Бүгін өңірлік және қалалық коалиция мүшелері Гүлшат Мұсаева, Дәурен Сейтжанов, Мұрат Жұмаділдаев және Динара Ибадуллаева «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның «Қызылорда магистральдық желі бөлімшесі» филиалы ұжымымен кездесу өткізді. Іс-шара барысында жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттары мен мазмұны таныстырылды.
Кездесуде конституциялық реформалардың ел дамуының келесі кезеңімен байланысы сөз болды. Қатысушылардың айтуынша, құжатты әзірлеу барысында қоғамдық ұсыныстар, сарапшылар пікірі және түрлі саяси құрылымдардың бастамалары ескерілген.
Қалалық коалиция жетекшісінің орынбасары Гүлшат Мұсаева өз сөзінде Ата Заң жобасында азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мен ашықтығына қатысты нормалар қамтылғанын атап өтті. Сонымен қатар ол темір жол саласының ел экономикасындағы орнына тоқталып, бұл бағыттың көлік-логистика жүйесіндегі стратегиялық маңызын атап өтті.
Өңірлік коалиция мүшесі, «Respublica» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дәурен Сейтжанов Конституция жобасында кәсіпкерлік қызмет, жеке меншік құқығын қорғау және бәсекелестік ортаны дамытуға қатысты бірқатар ережелер қарастырылғанын айтты. Оның пікірінше, аталған нормалар экономикалық қатынастарды құқықтық тұрғыдан реттеуге бағытталған.
Кездесу барысында теміржолшылар тарапынан еңбек қатынастары, әлеуметтік кепілдіктер және өндірістік қауіпсіздік мәселелері бойынша сұрақтар қойылып, оларға түсіндірмелер берілді. Іс-шара ашық диалог форматында өтті.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!