Мемлекет басшысының бастамасымен өткен жылы бастау алған жалпыхалықтық «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық жобасы аясында облыс аумағында бірқатар іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Қазіргі таңда әр сенбі сайын аталған экологиялық бағдарлама аясында сенбіліктер өткізіліп, тазалық жұмыстары жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен насихатталуда.
Экологиялық жобаның басты мақсаты азаматтардың табиғатқа жанашырлықпен қарауын қалыптастыру, еріктілік қызметке тарту, қоқысты сұрыптау мәдениетін енгізу және экологиялық қауіпсіздікті сақтау.
Бұл бағытта Сыр өңірінің жастары да белсенділік танытып келеді.

Бүгін «Отан қорғаушылар» аллеясында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық жобасы аясында «Таза Қазақстан – Таза аймақ» атты эко-акция ұйымдастырылды.

Шараға белсенді жастар ұйымдары, еріктілер, «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының өкілдері, облыстық және қалалық жастар ресурстық орталықтарының мамандары қатысты. Жалпы 50-ге жуық жас акция жұмыстарына атсалысты.

Қатысушылар аллея аумағын қоқыстан, құрғақ бұтақтар мен түскен жапырақтардан тазартып, абаттандыру жұмыстарын жүргізді.

Мұндай экологиялық акциялар өскелең ұрпақты табиғатты аялауға тәрбиелеуде ерекше маңызға ие, – деді облыстық Жастар ресурстық орталығының директоры Әлиби Басаров.

Аталған шара қоршаған ортаны қорғау, тұрғындар үшін қолайлы әрі таза демалыс орнын қалыптастыру, сондай-ақ қоғамда экологиялық мәдениетті нығайту мақсатында ұйымдастырылды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!