Бүгінгі ұрпақтың өмірі экран жарығында. Телефон қолынан түспеген заман тілді де, ойды да, дүниетанымды да өзгертті. Бұрын ауыл ақсақалы айтқан сөз жүрекке жетсе, қазір TikTok-тағы қысқа видео — жаңа ақылшы, жаңа ұстаз. Ал сол жаңа әлемде қазақ тілі қалай өмір сүріп жатыр? Міне, бүгінгі заманның басты сұрағы осы.

TikTok пен YouTube – бүгінгі қоғамның айнасы. Бірі – жылдам әсер мен көңіл көтерудің алаңы, екіншісі – ой мен пікірдің кең базары. Екеуі де қазақтың жаңа буынын тәрбиелеп отыр. Бірақ бұл алаңдарда қазақ тілі өз орнын тапты ма, әлде шет қақпай күй кешіп жүр ме?

Бірақ, өкінішке қарай, интернет кеңістігі – мүмкіндік те, қауіп те.

Қазақ тілі TikTok пен YouTube-та бар, бірақ әрқашан биік деңгейде емес. Кейде шұбар тіл, орынсыз сөз, жеңіл күлкі, арзан даңқ тіліміздің беделін түсіреді.

Қазақша сөйлейтін, бірақ қазақы оймен сөйлей алмайтын контент те көбейіп кетті. Бұл – тілдің сыртқы қабаты бар, ішкі рухы жоқ бейнеге айналуының белгісі.

Қай тілде сөйлесең – сол тілдің тағдырын таңдайсың. YouTube пен TikTok-тағы әр блогер – тіл елшісі. Бірі тілді әспеттейді, бірі оны ұмыттырады. Кей видеоларда қазақ тілі тек фон, сән үшін ғана қолданылады. Бірақ басқа мысалдар бар – жүрекке үміт ұялататын. Мысалы, жастарға мотивация беретін Айберген Мади, психология мен білім жайлы қазақша сөйлейтін жас мамандар, өнер мен ғылымды өз тілінде жеткізетін YouTube жобалар – бұлар тілге жаңа тыныс беріп жүр. Бір заманда Абай мен Ахмет ұлтты сөз арқылы оятса, бүгінгі буын видеомен оятып отыр.

Кейде бір минуттық ролик бүтін бір дәріс, бір өмір сабағына татиды. Қазақ тілі қазір дәл осындай шағын форматтарда да өзін көрсете алуда.

Тілдің ғұмыры – тек кітапта емес, телефон экранында да жалғасып жатыр.

TikTok-тағы балалар «сәлем» деп бастайды, YouTube-та пікір қалдырып, «рахмет» деп аяқтайды – бұл да бір кішкентай, бірақ маңызды өзгеріс. Сөйлеу мәдениеті экраннан басталып, шынайы өмірге ұласып барады. Демек, қазақ тілі цифрлық дәуірге бейімделіп, жаңа ортада өмір сүруге үйреніп келеді. Қазақ тілі өлмейді, егер оны сөйлейтін, түсінетін, сүйетін буын болса. TikTok пен YouTube – сол буынды тәрбиелейтін үлкен мектеп. Тек бұл мектепте сабақтың мазмұнына мән берсек болғаны.

Әр блогер – ұстаз. Әр көрермен – шәкірт. Сондықтан экранда айтылған әр сөз – болашақ ұрпақтың санасына егілген ойдың дәні. Қазақша сөйлейтін контент көбейген сайын, тіліміздің де тамыры тереңдей береді. TikTok пен YouTube – жай көңіл көтеру құралы емес. Бұл — ұлттың болашағы мен тіл тағдыры шешілетін алаң. Қазақ тілі осы кеңістікте өмір сүріп қана қоймай, биіктеуі керек. Сол үшін әр блогер, әр контент жасаушы, әр көрермен – өз үлесін қосуы тиіс.

Біреу әдемі сөзбен, біреу пайдалы оймен, енді бірі таза сөйлеуімен үлес қосады. Сонда ғана қазақ тілі экран жарығынан емес, жүрек жарығынан көрінетін күн туады.

Ақниет САБЫР
290 орта мектептің 9ә-сынып оқушысы
Жетекшісі: Венера Сауяева

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!