Фото: Zuma / TASS

Бүгінде танымал медиа платформа көп. Соның бірі кейінгі төртжылдықта көш басын бермей келеді. Иә, талайдың танылуына сеп болған Tiktok қосымшасын қолданушылар саны ай сайын 1,1 млрд-тан асады. Осы әлеуметтік желі арқылы жарнама жасап, медиа салада ерекше стилімен танылған тиктокерлердің бүгінгі контенті сапалы ма?

Instagram және TikTok – қазақстандықтардың ең көп қолданатын әлеуметтік желісі. Бұл туралы Datareport зерттеу компаниясы хабарлады. Олар ұсынған мәліметтер бойынша 2023-2024 жыл аралығында әлеуметтік желідегі жеке парақшалар саны 3,7 млн-ға артқан. TikTok-қа иелік ететін қытайлық жеке холдингтік интернет-компания Bytedance- тің осы жылдың басында берген ақпараты бойынша, TikTok-та 18 жастан жоғары қазақстандықтардың 14,1 млн аккаунты тіркелген. Оның 51,1%-ын әйелдер құраса, 48,9%-ы ер адамдар.

Жоғарыда TikTok-тың біздің елде қаншалықты танымал екенін көрсеттік. Байқасақ, желіге деген қызығушылық жоғары. Бұл – ондағы контентмейкерлердің сапалы жұмыс атқарғанынан немесе жай өмірінің қызық сәттерімен бөлісетін қолданушылардың септігінен болар… Әйтеуір елімізде қит етсе өзін «блогер» атайтын жас көп. Мұның ақыры қалай болмақ, бізге беймәлім.

Қош… Бірі TikTok-та би билеп танылса, енді бірі пайдалы контент жасап, халық назарын өзіне аударды. Платформа кеңістігінен тағылымға толы ақпарат та табуға болады. Тіпті кейбірінің бейнеролигі серпіліс сыйлап, жаңа дем береді. Алайда бұл кеңістіктен талғамсыз дүниені де кезіктіресің. Кейінгі кезде «липсинг» (жай ғана әннің сөзіне видео әзірлеу) түсіретін жастар да өздерін жұлдыз санайды.

Танымалдылық – табыс көзіне әкелетін бірден бір күш. Ал бағың жанса, TikTok желісі атағыңды шығара алады. Бәрімізге белгілі факт, ол – қаралымың артып, аудиторияң белсенді болса, компаниялар жарнама ұсынады. Яғни, кейбірі платформадан осылай табыс табады.

Бейне контентпен айналыспай, тек stream-да отыратындар бар. Яғни тікелей эфир арқылы қаралым, лүпіл, жазылушы жинайды, құны 1 тиын тұратын сыйлықтар алады. Стример эфирде көп дүниемен айналысады. Кейде оның қандай пайдасы бар деген де ой туындайды. Олар түрлі жанрда көрермен қызығушылығын туындатады. Мәселен, ASMR форматындағы эфир, компьютерлік ойын, батлға түсу және тағысын тағы. Осы тұста «олар қалай пайда табады?» деген сұрақ келеді. Қазақстандық тиктокерлер эфирде Kaspi.kz банкі есепшотының нөмерін көрсетіп, сол арқылы ақша жинайды.

Әрине, егер қажетті дүние жасап, көрерменге көмек беретін эфир жүргізсе, мұнысы жөн болар еді. Алайда пайдасы жоғы анық білінетін тікелей эфир көбейген. Мәселен, компьютерлік ойын. Оның ішінде ең көп таралған түрі атыс ойындары және көлік айдау. Бірақ тегін ойын үшін ақша аударудың қандай қажеті бар? TikTok-тың кейбір қолданушылары мұның мәнісін түсініп алған.

Көлік ойынында (GTA) қазақша нөмер қоюға болады. Мәселен, «111 NUR 11» делік. Көрермен осы нөмермен стримердің көлік айдағанын қалайды. Ал өз ойын жүзеге асыру үшін ол стримердің есепшотына ақша аударады. Кейбір көрермен эфирдегі әнді өзгерткісі келеді. Ал мұны істеу үшін TikTok-тағы аккаунт иесіне тағы да ақша төлейді. Бұл қарапайым 100 теңгеден басталады, ал кейіннен сан мыңның үстіне шығып, көбейе береді. Көрермен стримға ақша аударып, қажетсіз дүниеге қаражатты ысырап етіп отырғанын байқамайды. Кейбір пікір білдірушілер оларға ақша аудармауын сұрайды. Орнына қаржыны қайырымдылыққа жұмсауын өтінеді. Алайда оларға назар аударып жатқан жан бар ма?

Сондай-ақ стример онлайн ойында Қазақстанның әр қаласының нөмері бар көлікті «дайындап», кейін қатарынан тізіп қойып, сол қала тұрғындарын жарыстырады. «Алматы, сендер Астанадан қаласыңдар ма? Ұту үшін мынадай ақша аударыңдар» деген секілді ойға қонымсыз аргументтермен көрерменнің «жалған» намысын оятады. Солай-ақ жап-жас көрерменді алдап отырып, күніне 500 мың теңгеге дейін ақша табады.

Тікелей эфирде сөйлеу мәдениеті де сақталмайды. Стример не айтқысы келсе, соны айтады, сөйлеу лексикасына балағат сөздерді де қосады. Тоқ етеріне келсек, оларға «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ.

Қазір рухани қызығушылықтың төмен екенін білеміз. Осындай әлеуметтік желідегі цензурасыз ойындар бұл жағдайды одан сайын ушықтыратыны белгілі. Тікелей эфирде ойын үшін танымайтын біреумен жарысып ақша аударғанша, қайырымдылыққа, сапалы контент ұсынуға басымдық бергеніміз абзал. Миллиардтаған қолданушысы бар платформада сұрыпталмаған контенттің көбеюі алаңдатарлық мәселе. Құмарлыққа пара-пар келетін бұл азартты доғару керек. Әрине, мұны естір құлақ, елейтін жан болса…

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!