Қоғамда ер адамдарға тән деп саналатын кәсіптерді игерген әйелдер аз емес. Солардың бірі – темірді балқытып, от пен металдың тілін түсінген нағыз еңбек адамы, дәнекерлеуші Ниякүл Дәулетбаева. 40 жылдан астам уақыт осы салада тынымсыз еңбек еткен ол өз ісінің шебері ғана емес, кейінгі ұрпаққа үлгі болар тұлға. Темірмен тілдесіп, болат балқытқан нәзік жанды әйелдің тағдыры – нағыз еңбек адамының өмірінен сыр шертетін ерекше оқиға.

Ниякүл Нәбиқызы көпбалалы отбасында өсті. Тоғыз бауырының сегізі қыз, тек біреуі ғана ұл болды. Ал әкесі мықты құрылысшы еді. Сондықтан оны жастайынан еңбекке баулып, жігерлі, қайсар болып өсуіне себепші болды. Әкесі көбіне ұл баланың жасайтын ауыр жұмыстарын оған сеніп тапсыратын. Осындай темірдей тәртіп пен тәрбиенің арқасында болашақ мамандығын таңдауда қиындық көрмеді.

Мектепте оқып жүрген кезінде кәсіби бағдар беру мақсатында келген Бақыт Мәтенов есімді оқытушы «Дәнекерлеуші» мамандығы туралы айтып, оны оқуға түсуіне себепкер болған. Бұл ұсыныс кейіпкеріміздің көңілінен шықты. Ата-анасы мен мұғалімдері қыз балаға дәнекерлеуші мамандығы лайықты емес деп ойлап, райынан қайтаруға тырысқанымен, ол жүрек қалауымен шешім қабылдап, Кәсіптік техникалық училищеге (ГПТУ-113) оқуға түсті.

– Бұл мамандықты таңдауыма мектепте нашар оқығаным себеп болған жоқ. Керісінше, өзімді осы саладан көрдім. Бала күнімнен техникаға қызығушылығым ерекше еді, – деп еске алады кейіпкеріміз.

Оқуын үздік тәмамдаған соң, білімін жетілдіру мақсатында Қарағанды қаласына барып, «Дәнекерлеу өндірісінің технологиясы» мамандығы бойынша оқуды жалғастырды. Бұл оған кәсіби тұрғыда шыңдалып, өз ісінің нағыз маманы болуға мүмкіндік берді.

1986 жылы туған жеріне қайта оралып, өзі білім алған училищеде өндірістік оқу шебері болып жұмысқа орналасты. Бұл оның еңбек жолындағы маңызды кезеңдердің бірі болды. Өйткені ол тек дәнекерлеуші болып қана қоймай, кейінгі жастарға білім беріп, өзінің тәжірибесімен бөлісуге мүмкіндік алды.

Темірден түйін түйген нәзік жан

Дәнекерлеу – тек шеберлікті ғана емес, үлкен жауапкершілікті талап ететін мамандық. Бұл салада қателікке жол жоқ, өйткені әрбір дәнекерлеу жұмысы құрылымның беріктігі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан Ниякүл Нәбиқызы бұл мамандықтың қаншалықты маңызды екенін әрдайым айтып, шәкірттеріне тәртіп пен қырағылықтың маңыздылығын түсіндіреді.

– Медицина мен дәнекерлеуші мамандығын сырттай оқып алуға болмайды. Бұл – практиканы қажет ететін күрделі сала. Көзбен көріп, қолмен жасап, барлық қыр-сырын меңгеру керек, – дейді ол.

Ол еңбек еткен жылдары көптеген шәкірт тәрбиелеп, олардың кәсіби маман атануына ықпал етті. Бүгінде көптеген жас маман оның үйреткен білімі мен тәжірибесінің арқасында өндіріс орындарында табысты еңбек етіп жүр.

40 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп, өз ісіне адалдық танытқан Ниякүл Дәулетбаева бүгінде құрметті де тәжірибелі ұстаз. Ол өз ісінің шебері ғана емес, сонымен қатар, әйел адамның кез келген салада табысқа жетуге қабілетті екенін дәлелдей білген жандардың бірі.

– Бұл мамандықтың денсаулыққа зиян екенін айтып жатпаса да түсінікті шығар. Түрлі ултьрасәуле мен тоқтың күші не дегенмен әсер етпей қоймайды. Қауіпсіздік ережесін сақтау маңызды. Дегенмен осыншама қауіпті біле тұра, өз мамандығыңды сүйетін болсаң, жұмысың нәтижелі болатыны анық, – дейді кейіпкеріміз.

Еңбек нарығында білікті дәнекерлеушілерге сұраныс жоғары. Кейіпкеріміз бүгінде Исатай Әбдікәрмов атындағы техникалық жоғары колледжінде шәкірт тәрбиелеп, ынталы жастардың көптігін алға тартты. Айтуынша, қазір жұмысшы мамандықтарына деген сұраныс жоғары.

«Еңбек – бәрін жеңбек» деген ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған Ниякүл Дәулетбаева – болашақ мамандар үшін қайталанбас үлгі, ал оның қажырлы еңбегі – адалдық пен табандылықтың айқын көрінісі десе, жаңылмаймыз.

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!