйкес келмейтін көрсеткіштер ауыз судың ластануының жанама факторы), – делінген жауапта.

«Жалпы сәйкес келмейтін сынамалар бойынша көрсеткіш 2022 – 2023 жылдардың қорытындылары бойынша орташа республикалық жылдық көрсеткіштен аспайды» дейді Үкімет жауабында. Су көрсеткіштері нормативке сәйкес келмеген жағдайда су шаруашылығы ұйымдары су құбыры желілерін жуып, дезинфекция жұмыстарын жүргізеді. 

Вирустар мен бактериялар

Сондай-ақ су басқан аймақтарда және су айдындарында вирустар мен бактериялардың болуына сарқынды және тасқын суға зертханалық бақылау жүргізіліп жатыр. Үкіметтің мәліметінше, бүгінге дейін 250-ден астам сынама алынған.

– Рұқсат етілген көрсеткіштерден ауытқу анықталған жоқ, – делінген жауапта.

Су тасқыны басталғалы Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Батыс Қазақстан, Ұлытау облыстарында 68 су көзі жуылып, дезинфекцияланған. Өңірлерде су факторына байланысты халықтың жұқпалы аурулармен сырқаттанушылығы жағдайлары тіркелмеген.

Қазақстандағы су тасқыны

Еске сала кетейік, биыл бірнеше өңірді су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!