Мемлекет басшысы атап өткен Арал теңізіне байланысты мәселенің қайта көтерілуі халықты бір қуантты. Бұл – өңірдің экологиялық және әлеуметтік жағдайын жақсартуға жасалған маңызды қадам. Қазіргі таңда Солтүстік Аралдың қалпына келе бастауы, жасыл белдеулердің бой көтеруі және су деңгейінің көтерілуімен қатар балық шаруашылығының жанданып келе жатқаны көңілге үміт ұялатады. Бұрын қаңырап қалған аймақтарда тіршілік қайта жанданып, жергілікті халықтың тұрмыс жағдайы біртіндеп жақсарып келеді.

Арал өңірі бұрынғыдай балық өндірісінің орталығы ретінде қайта жанданса, бұл тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азия экожүйесі үшін де пайдалы болмақ. Бұл үшін халықаралық қауымдастықпен бірлесіп, экологиялық жобаларды қолдау, жаңа технологияларды енгізу және су ресурстарын тиімді пайдалану өте маңызды шешімдер деп білемін. Егер мемлекет тарапынан осы қарқынмен жыл сайын теңіз деңгейін көтеруге бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілсе, бұл экологияға да, халықтың өміріне де үлкен оң әсерін тигізері сөзсіз. Теңіз суының көбеюі тұзды дауылдардың азаюына, жердің құнарлылығының артуына, ауа сапасының жақсаруына ықпал етеді.

Табиғатты қорғау – келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Егер біз бүгін Аралды қалпына келтіруге бар күшімізді салсақ, болашақта өңіріміз теңізімен қайта гүлденіп, туристер көптеп келетін аймаққа айналады деп ойлаймын.

Жаңатай Мұхамбедиев,

балық шаруашылығының ардагері.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!