Фото:https://denezhnye-ruchejki.ru/obzor-novoy-sotsseti-threads/

48 сағат ішінде 70 миллионнан астап қолданушы жинаған «Threads» платформасы сіздің де телефоныңызда бар шығар?!

Иә, кейінгі уақытта әлеуметтік желілердің қатарына жаңадан қосылса да, озып шыққан «Threads» кеңінен талқылануда. Америкалық Meta компаниясы осы жылдың 5 шілдесінде іске қосқан бұл платформа аз уақыт ішінде үлкен аудитория жинап үлгерді. Небәрі 48 сағат ішінде 70 миллионнан,  ал алғашқы тәуліктің өзінде-ақ 30 миллион адам тіркелгені оның қаншалықты сұранысқа ие болғанын анық көрсетіп тұр.

«Threads» – қысқа мәтін, фотосуреттер мен бейнелер жариялауға мүмкіндік беретін, «Twitter»-ге ұқсас микроблог платформа. Бұл желінің басты ерекшелігі ол – «Instagram» желісімен тығыз байланысты.

Қазақстанда да бұл желі өте қарқынды дамып келеді. Сарапшылардың мәліметінше, былтыр еліміздегі «Threads» қолданушыларының саны 1,85 миллион адамға жеткен. Бұл ТМД елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар қолданушылардың 59%-ы әйелдер екені анықталған.

«Threads»-тің қазақы қоғамдағы тағы бір айрықша қыры−  ол тіл мәселесіне деген ықпалы. Бұл платформада қазақ тіліндегі контенттің күрт артуы, ұлттық құндылықтардың жаңғырып келе жатқанының белгісі. Қазақ тілді жазбалардың миллиондаған қаралым жинауы, тіпті шетелдік жұлдыздардың парақшаларында да қазақ қолданушыларының белсенді болуы айқын дәлел. Сонымен қатар отандық танымал тұлғалар да бұл үрдістен тыс қалмай, халықты қазақ тілінде таза әрі сауатты сөйлеуге шақырып келеді. Түрлі челлендж бен бастамалар арқылы олар тілдің қолданыс аясын кеңейтіп, жастар арасында қазақша контенттің танымал болуына ықпал етуде.

Алайда, жаңа қосымшаның көлеңкелі тұстары да аз емес. Әлеуметтік желіде кейде жеке өмір шекарасы бұзылып, кез келген адамның жеке мәселесі көпшіліктің талқысына түсіп жатады. Әсіресе, танымал тұлғалардың әрбір қадамы жіті бақылауға алынып, болмашы қателігі үшін сынның астында қалатыны да бар.

Бұдан бөлек, кейбір қолданушылар өздерінің отбасылық немесе жеке қиындықтарын ашық жариялап, оны көпшілік алдында талқылауға ұсынады. Мұндай әрекеттер бір жағынан шынайылықты көрсеткенімен, екінші жағынан қоғамда теріс пікір мен орынсыз әңгімелердің көбеюіне жол ашады.

Сондықтан «Threads» желісі қазақ қоғамына жаңа серпін берген, тіл мен бірлікті нығайтатын алаң болғанымен, оны пайдалану мәдениеті әрдайым басты назарда болуы тиіс. Әр қолданушы өз жазбасының қоғамға әсерін түсініп, жауапкершілікпен әрекет еткенде ғана бұл желі шынайы пайдалы құралға айнала алады.

Хакім Абай Құнанбайұлы айтпақшы, «Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ –

Бес дұшпаның білсеңіз»         

Ақерке ДАРХАНҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!