Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі ел аумағында TikTok сервисін тарату қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі AKIpress порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Шешім заңнама аясында одан әрі жүзеге асыру үшін Цифрлық даму министрлігіне жіберілді.

Мәдениет министрлігінің мәліметінше, балалардың психикалық дамуы мен денсаулығына кері әсерін тигізетін TikTok әлеуметтік желісінің зиянды әсеріне қатысты бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың шағымдары жиілеп кеткен.

«ТикТок қолданушыны қысқа клиптердің виртуалды әлеміне батырады. Жасөспірімдер оларды көргеннен кейін кейбір бейнелерді қайталауға тырысады. Олардың кейбіреулері өмірге қауіп төндіреді. Сонымен қатар, балалардың психикасы әлі де тұрақсыз. Мұндай желі тәуелділік тудырып, жас ұрпақтың эмоционалдық жағдайына кері әсер етеді”, – делінген хабарламада.

Осыған байланысты Мәдениет министрлігі аталған әлеуметтік желінің мазмұнына мониторинг жүргізді. TikTok қолданбасындағы ақпаратқа қол жеткізу кезінде жас санаты қаралмайтынын анықтады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!