Фото: pixabay.com

22 сәуірде Мәжілісте Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева TikTok әлеуметтік желісін бұғаттау мәселесі қаралатынын мәлімдеді. Министр бұл әлеуметтік желідегі заңсыз контенттің деңгейіне байланысты деп жауап берді. Министр әлеуметтік желіде алаяқтық пен жалған ақпарат тарату фактілері өршіп келе жатқанын айтты, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Әлеуметтік желілерді ашып қалсаңыз, әртүрлі мазмұндағы контент қаптап тұр, тізімі ұзын-сонар. Есірткі заттарының жарнамасы, порнографиялық материалдар, ересектер мен балалардың қорқытып-үркіту, яғни буллинг, экстремистік сипаттағы материалдар, діни сипаттағы материалдар дегендей. Мониторинг барысы көрсеткендей, бүгінде әлеуметтік желілерде заңсыз контент саны артып келеді. Әлемдік үрдіс, көптеген ел қазір кейбір әлеуметтік желілерді бұғаттауға және одан бас тартуға мәжбүр екенін көрсетіп отыр», – деді ол.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Қазақстанда бұл мәселе заңсыз контенттер деңгейі қаншалықты «басым және қандай көлемде болатындығы» негізінде қаралатын болады.

Депутаттар не деді? 

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев аталған заңның қабылдануымен қатар TikTok-та да құмар ойындарға тыйым салынатынын айтты. Бұл норманы бұзғаны үшін заңнамалық жауапкершілік қарастырылады: екі жылға дейін бас бостандығынан айыру, сондай-ақ үлкен айыппұлдар.

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Қазақстанда TikTok жұмысына бірқатар шектеулер енгізуді және және балама енгізуді ұсынды. Оның айтуынша, түрлі ойындарды жарнамалау, онлайн казино, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, тіпті порнография, суицидке шақыру, былапыт сөздер мен бейәдеп көріністерге толы рилстар да осы TikTok арқылы таралып жатыр.

«Әлеуметтік желіге бесіктен белі шықпаған балалар мен әлі оң-солын танып үлгермеген жасөспірімдеріміздің үйір болуы ата-аналарды қатты алаңдатып отыр. Өкінішке қарай, бүгінгі жастар ата-баба тәлімімен емес, негізінен «TikTok» арқылы тәрбиеленіп жатыр. Онда пайдалы контентпен қатар, баланы жағымсыз әдеттер мен теріс қылықтарға бастайтын бейнематериалдар да аз емес. Хайп қуып, пранк деген желеумен ар-ұяттан аттау әдетке айналды. Балалардың санасын улайтын, түрлі теріс ағымдарға еліктіріп әкететін, олардың санасында қоғам туралы түсінікті дұрыс қалыптастырмайтын контенттерді бұғаттау керек. TikTok-ты кәмелеттік жасқа толмаған балалар үшін қатаң шектеу немесе Қытай тәжірибесіне сәйкес балаларға арналған балама форматын ғана қолдануды енгізуді ұсынамын», – деді Ерлан Сайыров.

Халық қалаулысы Аманжол Әлтай да оның пікіріне қарысы емес. Ол балаларға TikTok-та отыруға тыйым салуды ұсынды.

«Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, 2022 жылы заңға қайшы мазмұндағы 16 мың интернет ресурс анықталған. Өкінішке қарай, телефонға телмірген бүгінгі ұрпақ әлеуметтік желілердің талғамсыз, бала санасына әсер ететін ақпарат тасқынының тұтқынына айналып отыр. Қазақстанда балалар арасында шектеусіз қызмет етіп жатқан TikTok әлеуметтік желісін кәмелетке жасқа толмаған жасөспірімдер арасында тыйым салу керек», – деді Аманжол Әлтай.

Өз кезегінде депутат Елнұр Бейсенбаев TikTok-та құмар ойындардың көрсетілімін ұйымдастыратын барлық аккаунтты бұғаттауды ұсынды.

«TikTok-тағы бұл ойындардың барлығын қазақстандықтар ұйымдастырады. Бұған тыйым салынған. Онда екі жылға дейін бас бостандығын шектеу туралы заңнамалық жауапкершілік, сондай-ақ үлкен айыппұл қарастырылған. Мұны халыққа жеткізу керек. TikTok-та отырған ойын құмарлардың бәрі оларды бұғаттау керек екенін және бұл әрекет заңсыз екенін түсінуі керек», – деді Мәжілісмен.

TikTok-ты бұғаттаудың салдары қалай болмақ? 

Коммуникация маманы, экономист Айбар Олжайдың пайымдауынша, TikTok-ты бұғаттаудың Қазақстан үшін салдары бар.

«Салықтан бөлек, TikTok экономикаға қандай жанама әсер береді, ол эффектіні анықтау және ақшамен есептеу өте қиын. Оны үлкен аудиторлық, консалтингтік компаниялар ғана жасай алады. Жарнама секторы бойынша құрылымына келсек, бір байқағаным TikTok тікелей тауар жарнамасы емес, жеке адам көрсететін қызмет бойынша көбірек жұмыс істейді. Демек TikTok экономиканың нақты секторына, яғни өндіріске еш әсер етпейді деген сөз. Алайда креативті экономика (музыка, кинотуындыларды жарнамалау) және жеке қызметке негізделген шағын бизнеске – психология, астрология, сюцай, хэндмейд, т.б. қатысы бар. Бірақ бұл ретте дәл осы қызметтердің кезінде инстаграм арқылы жүргенін ескерсек, TikTok жалғыз құрал емес, бұған дейін болған құралға балама, яғни оны толықтырушы ретінде рөл атқарып отырғанын байқаймыз. Яғни TikTok болмаса рилс дегендей, шағын бизнестің инстаграмға қайта оралу мүмкіндігі бар. Бұдан бір парадокс пайда болады. TikTok бұғатталып, тура осы контенттер инстаграм рилстеріне көшсе, онда Мета корпорациясымен не істейміз деген сұрақ туатыны анық. Біздегі креативті экономика көлемі шамамен 30 миллиард теңгеден асады. TikTok бұғатталса, осы көлем қысқара ма? Менің ойымша дым да болмайды. Құрылымдық түрде алып қарасақ, TikTok тек құрал ғана. Ол өз бетінше контент жасамайды», – деді экономист Informburo.kz порталына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, TikTok бұғатталуының экономикалық әсері бар және ол әсер біз мүлде күтпеген жақтан – геосаясаттан келуі мүмкін. 

Айта кетейік, 2020 жылдан бастап әлемде бірнеше ел TikTok желісін толықтай немесе ішінара бұғаттады. Мысалы, Үндістанда, Ауғанстанда, Иранда, Қырғызстанда тыйым салынды. Ал ЕО, Ұлыбритания, Канада, Аустралия және Тайваньда үкіметтік құрылғыларға орнатуға рұқсат жоқ; АҚШ-тың 30 штаты мен Нью-Йорк қаласында мемлекеттік қызметшілерге TikTok-ты телефонына орнатуға тыйым салынған. Мұнымен қатар, таяуда Джо Байден аталған әлеуметтік желіні қолдануға тыйым салатын заң жобасына қол қойды. Енді түбінде Қазақстан қандай шешімге келеді? TikTok-ты Қазақстан аумағында бұғаттай ма, әлде, бұрынғыша қалдыра бере ме? Уақыт көрсетеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!