Фото: Sputnik / Абзал Калиев
Sputnik.kz. Елімізде 28 мыңнан астам азамат белгіленбеген жерлерден теміржолды кесіп өткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері көліктегі полиция департаменті белгіленбеген жерлерден теміржолдарды кесіп өткені үшін 28 589 тұлғаны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Оның ішінде адамдардың болуына байланысты – 205, жануарлардың болуына байланысты – 956. 55 азамат пойыз астына түсіп, олардың жартысынан көбі қайтыс болды.
Департамент бастығы Бақытжан Малыбаевтың айтуынша, демалыс күндері Жетісу облысы Қарабұлақ – Талдықорған аралығында жүк пойызы белгіленбеген жерден темір жолды кесіп өтіп бара жатқан ер адамды қағып кетті. Ол алған жарақаттарынан сол жерде көз жұмды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде.
«Өкінішке орай, қайғылы оқиғалардың көпшілігі теміржолда жүріп-тұру ережелерін сақтамау салдарынан болады. Әлі күнге дейін адамдар теміржолдың қаншалықты қауіпті аймақ екендігін, оның зардаптарын жете түсінбейді», – деді Б.Малыбаев.
Көлік полицейлері профилактикалық іс-шараларды жүргізу кезінде азаматтарға теміржол аймағында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет екенін жиі ескертеді. Жаяу жүргіншілердің төсем арқылы өтпес бұрын теміржолда пойыздың, локомотивтің немесе вагондардың жоқтығына әбден көз жеткізгендері жөн. Тіпті, пойыздың сигналын есту үшін құлаққап пен бас киімді шешіп өту өте маңызды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!