Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» – қоғам назарын еңбек адамына бұруға бағытталған маңызды шешім болды. Жұмысшы таптың шынайы жағдайы мен оны қолдау жолдарын бұрыннан ұстанатын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының Қызылорда облыстық филиалы жұмысшылармен кездесулерде нақты ұсыныстарды жинақтап, тиісті орындармен бірлесе шешіп, нәтижелерін халыққа беріп келеді.
Қызылорда облыстық партия филиалының төрағасы, облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Нұрбек Дәуренбеков былтырдан бері бірқатар өндірістік нысандарда еңбек ұжымдарында көтерілген мәселелерді билікке жеткізіп келеді. Кеше болған «ҚТЖ Ұлттық компаниясы» АҚ Қызылорда магистралдық желі бөлімшесінің қызметкерлерімен болған кездесуде, осы бағыттағы жүйелі жұмыстардың жалғасы. Қызылорда теміржол бекетінде өткен бұл басқосу формалды жиыннан гөрі нақты мәселелердің ашық айтылып, ұсыныстардың ортаға салынған диалог алаңы болды. Басқосуда сөз алған Нұрбек Сағатұлы салада мәселелер жеткілікті екенін айтып, айтылған ұсыныстарды салалық министрлікке жолданатынын айтты.
– Сіздердің күн-түн демей, аптапта да, аязда да елге қызмет етіп жүргендеріңіз – нағыз ерлік. Қауіп-қатерге қарамай, пойыз кестесінен ауытқымауы – темірдей тәртіп пен зор жауапкершіліктің үлгісі. Бүгінде, өкінішке қарай, қоғамда жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылық азайып барады. Ал жұмысшының беделін көтеру – ұлттың болашағын ойлау деген сөз. Өйткені елдің іргесін нығайтып, шаңырағын биік ететін де – өздеріңіздей еңбек адамдары. Біздің партия – Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – әділдік пен еңбек құндылықтарын ту етіп көтеріп келеді. Біз үшін бірінші орында еңбек адамы тұруы керек – яғни жұмысшының құқығы мен тұрмыс сапасы басты назарда ұстаймыз. Себебі әділетті қоғам ең алдымен жұмысшыға лайықты жағдай жасаудан басталады. Алайда жұмысшы мамандықтарына деген көзқарас екінші қатарға ысырылып келеді. Жастар көбіне кеңсе қызметін қалайды. Бірақ шынайы өнім өндіріп, елге табыс әкеліп жүргендер – өз қолымен еңбек ететін сіздер сияқты жандар. Егер нақты ұсыныс-пікір айтсаңыздар, біз оны облыстық не республикалық деңгейге дейін көтеруге, тіпті заң жобалары деңгейінде қорғауға дайынбыз, – деді ол.
Кездесу барысында теміржол саласы қызметкерлері бірқатар әлеуметтік және кәсіби мәселелерді көтеріп, нақты қадамдар керектігін жеткізді. Ең алдымен, сала қызметкерлерінің балаларына арналған республикалық деңгейдегі арнайы жазғы лагерь ашу ұсынылды. Бұл бастама тек демалыс қана емес, ұрпақ жалғастығын, теміржол кәсібіне деген қызығушылықты сақтап қалудың бір жолы. Сонымен бірге қызметкерлер тарапынан теміржолшыларға арналған жеке медициналық мекемелер – аурухана, санаторий және курорттық профилакторий құрылса деген ұсыныс айтылды. Қатысушылардың айтуынша, бұл бастама денсаулықты қалпына келтірумен қатар, кәсіби өмірдің сапасын арттырар еді. Кеңестік кезеңде мұндай жүйелер жұмыс істеп тұрған, қазір олардың орны жоқтың қасы.
Кездесуде Қызылорда өңірінде кезінде тек теміржолшыларға арналған 24 балабақша болғаны еске түсірілді. Қазір олардың бірде-бірі жоқ. Сол себепті сала қызметкерлері балабақша мен тұрғын үй секілді әлеуметтік инфрақұрылымдарды қалпына келтіру қажет екенін айтты. Бұл ұсынысты қатысушылар тұрғын үй мәселесімен сабақтастыра отырып, «Отбасы банкі» арқылы теміржолшыларға арналған арнайы ипотекалық бағдарлама әзірлеуді ұсынды. Аз пайызбен берілетін жеңілдетілген несиелер жас мамандарды салада тұрақтандыруға үлкен сеп болар еді.
Кездесуде айтылған өзекті пікірдің бірі – мемлекеттік марапаттарға қатысты болды. Теміржолшылардың айтуынша, салада ондаған жылдар бойы еңбек еткен азаматтардың арасында «Еңбек ері» секілді жоғары марапатқа ие болғандар жоқтың қасы. Сондықтан жұмысшы мамандықтарын ұлықтайтын кезеңде осы кемшілікті түзету қажет. Сонымен қатар, маман даярлау мәселесі де назардан тыс қалмады. Теміржол бағытындағы техникалық мамандықтар қысқарып, дуальды оқыту жүйесі әлсіз дамып келе жатқаны сынға алынды. Қатысушылар кәсіби білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты жаңғыртып, маман тапшылығын алдын алуды ұсынды.
Кездесуде айтылған тағы бір ұсыныс – сала қызметкерлеріне арналған спорт клубтары мен секцияларды дамыту. Физикалық және психологиялық жүктемені жеңілдету үшін спортты өмір салтына айналдыру маңызды екені белгілі. Сонымен қатар, қатысушылар кеңестік кезеңдегі теміржолшыларға жасалған кешенді әлеуметтік қолдау жүйесін мысалға келтіріп, соған ұқсас ұлттық стандарт қабылдау қажеттігін алға тартты.
Жиын соңында ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Нұрбек Дәуренбеков барлық ұсыныстар жүйеленіп, партия атынан ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты Көлік комитетіне, сондай-ақ облыстық қоғамдық кеңеске жолданатынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл кездесулердің басты мақсаты – тек тыңдау емес, нақты әрекетке ұласатын ұсыныстар легін қалыптастыру.
Теміржол – ел тірегі. Ал оның бойында күн-түн демей еңбек етіп жүрген азаматтардың мәселесі – тек бір саланың емес, бүкіл елдің әлеуметтік тұрақтылығының көрсеткіші. Сондықтан көтерілген әрбір мәселе назардан тыс қалмауы тиіс. Жұмысшы жылы құр сөзбен емес, нақты нәтижемен аяқталуы қажет.
Е.СӘРСЕНҰЛЫ,
ЖСДП Қызылорда облыстық филиалының хатшысы
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!