Таңғы қала әлі толық ояна қоймаған шақта, көшелерде қимыл-әрекеті ширақ жандардың бейнесі көзге түседі. Қолына сыпырғыш ұстаған, иығына дорба асынып, еңкейіп қоқыс терген тазалықшылардың күнделікті еңбегі сырт көзге үйреншікті көрінгенімен, оның ар жағында үлкен бейнет, қажыр-қайрат пен төзім жатыр. Қызылорданың көркін сақтап, көшелерін таза ұстау үшін олар таңғы бестен бастап жұмысына кіріседі. Жылдың барлық кезеңінде, әрбір адымына шаң, қоқыс, күннің ыстығы мен суығы ілесіп отырады. Осы жұмыстың арқасында қала тұрғындары таза көшелермен еркін жүріп-тұрады. Көпшілік үшін тазалықшылардың бейнесі күн сайынғы қаланың бір бөлігі болып кеткенімен, олардың тұрмыс-тіршілігі мен жұмыс жағдайына терең үңілген жан кемде-кем. Көшенің шетіндегі қоқыс жәшігі уақытылы босатылса, жол бойы сыпырылып тұрса, барлығын автоматты іс деп қабылдаймыз. Ал осы еңбектің арғы бетінде жұмысшылардың тазалыққа тынымсыз қосқан орасан тірлігі жатыр.
Жуырда Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы тазалық саласында еңбек етіп жүрген жұмысшылармен ашық аспан астында кездесу ұйымдастырды.
Кездесуде сөз алған тазалықшылардың әңгімесі бір-бірімен үндесіп жатты. Ең алдымен айтылған мәселе – құрал-жабдық пен арнайы киімнің жетіспеушілігі. Жұмысшылар күнделікті еңбегін кейбірі қолғапсыз, тозығы жеткен сыпырғышпен атқарып жүргенін жасырмады. Қоймадан берілетін жабдықтың бәріне бірдей жетпейтінін, кейде мүлде сапасыз заттар ұсынылатынын айтып, соның салдарынан көпшілігі өз қалтасынан ақша шығарып, базардан сатып алуға мәжбүр екенін сөз етті. Жұмысшылар сонымен бірге, зейнетақы аударымдары әрдайым кеш түсетініне наразы.
– Бізден ай сайын зейнетақыға салынатын ақшаны ұстап қалады. Бірақ ол уақытылы зейнет шотына түспейді. Бүгін бар ма, ертең жоқ па – оны өзіміз бақылап отырамыз. Ертеңгі күнімізге сенім арту үшін немесе несие алу үшін ол қаржының уақытында түсуі аса маңызды ғой. Біз үшін әр теңге қымбат, себебі еңбегіміздің өтеуімен отбасымызды асырап отырмыз. Қарапайым жұмысшы болған соң, жалақымыз онсыз да көп емес. Осындай мәселелер шешілсе, біз де алаңсыз болар едік, – дейді тазалықшы А.Байшаева.

Тазалықшылардың мәселелерін тыңдаған ЖСДП ҚОФ төрағасы алдағы уақытта оны шешуге бағытталған ұсыныстарды құзырлы мекемелерге жіберетінін айтты.
– Бүгін сіздер көтеріп отырған мәселелерді үлкен жауапкершілікпен тыңдап отырмын. Қарапайым еңбек адамының мұңы – қоғамның ең өзекті мәселелерінің бірі. Сіздер күн сайын таңғы бестен бастап жұмысқа шығып, қаламыздың таза әрі көрікті болуына үлес қосып жүрсіздер. Бірақ осы бейнетті еңбектің ар жағында қолайсыздықтар мен шешімін таппаған жағдайлардың бар екені жасырын емес. Құрал-жабдықтың жеткіліксіздігі, күнделікті қажетті қолғаптардың уақытылы берілмеуі, оны өздеріңіз сатып алуға мәжбүр болу – назар аударуды қажет ететін жайт. Сондай-ақ зейнетақы жарналарының толық әрі уақытылы түспеуі, әлеуметтік төлемдердегі олқылықтар сіздің болашағыңызға, ертеңгі күнге деген сеніміңізге әсер етеді. Қызметтік көліктің болмауы да ауыртпалық тудырады, күнделікті қоғамдық көлікке жүгінуге мәжбүр болып отырғандарыңызды білемін. Бұған қоса қоймадан жабдықтың әділ бөлінбеуі, кімге не берілетінінде ашықтықтың болмауы ойлантарлық нәрсе. Бұлар сіздердің еңбекке деген ынталарыңызға ғана емес, жалпы жұмыс сапасына да әсер етеді.
Мен сіздің әр сөзіңізді маңызды санаймын. Өйткені қала тазалығы – жай ғана жұмыс емес, қоғамның күнделікті тыныс-тіршілігіне тікелей ықпал ететін сала. Бүгін айтылған ұсыныстар мен өтініштердің бәрін жинақтап, тиісті уәкілетті органдарға жеткіземіз. Бұл тек мекеменің ішкі мәселесі ретінде емес, бүкіл қала тұрғындарының ортақ игілігі үшін шешілуі тиіс мәселе деп қарауымыз қажет. Сіздердің адал еңбектеріңізді елеу, тиісті жағдай жасау – мекеменің ғана емес, мемлекеттің де басты міндеті. Оған бәріміз жауаптымыз, – деді Н.Сағатұлы.
Қала тазалығында қызмет ететіндерде болатын мәселе тек Қазақстанда ғана емес, шет мемлекеттерде де кездеседі. Қоғам өмірінің ажырамас бөлігі саналатын бұл қызмет саласында жұмыс істейтіндер көбіне көзге көрінбегенімен, еңбегі бүкіл қала тіршілігінің тынысын қамтамасыз етеді. Соған қарамастан, халықаралық тәжірибелер көрсетіп отырғандай, олардың әлеуметтік жағдайы, денсаулығы мен еңбек құқығы жиі елеусіз қалатынын да тілге тиек еткеніміз жөн. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (WHO) мен Халықаралық еңбек ұйымының (ILO) бірлескен баяндамаларына сәйкес, дамушы елдерде санитарлық қызметкерлер аса қауіпті ортада еңбек етіп келеді. Көп жағдайда олар канализация құбырлары мен септикалық құдықтарды арнайы қорғаныс құралдарынсыз тазалайды, жұқпалы аурулармен бетпе-бет келеді. Мұндай жұмыстар олардың денсаулығына ғана емес, абыройына да зиян тигізіп, қоғам тарапынан кемсітушілікке ұшырататыны да жасырын емес. Эмори университеті жүргізген зерттеу санитарлық жұмысшылардың арасында асқазан-ішек жолы аурулары, тыныс алу жүйесінің сырқаттары, бұлшық ет пен буын аурулары жиі кездесетінін дәлелдеп отыр. Себебі олар күнделікті тұрмыстағы қауіпті заттармен, өткір иістермен, қолайсыз ауа райымен тікелей байланыста болады. Ал еңбек шарттарына келсек, ұзақ ауысыммен жұмыс істеп, жеткілікті демалыс пен санитарлық-тұрмыстық жағдай жасалмайды екен.
Бірқатар мемлекеттегі мысалдарға көз жүгіртсек, жағдайдың қаншалықты күрделі екенін аңғаруға болады. Мәселен, Непалдың астанасы Катмандуда тазалықшылардың арнайы жабдықтары жеткіліксіз, жұмыс барысында қолғап, маска сияқты ең қарапайым құралдар да уақытылы берілмейді. Жұмысшылар киім ауыстыратын бөлме мен қол жуатын орынсыз, базардан өз қалтасынан ақша шығарып, қажетті заттарын сатып алуға мәжбүр болады екен. Жағдай әрине, таныс. Тіпті Еуропаның өзінде де қауіпсіздік талаптары толық сақтала бермейді. Испаниядағы Барселона қаласында 51 жастағы көше тазалаушы аптап ыстықта жұмыс істеп жүріп көз жұмған оқиға қоғамда үлкен резонанс туғызған еді. Бұл жағдай климат өзгерісінің еңбек адамдарына әкелетін қиындығын тағы бір дәлелдеді. Жұмысшылар үшін ыстықта демалатын арнайы орын, су ішу мүмкіндігі, жеңілдетілген жұмыс уақыты сияқты қарапайым талаптар әлі де толық орындалмай келеді. Арменияда да жағдай көңіл көншітпейді. Еревандағы Sanitek компаниясында еңбек ететін қызметкерлер ресми жалақысы 500 доллар деп көрсетілгенімен, іс жүзінде ай сайын 100 доллар шамасында ғана қолына алатынын айтып шағымданған. Жұмыс уақыты – 12 сағат, ал еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік кепілдіктер мүлде сақталмаған. Шетелдік БАҚ-та жазылған ақпарат осы.
Осы мысалдардан байқалатыны, қай елде болсын, тазалық саласында еңбек ететіндер түрлі қиындыққа тап болып отыр. Бір жерде жабдық жеткіліксіз болса, бір жерде еңбекақы әділетсіз белгіленген, енді бір елде климаттың әсері еңбек жағдайына тіпті қауіпті. Халықаралық ұйымдар бұл мәселені БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының аясында қарастырып, санитарлық жұмысшылардың қауіпсіздігі, денсаулығы мен қадір-қасиетін қорғауды мемлекеттердің басты міндеттерінің бірі ретінде атап өтуде. Бұл тәжірибелерді ескере отырып, біздегі жағдайдың да ұқсастығын аңғару қиын емес. Демек, тазалық саласында еңбек етіп жүрген қазақстандық жұмысшылардың мәселелері жергілікті ғана емес, жаһандық деңгейде өзекті ортақ түйткілдің бір бөлігі деуге болады.
ЖСДП ҚОФ баспасөз қызметі
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!