Отбасы – әрбір адамның өміріндегі ең маңызды әрі қасиетті ұғымдардың бірі. Ол – махаббаттың, жылулықтың, түсіністік пен мейірімнің мекені. Қоғамдағы бірлік пен татулықтың түпкі бастауы да осында жатыр. Қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген мақалында да отбасындағы тәрбиенің маңызы айқын көрсетілген. Бүгінде қоғамның дамуы мен жаһандану үрдісі отбасылық қарым-қатынасқа әсер етпей қоймайды. Соған қарамастан, отбасының негізгі міндеттері өзгерген жоқ: балаға тәрбие беру, сүйіспеншілік пен қолдау көрсету, бірлік пен сыйластықты сақтау.
Әрбір шаңырақ өз ерекшелігімен, дәстүрімен бағалы. Ең бастысы – отбасы мүшелерінің бір-біріне деген құрметі мен махаббаты. Мейірімділікке, сыйластыққа негізделген қарым-қатынас қана бақыттың қайнар көзі бола алатынын дәлелдеп жүрген осынау отбасылардың бірін бүгінгі тақырыбымызға арқау етпекпіз. Ұлттық арнаның «Тату-тәтті» бағдарламасы арқылы көптің көзайымына айналған жерлестеріміз Нұрбек Бақытбекұлы мен Сара Еркінқызынан сұхбат алдық.
– Бір-біріңізбен қалай таныстыңыздар? Таныстық тарихын айтып берсеңіздер…
Нұрбек: – Әлеуметтік желі арқылы таныстық. Инстаграмда алғашында Сара поэзия оқып, жүргізген еді. Сол уақыттарда жариялаған видеолары кеңінен тарала бастады. Сараны сол таралған видеодан көріп қалдым. Парақшасын іздеп тауып, бейнероликтеріне пікір жазып, кейін танысу мақсатында жекесіне хабарлама жаза бастадым. Қызығы, оған өзі секілді поэзия оқитын кісілерден және ақындардан көп ұсыныстар түседі екен. Әуелде сондай кісілердің бірі деп ойлаған болса керек, жауап берді. Әрі қарай әңгімеміз таныстыққа ұласты.
Сара: – Иә! Таныстықтан кейін бір апта өткен соң 12.12.2022 күні «әдемі датада әдемі қызға сыйлық» деп ол маған гүл мен шоколад жолдапты. Қабыл алдым. Он күннен кейін 22.12.2022 күні «осындай әдемі датада…» деп тағы да сыйлықтар жолдады. Жаңа жыл қарсаңында Алматыдан Аралға қайттым. Хат алмасып, хабарласып жүрген соң, шын өмірде көргісі келетінін айтып кездесуге шақырды. Келісілген күні таң азанымен Аралға келген екен. Асығыспын деген соң тіпті үй киіммен шыққан едім. Аты-жөнін де толық білмеймін, суретте сырт келбеті тартымды жігіт. Әңгіме айтып, толық танысармыз деген ой болды. Бірақ мені осы алғашқы кездесуде-ақ Шиеліге алып қашып кетті де, ойламаған жерден отбасылық өмірге қадам бастық.
– Бір-біріңізге ұнайтын басты қасиеттер қандай?
Нұрбек: – Маған Сараның жүрегінің тым нәзіктігі, көңілінің кіршіксіз тазалығы ұнайды. Қандай жағдай болмасын, барлығын түсініп, жақсы жағынан қабылдағысы келеді. Осы мейірімділігі, көңілінің кеңдігін жақсы көремін.
Сара: – Арқа сүйер азаматым менен өткен ақкөңіл жан. Қолы ашық, жомарт. Айналасына көмегін аямайды. Үнемі позитивті көңіл-күймен жүреді. Ашуланса да қайтымы тез. Ашу үстінде артық қылыққа бой алдырмай, барлығын ақылына салып, саралай білетін жан. Арамызда реніш туындаса еркелетіп, кешірім сұрай алады. Осы қасиеттері ұнайды.
– Қалай ойлайсыздар, бақытты некенің құпиясы неде? Қарым-қатынаста қандай құндылықтарды бірінші орынға қоясыздар?
Нұрбек: – Біздің отау құрғанымызға көп болған жоқ. Екі жылдан енді асып жатыр. Сондықтан анау айтқандай ақыл-кеңес айтатын деңгейге әлі жетпедік деп ойлаймын. Бірақ осы екі жылдың ішінде түсінгеніміз, бақытты некенің кілті ең бірінші өзара түсіністікте. Сабыр, сенім, төзім барлығы соған кіреді. Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды әрине. Сырт көзге әдемі, тәтті жұп болып, ешқашан ұрыспайтындай көрінгенмен өз арамызда келіспеушіліктер болып тұрады. Сол кезде барынша ашық сөйлесуге тырысамыз.
Сара: – Ашық сөйлесіп, ашып айтамыз. Себебі, кейін қайта жарасып, татуласып кету үшін және іште реніш қалып қоймас үшін. Кей отбасыларда ұрыс-керіс үстінде айтылған сөздер көңілге мұз боп қатады. Екеуара ашылып сөйлеспеген соң қос тараптың ішіндегі әлгі мұз боп қатқан өкпе-реніші жібімейді, керісінше іштен жегідей жеп, күннен күнге салмағы ауырлай түседі. Соның бәрі ашық сөйлеспеуден, өзара түсініспеуден деп ойлаймын. Ұрыс-керіс үстінде айтылған сөзді ашуымыз тарқаған соң қайта талқылаймыз. Соңы солай әзіл-қалжыңға ұласып кетеді. Сондай-ақ, тағы бір айтарым, екі адамды ортақ мақсат біріктіреді.
– «Тату-тәтті» бағдарламасының жаңа маусымына шақырту алып, қатысып қайттыңыздар. Осы сапар жайлы айтып берсеңіздер…
Сара: – Бағдарламаға алғаш шақырту алғанда қатты қуандық. Отбасылық сайыс болғандықтан бағымызды сынап көруге бел байладық. Жаңа айтқанымыздай біздегі сенімділік, төзімділікті сынап көруге, жалпы айтқанда «шағын Отанымыз» отбасымыздың беріктігін сақтау үшін тағы бір қадам жасадық десек те болады. «Тату-тәтті» бағдарламасы отбасылық құндылықтарды аша білетін бағдарлама екен. Осы жоба арқылы көп нәрсе түйдік. Бізден әлдеқайда ерте шаңырақ көтерген отбасылар да қатысты. Сол кісілердің ортаға қосқан ойларын, оқиғаларын саралай отыра, өзімізге керегін түртіп алдық. Бұған дейін «Көреміз» бағдарламасына да арнайы шақырту алып, қонақ болған едік.
Нұрбек: – Кеше жақында осы бағдарламаның екінші маусымы, яки «Үздіктер маусымына» қатысып қайттық. Бұл жолы алдыңғы маусымдағыдай емес, тек екі жұп қатыстық. Сондай-ақ бұл жолғысы тікелей эфирде өтті. Қызығы, жұбайлар біріге отырып ас әзірлеу арқылы сынға түсіп, ұпай жинадық. Бес күндік түсірілім өте сәтті өтті. Осы жолғы бағдарлама бізге қатты ұнады. Төрт жұптан екі жұп іріктеліп, екі жұптан үздік шығып, жеңімпаз атандық. Жоба ұйымдастырушылары романтикалық кешкі асқа сертификат сыйға тартты.
Сара: – Одан бөлек, ең қатты қуантқаны, екі жыл бұрынғы ойда жоқта алып қашудың есебінен эфир барысында жолдасым қайта сөз салды. Елдің алдында «бұл да сенің армандарыңның бірі еді ғой» деп, гүлі мен сақинасын ұстап шыққаны толқынысқа толы сәт болды. Сол сәттегі әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес еді.
– Ортақ қызығушылықтарыңыз бар ма? Бір-біріңіздің хоббиіңізге көзқарастарыңыз қандай?
Нұрбек: – Негізі ортақ қызығушылығымыз жоқ деп айтсақ болады. Бірақ бір-біріміздің қызығушылығымызға құрметпен қарап, қол ұшын созудан тартынбаймыз.
Сара: – Мәселен менің қызығушылығым блог жүргізу болса, күйеуім де тартынбай қолдау білдіріп келеді. Өлең оқысам да, поэзия кешін ұйымдастыруды қолға алсам да, қандай істе болмасын қолдауын аямайды. Себебі ол да поэзия тыңдағанды ұнатады. Бұрын осы іс-шараны ұйымдастырған кезімізде бастамамызға кері пікір айтып, «қазір поэзияны кім түсінеді» деп қарсылық танытқан адамдар болды. Ал менің күйеуімнің түсініп, қолдағанының өзі біздің қызығушылығымыздың бір болып келе жатқанының белгісі секілді.
– Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Марқұм Бейсен Құранбек ағамыздың шаңырағында ұстанған 7 қағида секілді сіздерде де белгілі бір қағида бар ма? Араларыңызда туындаған түсініспеушілікті қалай шешесіздер?
Сара: – Аса бір қатып қалған қағида деп айта алмаймын. Дегенмен әлгінде айтқанымыздай, ортақ шешімі – ашық сөйлесу, тыңдау, түсінісу, сабырлық таныту, бір-бірімізге қолдау білдіру, осындай ұстанымдар бар…
– Қандай мамандықта білім алдыңыздар? Қазіргі уақытта қызметтеріңіз қай салада? Табысты болу жолында бір-біріңізді қалай қолдап, қандай мотивация бересіздер?
Нұрбек: – Алматыда спорт-туризм академиясында білім алдым. Мамандығым дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Екі жылға жуық өз саламда жұмыс істедім. Қазір уақытша басқа салада жұмыс істеп жатқан жайым бар. Дегенмен спорттан алыстап кеткен жоқпын. Хоббиім футбол ойыны, қазақша күрес.
Сара: – Жалпы айтқанда, қазір өз мамандығымыз бойынша жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Мен де Алматы қаласында осы білім саласы бойынша, информатика пәнінің мұғалімі мамандығын тәмамдадым. Қазіргі уақытта Шымкент қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде әрі қарай білімімді жетілдірудемін. Бұйырса, дипломын биыл қолға аламын. Ал өз мамандығымнан бөлек СММ саласында жұмыс істеймін. Бірнеше жобаны қатар жүргізіп, таргетингпен айналысып жүрмін. Сонымен қатар өз парақшам арқылы да табыс тауып отырған жайымыз бар.
Табысты болу жолында әрине бір-бірімізден қолдауымызды аянып қалған емеспіз. Мысалы мен әлеуметтік желі арқылы көп болмаса да табыс табамын. Осы істі қолға алмай тұрып іштей бір қорқыныш, ұялу секілді сезімдер болды. Бірақ күйеуімнің қолдауы қуат берді. Тіпті «қысылмай қолға ал, керек болса мен де түсіп беремін» деген сөздері маған үлкен демеу болды. Әлеуметтік желіні меңгеру, тілін білу, онлайн табыс – қазіргі заманның талабы.
– Бірге жүріп бастан кешкен естен кетпес, ең қызықты оқиға жайлы айтып берсеңіздер…
Нұрбек: – Дәл қазір ешқайсысы еске түспей отыр. Ойға оралғанын айтсақ, той үстінде сыртымыздан түсірілген бейнероликтің түрлі желіде таралып кетуі себебінен бізді кеңінен болмаса да көп ортада танып қалып жатады.
Сара: – Иә, естеліктердің ең қызығы сол. Екеуміздің шаңырақ көтеріп жатқан айтулы күніміз еді. Күйеуім қонақтардың бірінің тілегіне көңілі босап кетсе керек, көзіне жас алды. Оны жұбатқым келді, бір жағынан енді ол менің арқасүйер азаматым екенін білдіргім кеп, иығына сүйенген сәтім бейнежазбаға таспаланып қалыпты. Әлі күнге дейін әлеуметтік желіде алдымыздан шығып тұрады. Сондай бір қызық сезім.
– Отбасылық өмірге алғаш қадам басқанда бір-біріңіз туралы қандай қызықты немесе күлкілі факт білдіңіздер?
Сара: – Жолдасым мені алып қашқанда менің оның әлі есімін де білмейтінмін. Алып қашып келген күні қуғыншылар келіп, мен көніп, кешірім беріліп, жөн-жоралғының барлығы жасалып, бәрі тарқаған соң кештетіп екеуміз кофеханаға бардық. Сол жерде таныстық шындығын айтқанда. Енді сол күні бір-бірімізді өмірде алғаш рет көріп тұрған күніміз ғой.
– Шаңырақ көтергелі отырған, қол ұстасқан жұптарға қандай кеңес берер едіңіздер?
Нұрбек: – Біз отбасы болғалы екі жыл. Бұл көп уақыт емес, аз да емес деп ойлаймын. Осы уақыт ішінде түйгенімізді жоғарыда атап өттік. Арада сенім болуы керек. Өзгелердің сөзі болады, көзі болады. Сондай сәтте тек бір-біріне ғана сеніп, бір-біріне сүйеу бола білу маңызды. Қандай жағдайда да іште сақтамай бірін-бірі тыңдап, ашық мәмілеге келе білу керек.
Сара: – Кез келген мәселе сол ашық сөйлесу арқылы шешіледі. Қолдан келсе отбасыға арнайы күн белгілеп, уақыт бөлу қажет. Мейлі серуендеу, мейрамханаға бару, мейлі үйде болса да бірге көңілді уақыт өткізу, бір-бірін сыйлықпен қуанту – адамдарды жақындастырады. Мәселен бізде әр айдың бірі – отбасы күні. Сол күні балапанымызды ертіп, қыдырып қайтатын шағын дәстүр қалыптастырдық.
– Бәрекелді! Әдемі сұхбат үшін алғыс! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болғай!
Сара: – Сіздерге де рақмет! Жас деп жасқамай, сұхбат алып жатқандарыңызға алғысымыз шексіз!
Әңгімелескен Аружан ОРАЛБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!