Қашан да тың жобаның тынысы кең болатыны сөзсіз. Мақсатты бастама межесіне мейлінше тез жетіп, жаңалығы мардымды болмақ. Мемлекетке қатысты әрбір мәселенің мінберден көтеріп, түйдек түйінді тарқатқан маңызды. Осы ретте Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі мен Қоғам ТВ телеарнасымен бірлесіп, әлемдік TEDx форматының аналогы ретінде «TED Q» телевизиялық жобасын қолға алды. Жобаның басты спикерлері Өңірлік коммуникациялар қызметінің жанынан құрылған сарапшылар тобы.  Мақсаты – «TED Qyzylorda» алаңында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қандай өзгерістер керек, қоғам қалай ықпал жасай алады, Ел Президентінің тапсырмаларын жүзеге асыруда қандай қолдаулар қажет деген өзге де тақырыптар аясында ой бөлісу.

Әлбетте талқы барысы тартысып отыратын алаң емес. Қаузалған мәселеге қатысты шыншыл шешім мен идея ұсынады. Қазір шала бүлінгенімен шырпы басын сындырып көрмейтіндер бар. Ал түйінді тақырып төңірегінде ой өрбітіп, бір-бірімен пікір алмасып, байыпты байламға келудің маңызы зор.

Жаңа жобаның алғашқы шығарылымы да өткізілді. Қоғамның қозғаушы күші жастардың өзекті мәселесі ортаға салынды. Тақырып – «Мағжан сенген жастар…». Спикер «Орда» жоғары колледжінің әдіскері Айнұр Бекенова болды. Ол «Бала тәрбиесі – ортақ іс» тақырыбында сөз сөйледі. Яғни, уақытты ұтымды пайдаланып, білімді жетілдіру керегін жеткізді.

 –Жастардың қоғамдағы басты міндеті – білімін жетілдіру. Сол себепті жас кезінде көп дүниені білуге құштар болу керек. 20 жасында үйренгенің өмірлік азығың болады. Ал, 60-70 жасқа келгенде үйренсең, оның керегі де аз болатыны айқын, – деді ол.

Қазіргі таңда IT саласы қарышты дамуда. Бұған бейім жастар да аз емес. Ақпараттық технологиялар саласын қолдаудың арқасында әлем бойынша Қазақстан 28-орында, ал Қызылорда республика көлемінде 5-орында. Міне, жастарға IT мүмкіндіктер зор. Бұл туралы Бизнес старт жастар кәсіпкерлігі орталығының жетекшісі Жанарыс Түбекбаев сөз қозғады. Жиналған жастарға әлемдік бизнес старт жоба жайында айтып, қолданыстағы «Яндекс такси», «InDriver» платформалары студенттердің еңбегі екенін тілге тиек етті.

Сондай-ақ, «Жастар кәсіпкерлігі: мүмкіндіктер мен кедергілер» тақырыбында «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының баспасөз хатшысы Балдырған Мамен жалғастырды. Спикердің көмегімен кәсіп бастағысы келген көрермендерге жол көрсетіп, кеңес берді. «Ауыл аманаты» жобасын мүмкіндіктеріне тереңірек тоқталып өтті. Бұдан бөлек Сырдария аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрман Абдрасилов аудан жастарының белсендігін айтса, болашақ кәсіпкерлер жаңа жобалары жөнінде жаңалығын жеткізді.

Байқасаңыз, аз ғана уақыт ішінде жиылған жастарға азық боларлық әңгіме айтылып, бағыт беріліп, түрлі мәселе де қаралған. Енді қоғам тиімді жобаның жемісін көрсе сол жеңіс.

Замира ДАСТАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!