Ұлан ғайыр қазақ даласында ту ұстаған баһадүр, әлемге мәшһүр болған дүлдүл ақын да, ел бастаған хан да, халқына ғибраты мол ғалым да, сыңғыр даусымен ерекшеленген бұлбұл әнші де көп. Ұлтымыздың бойынан тектілік тұнып тұрғанын осыдан байқауға болады. Осындай текті ұрпақтың бірі – «Шығыстың жарық жұлдызы» Шоқан Уәлиханов. Шоқанның бойындағы тектілік сарыны қайдан, кімнен дарыған? Тектілік дегеніміз не?
Ең алғашқы қызықтап оқыған кітабым – Жарылқап Бейсенбайұлының «Жасын тағдыр жарқылы» болатын. Бұл кітапта Ш.Уәлихановтың балалық шағынан өмірінің аяғына дейін қамтылған. Мұнда оның кішкентай кезінен зерек болып, үлкендердің жиынында, олардың сөзін түсініп тыңдап отырғанында әжесі Айғаным «шоқиғаным, Шоқаным» деп еркелетуінен Шоқан аталғанын білемін. Ә.Марғұлан: «Айғаным – Шоқан үшін халық даналығының сарқылмас бұлағы» деген. Тектіліктің бір сыры – әже тәрбиесі. Қазақтың ұлы ақындарын Абай мен Шәкәрімді әжесі Зере тәрбиеледі емес пе?
«Бала Шоқан қандай болды?» деген сұраққа жауап іздегенімде мына мәліметпен таныстым. Бірде бір отырыста қазақтың игі жақсылары келіп, төрге жайғасып, ет жеп отырғанда «маған да ет бер» деген дауыс шығады. «Бұл дауыс қайдан шығып жатыр?» деп қонақтар түсінбей отырғанында бөлмеде тұрған бесікте жатқан баланың даусы екенін түсініп, баланың қолына құйрық ұстатқан. Бесіктегі Шоқан құйрықты аузына салып жата береді. Бесіктегі бір жасар бала Шоқанның тілі де ерте шығып, ерекше бала болып өскенін байқаймыз. Шоқанның тағы бір қасиеті – араб, шағатай, парсы, орыс тілдерін жетік, әрі тез меңгеруі.
Мені қызықтырған тағы бір сұрақ, «Мұхаммед-Ханафия» деген ерекше есімді ғалымға кім қойған? Хан немересіне есімді бір дара тұлға қойса керек. Осы сұрақты зерттей келе мына бір тарихи мысалға назар аудардым. Бірде Абылай хан жайшылықта жалғыз өзі аңға шығады, сол кезде оны қалмақтар ұстап алады. Оны тұтқындап, қалмақ ханының алдына әкеледі. Дала заңы бойынша ханды соғыс кезіндегі қан майданда адал күресте тұтқындайды екен, ал бейбіт, жай күндері ханды тұтқындауға ешкімнің құқы жоқ, бостандық беру керек. Сонда қалмақ ханы Абылайды сынамақшы болып, нөкерлеріне тұтқынды бір апта қамап, аш қалдырып, апта соңында тостағанға қатқан тоң майды беруін бұйырады. Нөкерлер дәл солай жасайды. Тұтқын Абылай: «Мынау немене?» деп тостағанды сыртқа лақтырып жібереді. Сонда қалмақ: «Егер тұтқын тоң майды жесе, қараның баласы, жемесе, онда хан баласы» дейді. Қалмақтың ханы тұтқынды тағы сынап көрмекші болады. Нөкерлеріне: «Тұтқынның алдына бәрің жан-жақтан қылыштарыңды жарқылдатып, денеңді паршалап бөлеміз деп сес көрсетіңдер!» деп бұйрық береді. Нөкерлер дәл солай жасайды. Тұтқын Абылай мүлдем қорықпай, басын төмен қаратып бұғып қалмай, керісінше, қас батырша қасқайып тұрады. Мұны көрген қалмақ ханы тегін адам емес екенін аңғарады. Бірақ үшінші рет тағы бір сынамақшы болады. Төрдегі тақты бос қалдырып, қалмақ ханы айнала отырған нөкерлерінің жанына отырады да сырттан тұтқынды кіргізуді бұйырады. Тұтқын Абылай хан ордаға кіріп, қолын кеудесіне қойып сәлем беріп, тура тұрған таққа барып отырады. Сол кезде қалмақ ханы: «Есіктен кіріп, төрге шығып, таққа неге отырдың?» дегенде тұтқын Абылай: «Бұл таққа қалмақтың ханы Қалдан Серен отырмаса, не қазақтың ханы Абылай отырмаса, кім отырады?» деп жауап берген екен. Сонда Қалдан Серен Абылайға риза болып, тұтқындағаны үшін кешірім сұрап, өзінің қазақ әйелінен туған екі қызын береді. Екі қызының бірін Абылай өзіне, Фатима атты екіншісін Құрман атты емшісіне әйелдікке береді. Ол Абылайдың батырларының бірі де бірегейі бес уақыт намазын қалдырмаған, әрі батыр, әрі діндар, адам емдейтін тәуіп болыпты. Одан Құлжа, Арал, Марал атты ұл дүниеге келген. Марал баба – Қалдан Сереннің туған жиені, Кенесары, Наурызбай батырлардың туған бөлесі. Фатима шешей осы күнгі Қызылорда облысының Жосалыдан 18 шақырым жердегі «Қамыр қорымы» деген жерде жерленген дейді. Ал Марал баба мен Қалқай ишан қорымы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында орналасқан. Бұл киелі жер саналып, арнайы дұға етушілер зиярат етеді.
Қазақ халқының мақтанышы Шоқан Уәлиханов туғанда атын қойып, ақ батасын берген – осы Қалқай ишан болатын. Қалқай ишан мен Шоқанның әжелері баяғы қалмақ ханының қыздары болып туысып тұр. Шоқан жайлы осы жайды «Аққан жұлдыз» романында Сәбит Мұқанов төмендегіше баян етеді:
«…Шыңғыстың үйінде қонақтап жатқан Қалқай ишанға (Қалмақ ханының қызынан туған ұрпақ): «Әулие, сіз қойып беріңіз нәрестенің есімін!» деп өтінді Уәли тұқымдары Зейнеп ұл тапқаннан кейін. Қалқайдың сенімінде бүкіл ислам тарихындағы ең зор ғазауытшы: Мұхаммед пайғамбардың әрі қызы Фатиманы алған күйеуі әрі әскерінің бас қолбасшысы Хазіреті – Ғали. Оның үш әйелінен туған он сегіз ұлы бәрі де батыр болған. Солардың ішіндегі батыры – Мұхаммед-Ханафия дейтін ұлы екен, әкесіне еріп, ғазауыт соғысын сол жүргізген деседі. «Болашақтың Мұхаммед-Ханафиясы болар ма екен?» деген тілекпен Қалқай ишан Зейнептен туған ұлдың атын – Мұхаммед-Ханафия қойды. Былайда шолжың Зейнептің бұл есімге тілі келмей, сәбиін «Қанаш» деп, былайғы жұрт «Шоқан» деп кетті. Шоқанды бір жасынан сөйлеп кетті деген әңгіме бар. Бұған ел аузында жүрген әңгімеден азын-аулақ қосатынымыз бар. Уәли ханның бәйбішесі Айғаным баланың атын қойып беруді сұрап, көтеріп әкеп әулиенің қолына берген кезде Қалқай нәрестені ұстап отырып:
– Пай-пай! Мына бала алтыннан да ауыр ғой! – деп, Айғанымның өзіне қайтарып беріп, бата жасапты.
– Оғы белден өтсін,
Даты дұшпанына жетсін.
Құдайым Қалқайдың айтқанын қабыл етсін.
Аты Мұхаммед-Ханафия болсын,
Атағы аталарынан да асып, Ахиретке жетсін, Аллаһу Акбар! – деп, бетін сипапты да, ойланып отырып тағы мынаны айтыпты:
– Арғы атаң Уәлихан мен Қасым,
Олардан да атақ-даңқың болар басым.
Ел жұртың құрмет тұтып,
Әуелден ақырға жетер атың.
Әулиеге қатты разы болған Айғаным сұлу Қалқайдың үстіне жанат ішік жауыпты. Шыңғыс сұлтан Стамбұлдың қалы кілемін жауып, ханның атақты көк жорғасын есікке кесе көлденең тартыпты.
Сонда Қалқай:
– Жанат ішік Қалқайдың бүйірін жылытсын.
Қалы кілем Құдайдың үйі мешітке бұйырсын.
Көк жорға үш жүздің бәйгесіне мінілсін, – деп бата беріпті.
Артынан, бәйгеге көк жорғаны қимаған Шыңғыс орнына бір уыс жүз сомдық ақшаны санамай беріп, атты өзі алып қапты.
Мұны естіген Қалқай:
– Әттеген-ай! Бекер жасаған екен. Атағанын беруі керек еді ғой! Жақсы ат – жан садағасы, жан деген ар садағасы демеуші ме еді, атаған затты қимағаны болмаған екен, өміріне ілік болмаса болар еді, – деген екен. «Шоқанның өмірден жастай өтуі осы «ілік» шығар, бәлкім!» дейді көнекөздер.
Ия, батамен көгеріп, көктеген елміз ғой, шынында да Қалқай Ишанның батасы дарып, Шоқанның әлемге аты мәшһүр ғалым болғаны да рас, ғұмырының келте болғаны да рас. Шоқан 1835 жылдың қараша айында қазіргі Қостанай облысының Құсмұрын бекетінде атақты аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов отбасында дүниеге келіп, 1865 жылдың 10 сәуірінде бар-жоғы отыз жасында қайтыс болған. Саяхатшы-географ, ғалым, публицист, әдебиет зерттеушісі Шоқан Уәлихановтың жасындай жарқ еткен келте ғұмырында философия, этнография, тарих, экономика, құқық, география, ауыз әдебиеті, әдебиет теориясы жайындағы ғылыми зерттеулері құндылығымен арта түспек. Шоқан Абылай ханның шөбересі болған, атасы Уәли хан патша үкіметі ресми түрде бекіткен қазақтың соңғы ханы еді.
Шоқанның әкесі – Шыңғыс Уәлиханов 1834 жылы Омбыда Сібірдің казак әскери училищесін бітіріп, орыс армиясында жоғары әскери шен – полковник атағын алған, Құсмұрын округінің аға сұлтаны, Сібір қырғыздарының облыстық басқармасының кеңесшісі, Көкшетау округінің аға сұлтаны болды. Анасы – Зейнеп Шорманова, ғалымның нағашылары Баянауыл өлкесіндегі атақты Шормановтар әулеті болатын. Мұса Шорманов орыс армиясының полковнигі, белгілі қазақ биі, Баянауыл сыртқы округының аға сұлтаны еді. Осындай игі жақсылардан туған Шоқанның даналығы мен даралығына, тектілігіне қалай қайран қалмаспыз?!
Халқымыз «Сұңқардан сұңқар туар саңқылдаған, қарғадан қарға туар қарқылдаған» дейді. Тектілік-атаның күшімен, ананың ақ сүтімен, аялы алақанымен келетін құбылыс болса керек. Сыпыра Сұрғалтайұлы: «Бай баласы байға ұқсар, Байлаулы тұрған тайға ұқсар. Би баласы биге ұқсар, Алты қанат үйге ұқсар. Хан баласы ханға ұқсар, Биік-биік шыңға ұқсар. Құл баласы құлға ұқсар, Мал таптаған гүлге ұқсар. Ханның ұлы қарауыл, Бидің ұлы шыңдауыл» дегендей, тектілік тек рухы, ата тектен қан арқылы, тәрбие арқылы беріліп отыратын қасиет, осы қасиет қонған тұлғаларды үлгі етер ұлттың ұлы ұрпақтары мың болғай!
Анар ҚАРАЖАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!